ҚР Президентінің Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлығына сәйкес биыл 31 қазаннан бастап облыстық сайлау комиссиялары жұмысын бастады. Осы күннен аумақтық комиссиялардың құрамы, 5 қарашада шекаралары белгіленді. Ал 10 қарашадан үміткерлерді тіркеу басталып, 4 желтоқсанға дейін ұсыныстарын түсірді.
Жақында «Орал өңірі» газетіне жарияланған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Nut Otan», «Ақжол», «Adal» және «Ауыл» сияқты үш партия тіркеліп отырғанын айтты.
– Қазір «Ауыл» партиясы өзінің тізімдерін нақтылай түсуде. «Халықтық» партия Парламент Мәжілісіне қатысамыз, мәслихаттарға қатыспаймыз деп ұсыныс жасады. Қазір аудан бойынша 22 учаске құрылды. Учаскелер сайлауға қажетті жағдайлардың барлығымен қамтамасыз етілді. Әрбір сайлау учаскелері бойынша арнайы паспорттар түзілді. Партияларды тіркеу 10 желтоқсанда аяқталды. Содан кейін үгітнасихат жұмыстары басталады. Аудандық мәслихаттар бойынша сайлауға қатысатын депутаттыққа үміткерлердің аты-жөні жергілікті басылымдарда жарияланды, сайттарда бар. Ауданымызда жарнамалық қалқандарды орналастыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде сайлау комиссиялары тұрғындарды сайлауға қатысуға шақыруды, олардың сайлауға келуін қамтуды негізгі мақсат етіп отыр. Сайлау – елімізде болатын үлкен саяси науқан. Сондықтан өзіміз қалаған үміткерлерге дауысымызды беріп, сайлауға жаппай қатысқан дұрыс деп ойлаймыз, - дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Нұрмақов.
Сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, 10 қаңтарда өткізілетін сайлауда жаһанды жайлаған індетке қарсы сақтық шаралары қабылданады. Ең бастысы, сайлау комиссияларының мүшелері өздері аурудан барынша сақтанулары керек. Сайлау өтетін учаскелерде коронавирусқа қарсы қажетті құралдардың барлығы да болғаны дұрыс. Аурудың алдын алу мақсатында аудандық сайлау комиссиялары сақтық шараларын мықтап қолға алды. Сайлау өтетін жерде қолғап, тұмша, қызу өлшегіш, антисептиктер міндетті түрде болуы тиіс. Бұл бұрын-соңды өткізіліп жүрген сайлауда кездеспеген жұмыстар болғанымен, карантинге байланысты осы істерді атқаруға тура келеді. Жұртшылық сайлауға келген кезде арақашықтықты сақтап, бір-біріне тым жақындамай тұруының өзі де қажетті шара.
– Жұмыс барысына келсек, сайлау өткізілетін учаскелердің ішін жуып, жиі желдетіп тұру шаралары қолға алынды. Індетке қарсы барлық сақтық шарасын жүзеге асырудың өзі біз үшін өзекті мәселе болып саналады. Сол сияқты сайлауға байланысты үгіт-насихат құралдарын дайындау, ілу жұмыстары кезек күттірмес істің қатарында. Сондай-ақ теледидар арқылы сайлауға қатысатын үміткерлердің дебаттарын өткізу керек. Бұған әр партия өздерінің жан-жақты, білімді де білікті санайтын үміткерлерін жібереді. Олар бағдарламасы туралы айтады. Бұл тікелей эфирдің көмегімен тұрғындарға көрсетіледі. Бұның өзі бұрын болмаған жайт. Қазір осыған үлкен дайындық үстіндеміз, - деді Асқар Нұрмақов.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы бұдан соң үміткерлердің 10 желтоқсаннан бастап сайлаушылармен кездесу өткізетінін баян етті. Кездесу өткізілетін орындарда пандемияға қарсы сақтық шаралары жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар сайлау комиссияларының бюллетеньді жеткізу, оны сақтау, дайындау сияқты жұмыстары тағы бар. Әрбір сайлаушыға шақыру билеті апарылып беріледі. Осындай жұмыс барысында өзге де жағдайлар кездеседі. Вахталы әдіспен жұмыс істейтін азаматтарға да сайлауға қатысуға мүмкіндік жасалуы қажет. Сондай-ақ әрбір сайлаушы 10 желтоқсанға дейін сайлау комиссиясына келіп, өзінің қай жерге тіркелгенін біліп алуы керек. Мұның бәрімен сайлау комиссиялары хабардар етуде. Әр сайлаушы қай учаскеде дауыс беретінін біліп отыруы керек. Биыл сайлау комиссиясында қосымша тізім болмайды. Сондықтан қайсыбіреулер тап сайлау күні келіп, «Неге тізімде емеспін?» деп дауыс көтермегені жөн. Сайлаудан бұрын телефон арқылы «Қай учаскеде дауыс беремін? Тізімде бармын ба, жоқпын ба?» деген сауалды қойып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіргені абзал. Биыл 21 желтоқсанға дейін сайлау комиссиялары сайлаушылардың тізімін алады. Соған дейін сайлаушылар жоғарыда айтқандай сайлау комиссияларына хабарласуы қажет. Бүгінгі шақта студенттердің барлығы да қашықтан оқуда. Көпшілігі ауылда болғандықтан, олар сол тұрған жерінде тіркеліп, сайлауға қатысуы керек. Колледждердегі студенттер және басқа да жастар сайлауға қатысу үшін психологиялық тұрғыдан өз-өздерін дайындағаны жөн. Сол сияқты пәтер жалдайтын тұрғындар бар. Мәселен, пәтерде тұратындар сайлау учаскесіне өздері келіп, «Осында сайлауға қатысуға мені тізімге кіргізіңізші» деген өтінішпен биыл 10 желтоқсанға дейін арыз жазса, онда оны қабылдап алып, тізімге енгізеді. Бұл жайттардың бәрін сайлау комиссиясының мүшелері түсіндіріп айтуда.
Биылғы сайлауда үш бюллетень болады. Сайлаушылар аудандық (қалалық), облыстық мәслихаттардың және Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлерге дауыс береді. Сайлау комиссияларының мүшелері әрбір үміткердің құжатын қарап, дұрыс-бұрысын тексеруде. Олар салықты және өзге де төлемдерді уақтылы төлеуі және ҚР азаматы болуы керек. Бұрын бір-бір үміткерден депутат сайланса, биыл ол партиялық тізіммен сайланады. Партиялардың тізімінде тұрған үміткерлерді ой таразысынан өткізіп барып, сол партияға дауыс беруге тырысу керек. Сондықтан сайлауға келген күні «Кімге дауыс береміз?» деп басын қатырғанша, күні бұрын партиялардың бағдарламасымен танысып, таразылап, бір тоқтамға келгесін дауыс берген жөн.
– Ауданда алдында айтқанымыздай, 22 учаскелік комиссия бар. Комиссияларға 127 адам жұмысқа тартылды. Олардың орташа жасы – 39. Көпшілігі – біраз жылдан бері комиссия құрамында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Олар мойнына үлкен азаматтық жүк алып отыр. Мұны патриоттық іс деп айтқан жөн.
Сайлауға шетелдерден және республикамыздан байқаушылар келеді. Олармен де жұмыс істейміз. Көпшілік байқаушыны бақылаушы деп шатастырады. Бақылаушы бұл тексеруші, ал байқаушы сайлаудың барысын қарап, байқап отырушы. «Мені бір ұйымдар бақылаушы етіп жіберді, мен тексеруім керек» деп айқай-шу шығарып, кеудесін соғып келетіндер де болады. Бұл – заңсыздық. Біз шетелдіктерге «Біз егеменді елміз, өз заңымыз бар. Сондықтан жұмысымызға араласуыңызға құқыңыз жоқ» деп уәж айта аламыз. Байқаушы сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасамайды. Сайлау комиссиясының жұмысын тексермейді. Ол тек сырттан келіп, сайлаудың қалай өтіп жатқанын байқап отырады. Байқаған кемшіліктері болса айтады. Байқаушыларға заңға сәйкес қандай міндет жүктеледі, соны атқаруы керек.
Негізгі мақсат – сайлауды әділ, таза өткізу. Сайлау заңға сәйкес өтуі керек. Сайлау тәртібінде ешқандай заң бұзушылық болмауы тиіс. Бәрі ашық, бәрі дұрыс болғанын халық көруі керек. Сайлауға қатысып отырған үміткерлер дұшпанымыз емес, барлығы да Қазақстанның азаматтары болып табылады. Барлығы да елге жақсы болсыншы, соған өз үлесімді қосайыншы деген ниетпен сайлауға түскелі тұрғандар.
Сайлау комиссиялары сайлау күні таңғы 7.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Басқа уақытта сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Күн ұзақ отыру керек. 24 сағат ұйықтамай, жұмыс істеудің өзі – сайлау комиссиясы мүшелерінің арқасына түсіп отырған ауыр жүк. Бұған да дұрыс түсіністікпен қарау керек, - деді Асқар Нұрмақов сөзінің соңында.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz