8.12.2020, 17:15
Оқылды: 58

100 адамды жұмыспен қамтыған  кәсіпкер

Орал қаласындағы «Нұрдәулет» жеке кәсіпкерлігі 2011 жылы тіркеліп, металл бұйымдарын өндірумен айналысып келеді. Шикізатты шаһардағы сауда орындарынан сатып алып, іске жаратады. Кәсіпкерлік иесі, кәсіпкер Есенаман Жарылғасовтың айтуынша, бұдан 14 жыл бұрын алғаш рет металл қалдықтарын қабылдайтын жерден тұрғын үйдің жылу жүйесіне су жинақтайтын тесік бөшкені сатып алып дәнекерлейді. Оны көрген бір танысы әлгі бөшкеге жата-жармасып «құда» түседі. Содан сұрастырып көрсе, шаһардағы жаңадан салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің иелері арасында мұндай жабдық үлкен сұранысқа ие екен. Осылайша жас жігіт ата-бабамыздан мұра боп қалған ұсталық өнерін дамытып, өзге де тұрмыстық темір бұйымдарын жасауды қолға алғанды.

кәс 1

– Қазір кәсіпкерлікке ден қойғысы келген жастарды мемлекет есебінен оқытады, жас кәсіпкерлерге өзара тәжірибе алмасуға шетелдік мамандарды шақыртады, кәсібін дамытсын деп түрлі көрмелерге жібереді, оқыту курстарында білім-білігін тегін шыңдайды. Одан басқа ғаламтордан, ютубтан түрлі бейнежазбаларды қарап, кәсібіңді одан әрі дамытуға мүмкіндік зор. Мен кәсібімді бастаған 2006 жылы мұндай мемлекеттік қолдау-көмек болған жоқ. Ол кезде бізге ақша тауып, бала-шағаны асырау мұрат болды. Төтенше жағдай қызметі саласында еңбек ете жүріп, қол баста бөшке жасаумен айналыстым. Содан бірте-бірте жылыту батареяларын жасауға тапсырыстар түсті. Осылайша жеке кәсіпкерлікті біржолата қолға алып, досым Бауыржан Молдашев екеуміз темірден бұйымдар жасауды жолға қойдық, - деді Есенаман Камалұлы.

кәс 2

Екі жігіт шағын цехта жасалған темір бұйымдарын орталық базардағы таныстары арқылы тұтынушыларға сататын. Сонда олар бір метр жарым жерді жалға алып, ұсталардың жасаған бұйымдарын сататын алыпсатар өнім өндірушіге қарағанда екі есе пайда табатынын айқын аңғарды. Содан бұлар да базардан жер алып, өнімдерін өздері саттыққа шығарды. Қазіргі уақытта екі жігіттің әрқайсысы өз алдына кәсіптерін өркендетіп, дамытуда.

– Басында өндірілетін темір бұйымдарына сапа сертификатын алу жөнінде талап қойылмады. 2012-2013 жылдары елімізде өндірілетін өнімдердің сертификаттарының болуы сұрала бастады. Сол кезде газ қазандықтарын өткізе алмадық.  Өнімдерге сертификат алу оңайға түспеді. Тиісті мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне жолыққанымызда, олар елімізде тұрмыстық темір бұйымдарға сертификат жасалмағанын айтты. Үш жыл өткеннен кейін ондай сертификатты Ресейден, Мәскеу қаласынан сатып алғанбыз. Қазір өзімізде жасалатын зауыттық «Сигналь» газбен жылыту қазандығына ТМД сертификаты  бар, - деп еске алады Есенаман.

Кәсіпкерлік темір есік, балалар әткеншегі, қоқыс жәшігі, орындықтар, гүл салғыштар, қоршаулар, түрлі қақпа, пластикалық терезелер, су бөшкелері, газбен жылыту қазандықтары сықылды өз өнімдерін негізінен жеке тұлғаларға өткізеді. Қыста темір бұйымдарына сұраныс азаяды, алайда өнімдер дайындалып, қоймаларға жаздыгүнгі сұранысты өтеуге жиналады.

Кәсіпкер Е.Жарылғасов РУ-170/3 түзету мекемесіндегі сотталған 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Олардың ішінде пластикалық терезе жасаушылар, қаңылтыршылар, тігіншілер бар. Барлығына еңбек өнімділігіне қарай жалақы төленеді. Коронавирус пандемиясы басталған кезде батысқазақстандықтар тұмшадан тапшылық көргені мәлім. Сол уақытта осы жеке кәсіпкерліктің тігіншілері күніне 4000 тұмша тігіп, еліміздегі «жаман» дерттің алдын алуға үлестерін қосты. Қазір кәсіпкерліктегілер бір реттік дәрігерлік қорғаныс киімдерін тігуде. Кәсіпкерлікте жұмыс істейтін жұмысшылар ағаштан ет астауын, нарды, кәдесыйлық кемелер жасайды.

кәс 3

– Қазіргі уақытта айына 200-300 мың теңгеге жұмыс істейтін қарапайым жұмысшы-дәнекерлеуші табу қиын. Өндірістік базадағы цехтарда және өнімдерін сататын «Иса» дүкеніндегі сатушылар, жүк түсірушілерді қоса алғанда 30 адам нәпақасын тауып жүр. Сонда барлығы 100 адамды жұмыс-пен қамтып отырмыз. Салық және салықтық төлемдерді, өзге де әлеуметтік аударымдарды уақтылы төлейміз, - деді Е.Жарылғасов.

Тайпақ жұртындағылар Жарылғасовтардың әулетінің еңбекқор екенін жақсы біледі. Бір кездері «Котельников» кеңшарында Нағима Жарылғасова есімді атақты шопан апа болды. Ол кісі – Есенаманның әкесінің әпкесі. Ал кәсіпкердің әкесі Камал ұзақ жылдар бойы жылжымалы-механикалық колонна мекемесінде, коммуналдық шаруашылық бөлімінде су таситын көлік айдап, ауылдастарының құрметіне бөленді. Біздің кейіпкеріміз – сондай отбасында тәрбие-тәлім алған 10 баланың біреуі. Есенаман – елжандылығымен ауыл-аймағына танылған азаматтардың бірі. Бірер жыл бұрын өзінің туған ауылы Тайпақтың кіреберіс жолын жарықтандыру жобасын кәсіпкер Жандос Айтмағанбетов екеуі сәтті жүзеге асырды. Жобаға 13 млн 780 мың теңге қаражат жұмсалды. Жоба аясында Орал-Атырау күрежолынан ауыл ішіне дейінгі жол бойына 70-тен астам темірбетонды баған орнатып, әрбіреуі 11 мың теңге болатын жарық үнемдегіш шамдарын орнатты. Мұндай шамдарды Есенаманның Малайзиядан алдырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өткен жылы ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқаны және туған өлкенің дамуына қосқан үлесі үшін дәстүрлі «Жомарт жүрек-2019» меценаттар форумына қатысып, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қолынан «Туған өлке» аталымы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығын алды. Кәсіпкер өзінің туып-өскен жеріне әр уақытта көмектесіп, қайырымдылық шаралардан қағыс қалмайды. Өйткені Елбасының рухани жаңғыру бағытындағы идеялары қоғамның санасына тың серпін беріп, жалпыұлттық мұратқа ұйыстырады. Бір сөзбен айтқанда, бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілгін біркісідей түсінеді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале