Қазақта балаға қатысты жасалатын салт-дәстүрлер көп. Соның бірі – шаш қою. Қазақ халқы бала тəрбиесіне айрықша көңіл бөлгендіктен оның өсу кезеңінде түрлі салт-жоралғыларды жасауды əдетке айналдырған. Сондай дала заңдылығының бірі жаңа туған нəрестеге айдар қою үрдісі бар. Айдар ер балаға ғана қойылады. Бала қырқынан шыққанда қарын шашының төбесін қалдырып, басқа жерлерін тақырлап алып тастайды. Қалған шашты айдар деп атайды. Оны өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды.
Мысалы, Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болған. Атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің қайсыбірі болмасын, өзіндік қасиеттерімен ерекше. Адамға берер тағылым-тәрбиесі мол. Айдар қою – ежелгі салтымыздың жалғасы. Айдар –айбарлықтың, қайсарлықтың, күш-қуаттың белгісі іспетті. Сұқ көзден, суық сөзден қорғайды деп білген. Бұрынғы әжелеріміз жанына жақын, арасынан дара көрген немерелерін қырқынан шыққан соң төбе шашын жіберіп, өсірген. Өскен кезде оған маржан-моншақ қосып өріп қою сән болған. Айдар тағу үрдісін атынан ат үркетін бай-бақуатты отбасылардың балаларынан көптеп кездестіруге болады. Айдары бар балаға жас болса да ерекше қошемет көрсетілген. Ата-тегін сұрап, баталарын беріп отырған. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын елдің азаматы деп сенген. “Айдарлы бала-айбарлы бала” деген сөз осыдан шықса керек. Айдарлы бала басқа балалардан ерекшеленіп, дараланып тұрған. Сырттан келгендер айтпай-ақ ол баланың текті, бақуатты отбасының ұрпағы екенін білген. Сондай-ақ қазақта ұл баланы зарығып жүріп көргендер де ұлына айдар қойған деседі. Ойын баласы ер жетіп, етек-жеңін жиған шақта, мектепке баратын жасқа жеткенде сүндетке отырғызылып, елдің жақсылары мен жайсаңдарын шақыртып, мал сойып, ет асылып, дастарқан жайып, айдарын алып тастау рәсімін жасаған. Осы жиыннан кейін ел-жұрт бұл үйдің ұлының ер жетіп, атқа мінетін жасқа жеткенін білген. Айдарды ұл баланың нағашы жұртынан елге сыйлы, аузы дуалы, сөзге шешен, озық ойлы кісі кесетін болған. Тойға жиналғандардың жақсы қасиеті бойына дарысын, ізгі кісілердің ізін жалғасын, абырой биігінен көрінсін, ел-жұртына айтар сөзі өтімді, қолы батыр, ісі сүйсінерлік болсын деп үлкендерден бата алған.
Айдар ата-анасы жоқ жетім балаларға, біреудің есігінде жалданып жұмыс істейтіндердің балаларына қойылмаған. Демек айдар қоюдың да өзіндік заңдылықтары мен қағидалары бар.
Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін оның да қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдырады. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атаған. Тұлымды да қыз балаға көз тимесін әрі қызымыз сұлу, сымбатты болып өссін деп ырымдап қойған. Осы жастан бастап қыз баланың шашын алмай, қарын шаштан қалған тұлымын кейін жетіліп өскен шашына қосып өріп өсірген. Оның да өзіндік мəн-мағынасы бар. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қарап, бар жақсы тілектерін тілеп отырған. «Айдарлы ұлың, тұлымды қызың бар ма?» деген тəмсіл осыдан шықса керек.
Мұнан бөлек ата-бабалар кекіл қою ғұрпына да аса мән берген. Кекіл – қызға да, ұлға да тән шаш үлгісі. Онда баланың шашын ұстарамен жалтырата қырып, маңдайына таяу жерден бір шөкім шаш қалдыратын болған. Кекіл қою да ғасырлар бойы ортамызда сақталған дәстүр. Кекіл баланың сүйкіміне сүйкім қосады, кекілінде ата-ананың арман-тілегі, балаға деген мейірім мен сүйіспеншілігі жасырынған. Сонымен қатар, баланың кекіліне періште ұялайды, оны қорғап жүреді деп сенген. Ғұрыптық мағынаға ие үрдіс ежелгі дәуірде көптеген халықтарда болған.
Қазақы салттың қай-қайсысының да өміршең екендігі белгілі. Әлем халықтарының ішінде балаға шаш қоюдың өзіндік дәстүрлері тек қана біздің қазақта емес, шығыс халықтарының көпшілігінің тұрмысында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын айта кеткеніміз орынды.
Мысалы,Таиланд халқы аурушаң балаға тұлым не айдар қойса, сауығып кетеді деп сенген. Сондай-ақ өте сүйкімді балаларды жын-пері айналдырғыш келеді деп, жын-періні үркітетін тек қана тұлым шаш деп есептеген. Ал осыған ұқсас мағынада көбінесе сыртқы тылсым күштерден қорғайды деген сеніммен баланың шашын түрлі пішінде өсіретін елдердің қатарында қытайлар, кәрістер, мысырлықтарды атауға болады. Әйтеуір, көптеген халықтардың шашты баланың бірден-бір қорғаушысы әрі қорғаныс қабілетін артыратын ерекше тылсым күшке ие деп есептейтіндігі шындық.
Ақсәуле Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz