Бала жақсы атқа іліксе де, жаман атқа іліксе де көпшілік алдымен «Кімнің баласы екен?» деп сұрайтыны анық. Сонда бірінші әкесінің аты аталады. Ал егер баланы жалғыз анасы тәрбиелеп отырса, кімнің есімі айтылуы керек? Бұл бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі екені рас. Кейбір мәліметтерге қарағанда елімізде қазір 400 мыңнан астам жалғызбасты әйел бар екен. Үш жүз мың әке балалары алдындағы парызы тұрмақ, тиесілі алиментін төлемей, өз перзенттерінен жеріп, бас сауғалап жүрген көрінеді. Қазақстандағы әрбір үшінші неке бұзылса, әрбір бесінші бала толық емес отбасында өмір сүріп жатыр...
70 әкенің күшімен құрылған ұйым
Мемлекеттік құрылымдармен бірігіп «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі отбасылық-демографиялық бағыттағы осынау өзекті мәселелерді біртіндеп шешуді қолға алды.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссияның ұйытқы болуымен елімізде отағасының ықпалын арттырып, оны отбасылық тәрбиемен ұштастыру, әкелер институтының мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар басталғаны қуантады, әрине. Осыдан сегіз жыл бұрын 70 белсенді әкенің күшімен құрылған аталмыш одақтың мақсаты – әкенің қоғамда ғана емес, отбасындағы да рөлін арттырып, осы арқылы рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Себебі балаға ананың мейірімімен қатар әкенің салмақты сөздері, қамқорлығы мен жанашырлығы ауадай қажет.
– Жалпы, әкенің рөлін, әкенің күшін кім арттырады? Ең бірінші оның асыл жары арттырады. Сондықтан отағасына, әкелерге қатысты түрлі шараларға олардың жарларын да бірге шақыру керек. Сонда нәтиже болады. Әкесіз ұл – шатырсыз үй секілді екенін ұмытпағаны дұрыс. Мұндағы негізгі өзек – қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру арқылы отбасын нық қылу. «Отан – отбасынан басталатынын» ескерсек, мұның астарында Қазақстанымызды мықты мемлекетке айналдыру мақсаты тұр. Әкенің отбасындағы, одан қалды қоғамдағы рөлін күшейту үшін алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаларға да бірқатар өзгеріс енгізілуі мүмкін. Себебі елімізде бала тәрбиесіне келгенде әкелердің құқығы мен мүддесі мүлдем қорғалмаған. Мәселен, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында әйелдер кеңесі бар да, әкелер ұйымы атымен жоқ. Ал ерлізайыптылардың ажырасуы кезінде анасы қандай адам болса да, сот билігі әкелерге еш басымдық бермейді, - дейді ҚР Президентінің кеңесшісі Мақсат Ысқақов.
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Рақышев бұл пікірді толығымен қостайды. «Бала кіммен қалу керек?» деген кезде баланы көп жағдайда анасымен қалдырады», - дейді ол. – Неліктен? Әкесі сонда баланы баға алмай ма? Олай деп айта алмаймыз. Себебі қоғамымызда жалғызбасты әкелер де бар.
Тіпті үлгілі әкелер де жоқ емес. Мысалы, Алматы қаласында тұратын жалғызбасты әкенің ұлы Гарвард университетін тәмамдап келді. Ондай әкелерді құрметтеуіміз керек. Сол себепті әкеге деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Өйткені бала тәрбиесінде ер адамның рөлі анадан кем емес. Тек соны әкенің барлығы сезіне білсе болғаны.
Аталмыш одақ 2016 жылдан бері жыл сайын еліміздің әр өңірінде әкелердің республикалық форумын ұйымдастырып келеді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен мұндай форумды өткізудің маңызы зор екенін айтады. Өнегелі әкелердің басын қосатын алқалы жиын отбасылық институттың кем-кетігін түгендеуге септігін тигізеді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының арқасында қоғамның рухани-адамгершілік түрленуінің негізгі бағдарлары анықталған. Бұл қазақстандықтардың отбасылық дәстүрлерге бейімділігін арттырып, қоғамда жоғары моральдық құндылықтарды және руханиятты сақтауға ықпал етеді, бұл жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік береді. Жаһандық сын-қатерлер демекші, ТМД және ЖЕЭО елдері басшылары кеңесінің отырысында отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау туралы біріккен мәлімдеменің қабылдануы да тектен-тек емес қой. 2017 жылдан бері «Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасы» іске асырылуда. Тұжырымдамада бала тәрбиесіндегі әкенің де, ананың да жауапкершілігін арттыру мәселелері қарастырылған. Соның ішінде әкелік институтты жете дамытуға және үлгілі әкелерді насихаттауға басымдық берілген.
ҚР Президентінің былтырғы Жолдауында елдегі отбасылық-демографиялық жағдайды жақсартуға, отбасы институтына ерекше назар аударған. Бұл балаға отбасында дұрыс тәрбие мен лайықты білім беруді, отбасының, қоғамның және елдің игілігі үшін адал өмір сүруге және жұмыс істеуге үйретуді қалай қамтамасыз ету туралы тағы бір рет ойлауға негіз болады. Жалпы алғанда, отбасылық қарым-қатынастар институтын дамыту – мемлекетімізде белгіленген әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауын, әкелер форумын өткізудің маңызы жоғары, - дейді Ләззат Сүлеймен.
Әке деген кім?
Әкелер одағының біраз өңірде филиалдары мен өкілдері бар. Біздің облысымыздағы өкілі – Мырзағали Дүйсенбиев деген азамат. Бәйтерек ауданының орталығында тұратын кәсіпкер жігіттің тағдыры оны аталмыш одаққа мүше қылып, артынан өңіріміздегі өкілі атануына себеп болған сияқты.
Тоқсаныншы жылдары шаңырақ көтерген ол үш баланың әкесі атанады. Алайда перзенттерінің қызығын зайыбы екеуіне бірдей көру бұйырмады. Неге екенін кім білсін, уақыт өте келе отанасы ішімдікпен «достаса» бастайды. Мырзағалидың айтуынша, өзі де, тума-туыс та оның бұл әрекетін айыптап, дұрыс жолға түсуге шақырған. Алайда оларды тыңдайтын құлақ болмаған сияқты. Сөйтіп, мұның соңы ажырасуға, аналық құқықтан айыруға әкелген. Осылайша балаларын өзі өсіріп-өндірді. Жиырма жылға жуық отасқан зайыбынан айырылысқан кезде тұңғышы студент болса, одан кейінгі егіз перзенті 11 жаста еді. Бүгінде үлкен баласы Алтынбек үйлі-баранды, кішісі Асқарбек – М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенті, қызы Альбина медколледж бітіріп, аудандық ауруханада еңбек етуде.
– 2016 жылы қызымның бір бүйрегі қатты ауырып, ем іздеп елордаға бардық. Оған алмастыратын бүйрек таба алмай, ақыр соңында өз бүйрегімді бердім. Бұл туралы сол кезде БАҚ-тарда кең көлемде жарияланды. Соны естісе керек, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы болған Қуаныш Жұматаев ауруханаға мені іздеп келді. Екеуміз осылайша таныстық. Сол жылы күзде Астанада өткен Әкелер одағының алғашқы форумына қатыстым. Бұл жиыннан үлкен әсер алып, одақтың БҚО-дағы өкілі болуы туралы ұсынысты бірден құп алып, жұмысымызды бастап кеттік. 2018-2019 жылдары қоғамда ер-азаматтардың отағалық мәртебесін арттыру, әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігін көтеру бағытында облыстық форумдар өткіздік. Бұйыртса, келер жылдан бастап одақтың облыстық филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Кешенді жұмыстар филиал ашылғаннан соң басталады. Біз қоғамда ұлттық тәрбиенің жандануына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Яғни отбасындағы әке беделін арттыру арқылы ұлды отағасы, әке болуға, ал қызды отанасы, ана болуға тәрбиелеу қажет деп есептейміз. Мұны біз айтып қана қоймай, іспен дәлелдей білуіміз де керек қой. «Жалғыздық тек Құдайға жарасады» демей ме? Саяқ жүруден шаршап, осыдан екі жыл бұрын үйлендім. Сәуле деген зайыбым балаларыма ұнады. Ол қызыма отанасы, ана болу бағытында тәрбие беретініне сенемін. Таяуда маған тағы бір мәрте әке болу бақыты бұйырды. Әке ретіндегі жауапкершілігім бұрынғыдан арта түсті. Халқымызда «Әке – асқар тау» деген ұғым мен «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Бұл халықтық қағида әкеден ауысқан қасиет пен әке арқылы берілген үлгі-өнегенің бөлек, айрықша екенін көрсетсе керек.
Жалпы, әке дегеніміз кім? Бұған әркім әр түрлі сипатта жауап қайтаруы мүмкін. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұлдың айтуынша, әке деген – бұл қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды әлеуметтік институт. Әке тәрбиесін көрмеген бала жалтақ, жігерсіз әрі жаутаңкөз болып өсетінін ұмыт-пауымыз қажет, - дейді Мырзағали Дүйсенбиев.
Сәкен Мұратұлы,
zhaikpress.kz