«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы Жәнібек аудандық пайдалану учаскесінің тарихына көз жүгіртетін болсақ, оның іргетасы 1971 жылы қаланып, аудандық №1 жылжымалы механикаландырылған колоннаның арна (канал) құрылысын салудан басталған. Кейін, дәлірек айтқанда, 1976 жылғы 26 маусымда Жәнібек аудандық су шаруашылығы басқармасы құрылады.
Сол жылдарда аталмыш басқарма арқылы ауданды сумен жабдықтауда қыруар жұмыстар атқарылды. Жерді мелиорациялау мен оны ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануда суару-суландыру жүйелерінің техникалық жағдайын жақсартып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыруда және одан тұрақты өнім алуда көптеген шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде ауданда мыңдаған гектар алқап суландырылып, тұрақты суарылатын жер көлемі көбейді. Онда негізінен мал азықтық дақылдар мен екпе шөптер және бау-бақша өсірілді. Көлдете суарылатын жүйе салынып, пайдалануға берілді. Мұның өзі жер қайтарымын арттырып, шаруашылықтарда тұрақты да мол өнім жиналуына бірден-бір негіз болды.
- Бүгінгі Жәнібек аудандық пайдалану учаскесі аталмыш басқарманың заңды мұрагері ретінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызмет көрсету аймағындағы елді мекендер мен шаруашылық құрылымдарын техникалық сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асырып келеді. Судың негізгі көзі Ресей Федерациясының Волгоград су қоймасынан алынып, Палласовка магистралды арнасы арқылы Қамысты ауылдық округіндегі Жәнібек суару-суландыру жүйесіне жіберіледі. Мұнда су айдайтын насос стансасы орналасқан. Ондағы үш агрегаттың екеуі жұмыс істеп, біреуі резервте тұр. Бір агрегаттың қуаттылығы 315 кВт құраса, бір агрегат сағатына 5000 текше метр су айдауға қауқарлы. Қазіргі таңда аудандық пайдалану учаскесінің теңгерімінде, яғни республикалық меншікке қарайтын жалпы ұзындығы 174,98 шақырымды құрайтын магистралды және таратушы арналар болса, сондай-ақ таратушы арна арқылы келетін суды жан-жаққа таратып тұратын жеткізуші арналар мен 65 су тоғаны бар, - дейді аудандық пайдалану учаскесінің басшысы Нұрлан Жүнісов.
Оның айтуынша, өткен жылғы су беру маусымы жоспарға сай ұйымшылдықпен өткізілген. Мемлекеттік бюджеттен 525,505 млн теңге қаражат бөлініп, ауданымызға 22 млн 700 мың текше метр Еділ өзенінің суы айдалып, арналар мен су тоғандары толтырылған. Десек те, ұзақ жылдар бойы магистралды және коммуналдық меншіктегі арналарға тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан су жолдарын топырақ басып, қамыс өсіп, айдалған судың біршама бөлігі соңғы нүктесіне жеткенше жолшыбай жерге сіңіп, бу болып ұшып кетеді екен. Су тоғандарының да әбден тозығы жетіп, ескірген. Тайыз. Осының бәрі сайып келгенде, судың шамадан тыс ысырап болуына әкеп соғатын көрінеді.
- Нәтижесінде магистралды арнаның 35 шақырымы, Р-2 таратушы арнаның 35,2 және Р-3 таратушы арнаның 27,9 шақырымының бір жақ беті ғана ішінара тереңдетіліп қазылды. Өткен жылы аудандағы су қоймаларына судың келуін жақсарту мақсатында Қамысты ауылдық округінің коммуналдық меншігіне облыстық бюджеттен 75 522 608 теңге қаражат бөлініп, арна бойындағы 13 өткелдің, суды ашу, тоқтату құрылғыларының құрылысын жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Үстіміздегі жылы қолданыстағы тоғандарға су беруді және лиманды сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Ұзынкөл ауылдық округіндегі Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Осыған орай КП-6, КП-15 арнасын жаңғырту, реттегіш түтіктерін, арнадан өту құбырларын, 1 су тоғанын салу жұмыстары қарастырылған. Құрылыстың сметалық құны – 62 496 637,2 теңге. Бүгінде мердігер «Қоңыр сервис БҚО» ЖШС су арнасы мен тоғанды қазу жұмыстарын жүргізуде.
Аудандық пайдалану учаскесі арқылы Ресейден сатып алынатын Еділ өзенінің суымен ауданымыздың жеті ауылдық округі мен көршілес Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылдық округі қамтылуда. Ауданға алынатын су мөлшері жылдан жылға кеміп барады. Биыл ауданға қажетті су көлемі 19 млн 648 мың 136 текшеметрді құраса, содан күні бүгінге 11 млн 990 мың текшеметр су алынып отыр. Осы ретте Жәнібек, Қамысты және Ұзынкөл ауылдық округтеріне тиісінше 2 млн 600 мың, Тау ауылдық округіне 2 млн 248 мың 136, Күйгенкөл, Ақоба ауылдық округтеріне 2 млн 500 мың және 1 млн 900 мың, Тегісшіл елді мекеніне 2 млн 400 мың, Мұратсай ауылдық округіне 2 млн 800 мың текшеметр су жіберіледі деп жоспарлануда. Су жаз және күз маусымында кесте бойынша екі рет берілетін болса, әзірге күзгісіне қаражат көзі қарастырылған жоқ. Айта кету керек, Ресейден сатып алынатын суды тұтынушыларға жеткізудің шығындары толықтай мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтеледі, яғни біздің аудан санитарлық-экологиялық аймаққа жататын аудан болғандықтан, тұрғындар мен шаруашылық құрылымдары суды тегін пайдаланады, - дейді Нұрлан Қабашұлы.
Еділ суын тиімді пайдалану аса маңызды мәселенің бірі екен. Аудандық пайдалану учаскесі басшысының сөзіне сүйенсек, Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге елді мекенінің тұсынан арна бойына орнатылған қондырғыны бөгеп, Мұратсай ауылының тоғанына баратын суды жібермеу оқиғасы орын алған. Соның салдарынан кесте бойынша берілетін судың уақтылы жеткізілуіне кедергі келтірген.
- Мұндай жағдайлар қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмауына немесе бұзылуына әкеп соғуда. Заңнамаға сәйкес суды пайдалану жөніндегі белгіленген талаптар мен шарттар орындалмаған жағдайда, осындай бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғалар белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. ҚР Су кодексіне сәйкес аудан аумағындағы су арналары мен гидротехникалық құрылғылар «Қазсушар» РМК-ның меншігі болып табылады. Аталған кодекстің 90-бабы 7-тармағына сай ауылдық округтерде сумен жабдықтауды сол аумақтардың әкімдері ұйымдастырады. Осыған орай ауыл әкімдерінен округ аумағындағы су арналары мен осы жүйелерде орнатылған гидротехникалық құрылғылардың сақталуын, олардың бұзылуына және бөгелуіне жол бермеуді қамтамасыз ету бағытында қажетті шараларды жүзеге асыруды сұраймын. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда Су кодексінің 138-бабына сай өз бетінше басып алынған су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстары заңсыз пайдаланылған уақыт ішінде ҚР су заңдарының бұзылуынан келтірілген зиян өтеліп, иесіне қайтарылатындығы жөнінде қаперіне саламын. Сондай-ақ ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі 141-бабының 1 және 2 тармақтарына сай: су нысандарын заңсыз басып алу, оның ішінде сарқынды және басқа да суды ағызу, суды заңсыз пайдалану, су пайдалану құқығын басқаға беру, т.б. мәмілелер жасау – жеке тұлғаларға отыз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Лимиттерді бұзып су алу, рұқсат берілген көлемнен асыру, гидротехникалық жұмыстарды заңсыз жүргізу жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондықтан барша су пайдаланушыларды су пайдалану жөніндегі заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Сонымен бірге су жүйелерінде ақау орын алған жағдайда жедел түрде бізге хабарласуларын сұраймын. Сонда ғана біз ауданға берілетін суды толық көлемде алып, оны тиімді әрі үнемді пайдалануға қол жеткіземіз, - деді учаске басшысы бізбен әңгімесінде.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz