8.01.2021, 17:40
Оқылды: 28

Оралда жаңа инфекциялық аурухана ашылды

Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданында модульдық жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Оның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысып, сөз сөйледі.

 IMG-20210108-WA0018

Облыс әкімі алдымен шараға жиналған тұрғындарды, медицина саласының қызметкерлерін және сала ардагерлерін жаңа жылмен құттықтап, жаңа жыл еліміз үшін берекелі болсын деген ақ тілегін білдірді. Өткен жыл індетпен күрес жылы ретінде есімізде қалатынын және қиын жыл болғанын, әсіресе медициналық ұйым-ұжымдардың, дәрігерлердің, медбикелердің, еден жуушылардың «жаман» аурумен күреске қомақты үлес қосқандарын жеткізді.

IMG-20210108-WA0014

– Медицина қызметкерлерінің індетпен күресте өз денсаулықтарына қауіп төндіріп, демалыссыз, екі-үш аусым қатарынан қызмет істеп жүргендерін көрдік. Көп нәрсе ақ халатты жандардың еңбегіне байланысты дегенімізбен, кейде ауруларға жататын орын табылмай, тұрғындар тарапынан наразылықтар болды. Науқастарға ауруханадан орын табылмай, «Жедел жәрдем» көлігінің ішінде 4-5 сағат орын күткен жағдайлардың болғанын білеміз. Медицина мамандарының тапшылығы да орын алды. Осының барлығы дәрігерлердің қызметіне тікелей байланысты болмады. Біз олардың және еріктілердің қызметтеріне алғыс айтуымыз керек. Өткен жылы 500-ге жуық медициналық қызметкер коронавирус індетіне шалдықты, төрт дәрігеріміз қайтыс болды. Жағдайдың күрделенуі инфрақұрлымның және жабдықтардың жетіспеушілігі мен дайындықтың болмауы салдарынан орын алғанын мойындауымыз керек. Кенеттен келген індетке еліміз түгел дерлік дайын болған жоқ. Тек біздің ел емес, әлемдегі көптеген мемлекет дайын емес еді. Инфрақұрлым, жабдықтар мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы тез салынатын жұқпалы аурулар ауруханаларын салуымыз керек деп тапсырма берген болатын. Ел Үкіметі барлық аймақтарға көмек-қолдауын көрсетті. Республикалық бюджеттен шамамен 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл ғимаратты салу қымбатқа түсті деп сынайтындар да бар. Бірақ меніңше адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ. Қазіргі уақытта жылдам салынатын осындай ауруханалар керек. Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты дегенмен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Сондықтан тұрғындар өз денсаулықтарына мұқият болғандары, сақтық шараларын қолданғандары жөн. Басқа елдерде, көршілес Ресейдің облыстарында ауруханалар жетпей жатыр. Олар науқастарды қабылдау үшін бар ғимараттарын осындай ауруханаға бейімдеуде. Қаламызда жұмыс істеп тұрған жұқпалы аурулар ауруханасы 1964 жылы салынған, өте ескі, 140 орындық. Ол аурухананың жаңа ғимаратын саламыз деп жоспарланғанмен, енді Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 200 орындық жаңа ғимарат салынды. Барлық қажетті жабдықтары бар. Іші ыңғайлы, барлық санитарлық талапқа сай, медицина қызметкерлеріне адамдардың өміріне, денсаулығын сақтауға  дәрігерлік көмек көрсетуге толық жағдай туғызылған деп айтуға болады. Осындай керемет ғимараттың салынып, іске қосылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы ғимаратты құрастырып, іске қосуда сала ардагерлері, басқа саланың мамандары, жеке компаниялардың басшылары бар, баршасы көмектесті. Баршаңызға рақмет айтқым келеді, жаңа жылда індеттен құтылайық, жаңа жылда жақсы күндер көп болғай, - деді Ғали Есқалиев.

IMG-20210108-WA0019

Салтанатты шарада өңір басшысы модульдік аурухананың бейнелік кілтін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надие Ахметоваға табыс етті. Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімін Ғали Есқалиев пен денсаулық сақтау саласының ардагері, дәрігер-инфекционист Ольга Данилова қиды.

IMG-20210108-WA0020

Бұдан кейін шараға жиналған қауым облыс әкімінің бастауымен жаңа аурухананың ішін аралап көрді. Жұртшылыққа күзет пультінің, диспетчерлік бөлменің, клиника-диагностикалық зертхананың, жансақтау, ота жасау, палаталық бөлімшенің, дәрігерлік жәрдем беру, компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, гемодиализ аппараты, бейнебронхоскоп, УЗИ, ЭКГ жабдықтарының бөлмелері көрсетіліп, жұмыстары таныстырылды. Әрбір жансақтау керуеті ИВЛ аппаратымен, гемодинамикалық модуль мониторымен, пульсосимертмен жабдықталған.

IMG-20210108-WA0013

Сонымен қатар гинекологиялық және хирургиялық науқастарға жедел көмек көрсету мақсатында ота бөлмелері жасақталған. Ондағы заманауи жабдықтар науқастың бетін бері қаратуға және өмірін сақтауға көмектеседі.

Аумағы 4 гектардан астам жерді алып жатқан аурухана ғимаратының жалпы алаңы – 6800 шаршы метр. Ауруханада бір стационарлық және екі жылжымалы рентген аппараты бар. Жылжымалы аппараттар жағдайы ауыр науқастарды түсіруге қолданылады. Жансақтау бөлмелеріндегі әр керуетке 20 және ота жасау бөлмесіне 2 ИВЛ аппараты қойылған. Жаңа аурухана бір қабатты 8 блок ғимараттан тұрады. Ондағы 200 орынның 20-сы жансақтау, 20 орын интенсивті терапия орнына бөлінген. Ауруханаға оттегі танкері мердігерлер есебінен қойылған.

IMG-20210108-WA0021

Жаңа модульдік  стационардың құрылысы жұқпалы аурулар ауруханасының әлеуетін күшейтеді. Еліміздің барлық өңіріндегі облыс орталықтарында мұндай модульдік ауруханалар бой көтерген. Құрылыс нысанының бас мердігері «BI-group» – Қазақстандағы құрылыс саласының көшбасшыларының бірі. Оралдық стационардың құрылысын оның еншілес компаниясы «Kazpaco» ЖШС салды. Құрылыс жұмыстары барысында 1000-ға тарта жұмыс орны құрылып, онда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. Блоктан тұрғызылған ғимарат пневмониямен ауыратын, оң және теріс CVI таралатын науқастарды, жүкті әйелдерді, балаларды, басқа да аурулары бар науқастарды емдеуге ыңғайлы.

IMG-20210108-WA0016

– Жаңа модульдік стационардағы жабдықтардың барлығы жаңа. Бұл жерде жергілікті бюджет есебінен 255 миллион теңгеге жабдықтар сатып алынып қойылды. Одан басқа министрліктен гуманитарлық көмек ретінде 20 ИВЛ аппараты алынды. Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясы өткен жылы індет басталғанда және одан кейін де эксперттік сыныптағы ИВЛ аппараттарын және оған қажетті бетперде, өзгелерін гуманитарлық көмек ретінде алып берді. Бас мердігер компанияның өзі жобалық-сметадағы жабдықтарды орнатып қана қоймай, оған қоса санитайзерлер, дезөңдеу жабдықтарын сыйға тартты. ПТР зертханасына тапсырыс берілді, екі айдай уақытта дайын болады. Басқа зертханаларымыз бар. Әр блокқа тазартылған су құбыры тартылған. Ауыз судан бөлек техникалық су да келіп тұр. Біздің патологияға су ішу режімі тән, сондықтан ауыз судың тазалығына ерекше мән-маңыз беріледі, - деді Надие Ахметова.

IMG-20210108-WA0010

Оның айтуынша, ескі ғимараттағы науқастарды жаңа ауруханға көшіру басталады. Тек жансақтау бөлмесіндегілер әзірге көшірілмейді. Өйткені олар оттегі аппараттарында жатыр. Оларды сауықтырып, жағдайлары қалыпқа келген соң  көшірмек. Бүгінгі таңда ескі жұқпалы аурулар ауруханасында 73 науқас ем-дом алуда, соның бесеуі жансақтау бөлмесінде. Ескі ғимарат тазартылып, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, аурулар көбейген жағдайда оларды қабылдауға дайын тұрады.

Директордың айтуынша, дәрігерлік мамандарды оқыту өткен жылғы қыркүйек айында басталған. Коронавирус індетіне шалдыққан науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлер, медбикелер, санитарлар міндетті түрде оқудан өткен. Дәрігерлер емделушілердің диагнозын анықтау, қалай емдеу, басқа ауруларын ескере отырып, қоса емдеу мәселелеріне оқытылған және оқулары жалғасуда. Медбикелер кардиограммаларды түсіруге, қан құрамындағы қант мөлшерін анықтау, пульсоксиметрмен қалай жұмыс істеуге, бір сөзбен айтқанда, науқастың жағдайын дәрігердің қатысынсыз анықтауға оқып үйренген.

«Бұл жерге қызметке кірер алдында медбикелер емтихан тапсырады. Бізде сапалы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған», - деді Нәдия Ахметова. Қазір ауруханадағылар 15 күндік аусымдық режіммен қызмет етуде.

Ендігі жерде жаңа аурухана облыс тұрғындарына білікті мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін  пайдаланылады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Мақсот БЕРГЕН,

ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, сала ардагері:

– Бұрын өңірде жұқпалы аурулар ауруханасы облыстық емес, қалалық болатын. Оған күллі облыстағы ауыл-аудандардан науқастар ем-дом алуға келіп жататын. Қазіргі жағдайда қомақты қаржы тауып, мұндай аурухананы облыс орталығында ашу керемет. Ғимарат ішін аралап, заманауи жабдықтарды көріп, сүйсіндік. Мұны облыс үшін үлкен жетістік, халық үшін жасалып жатқан шаруа дер едім.

Ольга ДАНИЛОВА, 

денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Жұқпалы аурулар аруханасында 40 жыл дәрігер-инфекционист болып еңбек еттім. Ресейде сібір жарасы жұқпасы таралғанда, біздің ауруханада бұл аурудан ешкімнің жарық дүниемен қоштаспағаны есіме түсті. Науқастарымыздың осындай жақсы жағдай жасалған жерде сауығатынына сенімдімін. Әріпестерім науқастарды емдеп, үйге шығатын есіктен шығара берсін деген тілегімді білдіремін. Мынадай ауруханада еңбек етудің өзі – бір ләззат.  Еңбектеріңіз жансын деймін әріптестеріме.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале