Шекаралы аймақта орналасқан бөрлілік ауылдардың көбі орысша атау алған. Соның бірі Успеновка. Қазекем оны өзіміздің тілге икемдеп Үспен дейді. Қазіргі таңда Успен ауылдық окургі болып аталып жүр. Елді мекеннің неге Успеновка аталғанын білесіз бе? Жердің Қаракемер атауы ауылға сұранып тұрғанын жұрт неге көрмейді?
Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жоғарыда келтірілген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Бүгінгі дерек бүйдейді
Успен ауылының пайда болу тарихы шамамен 1905 жылға келеді. ХХ ғасырдың І-ші жартысында Елек (Елік) өзенінің бойына орыстар қоныстана бастаған. 1929 жылы «Интернационал» атты ұжымшар ашылған. 1954 жылы «Капустин яр» полигоныны айналасындағы жұртты көшіргені белгілі. Сол кезде Жаңақала ауданынан қазақтарды осы ауылға көшіріп әкелген. 1954 жылы совхоз Березовский деп аталған. Оның құрамына Қаракемер, Алға, Жаңаталап округтері кірген.
Мұражай тақтайшасында этнографтар мен тарихшыларды қатты қызықтырған деген сөйлеммен басталатын тақтайшада совхоз директорларының аты мен жасаған жұмыстарынан басқа мәлімет берілмеген екен. Ауылдың тарихын тізбектеп берер мұрағат әзірше табылмай тұр.
-Округімізде 10 ұлт өкілдері тұрып жатыр. Бүгінгі таңда халықтың әлеуеті жақсы деп айта аламыз. Осыған дейін тұрғындар көтерген мәселелердің барлығын оңтайлы шешуге күш салудамыз. Былтыр Ақсай қаласы мен ауыл ортасындағы көлік қатынасы қиыншылық туғызған. Биыл бұл шаруа реттеліп, қалыпқа түсіп келеді. Үш-төрт жылдан бері Жаңаталап аулына баратын жолдағы көпірді су шайып кетіп, көктем мезгілінде қатынас қиындық тудырған. Бұл мәселе де шешімін тауып, көпір құрылысы басталатын болды. Мердігер компания жұмыс жасауға ниетті ауыл азаматтарын қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Жаңа жұмыс орны ашылатындығы тағы бір қуаныш. Жеке үйлерге ауыз су өткізу туралы уәжімізді де айтқан едік. Бұл бағытта да жұмыс атқарылып жатыр. Бәлкім, осы жылы жақсы жаңалық естіліп қалар деп үміттеніп отырмыз. Ауыл ақсақалы Успен атауын қазақшалап Қаракемерге ауыстыруды ұсынған еді. Егер ауыл тұрғындары толық келісім берсе, біз қолдауға дайынбыз, - дейді ауыл әкімі Дотан Исқалиев.
Успен атауы қайдан шыққан?
Қолда бар мәліметтер бойынша, Успеновка атауымен Қазақстанда 7 елді мекен аталса, қырғыз ағайындарда біреу-ақ екен. Ресейде 14 Успеновка болса, Украинаның жеті елді мекені осылай аталатын көрінеді.
Успен немесе Успеновка атауы не орыс, не украин тілінде ешқандай мағына бермейді екен. Деректерге сүйенер болсақ, бұл адамның аты. Демек Ресей мен Украина жеріндегі аталмыш атау елді мекендер Эдуард Николаевич Успенский, Николай Васи́льевич Успенский секілді ақын-жазушыларының құрметіне қойылған делік. Ал бізге бұл атау қашан келіп қалғаны жөнінде ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар Қажымұқан Абдрахманов пен Кенжеғали Ешкеев мынадай пікір қосты:
Мынау жанымыздағы өзеннің ортасына Успенский деген казак келіп диірмен салған. 1952 жылдардың шамасында тың игеруге жасы бар, кәрісі бар орыс және де басқа да ұлттар көп келіп қоныстанады. Содан су көтеріліп, арғы бетке өте алмай, осы айналаға үй сала бастаған. Содан бастап осы жер Успеновка аталып кеткен.
Бір деректерде 1906 жылы Успенский деген кісі осында қоныстанып, содан елдің аты осылай қалыптасқан делінді. Енді бір пікір Успен ауылының аты мерекеге байланысты аталған дейді. Жоғарыдағы екі пікірге ешқандай дерек келтіре алмаймыз. Ал христиандарда Успе́ние Пресвято́й Богоро́дицы атты мерекенің бар екендігі белгілі. Бұл мейрам Бақытты Марияның өмірден өткен күніне байланысты тойланады екен. Егер уағында бұл ауылда өзге ұлт өкілдерінің көп болғанын ескерсек, бұл нұсқаны да жоққа шығаруға болмас.
Жердің тарихын жіктесек
Ертеректе бұл аймақта ел болмаған. Бұл жер Құсайын деген байдың жері болған деседі.
Қаракемер елді мекенінде тегістей қазақтар тұрды. Қазіргі сол маңдағы қырат биік тау болды. Жаңаталапқа кетіп бара жатырған жолдағы екі таудың етегінде бұлақ ағып жататын. Одан әрмен Балакеткен деген мекен болды. Ол жерде қысы-жазы қатпайтын бұлақ ағатын. Судың беті бір метрднй жылы да, ары қарай мұздай салқын. Қаракемерден басталған бұлақ, Балакеткендегі бұлаққа барып қосылатын-ды. Оған суға түскен адам суға кетеді. Өйткені асты суық, қол-аяқ бірден құрысып қалатындығынан болса керек дейді ақсақалдар.
Қасен түбегі, Зәйден түбегі, Сейтмағамбет түбегі, Келте, Балакеткен секілді жер атауларын бүгінгілер біле бермесі анық. Абыздарымыздың аузынан шыққанды іліп алып, пайдаға асырсақ кем қалмаймыз-ау. Қазақы қалыпқа сыйып тұрған атауларды қайтарып, жаңғыртатын уақыт келген сыңайлы.
Қаракемер және Ұлы Отан соғысы
-Үлкендерден естуіміз бойынша соғыс жылдарында Қаракемерде де қиын жағдай орнаған. Тәртіп тым қатал болған. Көшеде біреу бір бөтелке сүт алып келе жатса, басқарманың әйелі төгіп тастайтын көрінеді. Қаракемерде екі қара ағаш шолан болған деседі. Сол екеуінде толған қойдың еті болыпты. Қыста солдаттарға шұлық, қолғап тоқиды. Аптасына бір үйге бес шұлық пен бес қолғап тапсыру міндеттелген. Әйелдер күндіз елмен бірге мал бағып, қора тазалайтын, кешкісін тоқумен айналысатын болған. Қыстың қақаған суығында тапсырманы толық орындау үшін қой қырыққан. Содан аязға шыдамай қой қырылған. Қойдың терісін сыпырып, қара шоланға тастайды. Бірақ ешкімге грамм ет берілмейді. Кішкентай балалар аштықтан ісініп-ісініп өлген жағдайлар болған. Үлкендердің аузынан бізге жеткені осы болды дейді, - Қажымұқан ақсақал.
-Қазір көбі естен шығып кетті ғой. Есімде қалған соғыс жылдарының естелігін айтып көрейін. 1941 жылы інім қырқынан шықпай жатып, анамыз еңбекке араласты. Араласу қажет болды. Ауылдан 9-10 шақырым қашықта оба бар. Сол шамада бигада болды. Анамыз сонда барып тамақ пісірді. Үйдегі жалғыз сиырды сабанға жегеміз. Жұмыс біткесін кішкентайға сүт болсын деп сиырды кейін қарай жетелеп келеді. Кей кездерде сауыншыларға болысып, артысып-тартысып жүріп сүт алады. Оны түн ішінде иінағашпен жаяулатып ауылға әкелетін. Қарап отырсаң бәрі ұрпағын жеткізудің амалы ғой. Мұндай оқиғалар көп болды. Менің айтып отырғаным шет жағы ғана,-деп естелігімен бөліседі ауыл тұрғыны Кенжеғали Ишкеев.
Оқиғалардың барлығын тыңдай отырып, кітаптан оқып, естіп біліп жүрген небір әңгімелер осы өңірлердің өзінде де болғанына сенесің. Сол сенім соғыс жылдарындағы біздің ауданның тарихы толық зерттеліп бітпегенін бетке басып тұрғандай.
Қаракемер атауы Успенді алмастыруға сұранып тұр
Ауылым Қаракемер аңғарында,
Ер жігіт алашаңдайды мал барында.
Жылқысы біздің елдің ала мойын,
Су ішіп мына иіннен салады ойын, - деген әдемі ән болыпты ертеректе. Оны ақсақалдар әр жерінен айтқандары болмаса, толық жатқа білмейді екен. Тарихын түгендемеген жерден өлеңді толық жазып алар жан шықпаған. Ешқандай жазба да қалмаған екен.
Қаракемер – сөзінің бірінші сыңарындағы қара сөзі «үлкен, зор» мәнінде қолданылып тұрса, екінші сыңарындағы иран тілінде кемер «бір жақ қабағы биік су орған арна» мағынасындағы сөз. Демек, атаудың тікелей өзенмен байланысы бар деген сөз.
Сонымен қатар қазақта «кемерінен асты», «кемеріне келді» секілді өлшемдер кездеседі. Ақсақалдар әңгімесінен ауылдың төңірегінде судың мол болғанын білген едік. Сонда судың көтерілуі мен тасуы себебінен Қаракемер деп аталуы ықтимал екендігі өздігінен ойға оралады.
Ал тағы бір нұсқада кемер − белбеу, белдік мағынасын беретіні расталады. Парсы тілінде камар – бел, мықын мағынасында қолданылады. Ауыз әдебиетіміздегі «Алпамыс батыр» жырындағы :
Саймандарын сайланып,
Алтыннан кемер байланып,
Жылқыға қарай жөнелді, - деп келетін жолдар сөзімізге дәлел бола алады.
Ауылдың Қаракемер аталуының өзі тегін еместігін айқындайды. Тарихи тағылымы мол, мағынасы мазмұнды атауды ауылға неге бермеске. Болашағы жарқын елдің ұрпағы аулының атын кеуде керіп мақтанышпен айтқанда, оның тарихына да қанық болуы ең бірінші аксиома. Сіздің жауап қандай болар еді.
Сөз соңы
Успен ауылы турасында жиған ақпарат осындай болды. Қаракемер хақында да біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Түтіні түзу шығып, табиғаты тамылжып тұрған, тірлігі тиянақты ауылдың тыныс-тіршілігін баяндап өттік. Жазғанымыздан жағымды ақпарат алсаңыз біз үшін одан асқан қуаныш жоқ.
Тек, аядай ауылдың атауы тартыс тудырып тұрғандығы көңілге кірбің түсіреді.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz