26.01.2021, 11:53
Оқылды: 184

Қызметтік көлік қыдыруға арналмаған

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында біраз мәселе талқыланды. Қызу талқыға түскен мәселенің бірі – Шыңғырлау ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов пен Шыңғырлау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ерсайын Шаимбетовтің тәртіптік ісі болды.

F643D2FF-61B5-4A81-ABE0-2F39FC118314

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігіне қарасты облыстық департаменттегі мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Дәулетованың мәліметіне сүйенсек, жұмыс уақытынан тыс қызметтік көлікті заңсыз пайдалануға байланысты бірнеше шенеуніктің басы дауға қалған. Әңгіменің әлқиссасына келсек, 2020 жылы желтоқсан айының 7-сі күні Шыңғырлау аудандық соты аудандық жер қатынастары бөлімінің сол кездегі басшысы Асылхан Нұрышевті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлігінде («Ішкі істер (полиция), әскери полиция құрылымдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау») көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Былтырғы қазан айының 9-ы күні Асылхан Нұрышев кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тиесілі аутокөлікті жүргізген. Аутокөлік ішінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ерсайын Шаимбетов болған. ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне қайшы теріс қылық жасағаны үшін бөлім басшыларына қатысты тергеп-тексеру жұмысы жүргізілді.

Оқиға болған күні кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің көлік жүргізушісі еңбек демалысында болғаны анықталды. Бейнелеп айтсақ, темір тұлпардың тізгіні бөлім басшысы Еслямовтың қолында болды. Қазан айының 9-ы күні Еслямов өз үйінің ауласына аутокөлікті қаңтарып қояды. Оны «Ертеңгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыру үшін сондай шешім қабылдадым» деп түсіндірген. Бірақ кешкілік уақытта қызметтік көлікті аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылхан Нұрышев сұрап алады. Әдеп кеңесі отырысында хабарламашы мемқызметшілер ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 10-бабының 1 («ҚР Конституциясын және заңнамасын сақтау»), 8 («Қызметтік әдепті сақтау») және 12-тармақшасы («Мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалану») әрі ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп жөніндегі кодексі 2-тармағының 10-тармақшасы бойынша («Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, аутокөлік құралдарын қоса алғанда ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалану») заң талаптарын бұзғаны дәлелденгенін хабарлады.

«Жығылған үстіне жұдырық» демекші, былтыр екі шенеунік те «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жазаға тартылған. Заң бойынша алынып тасталмаған тәртіптік жазасы бар мемқызметші жасаған теріс қылық үшін жауапкершілік тіпті күшейеді. Яғни «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі жаза қолданылады. Әдеп кеңесі отырысында барлық мән-жайды баяндаған бас маман Рүстем Еслямовтың кәсіби біліктілігіне сай өзі басқаратын бөлім басшысының орынбасары немесе бас маман лауазымдары бос тұрғанын хабарлады. Кеңес отырысында онлайн байланысқа шыққан кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Тельманұлы әріптесі Нұрышевты жақсы танитынын, ұзақ жылдан бері қызметтес болып келе жатқанын, бұған дейін ешқандай теріс қылығын көрмегенін айтты. «Өзінің қызметтік көлігіне қосалқы бөлшек жеткізем деп сұрағасын, аутокөлікті жүргізуге рұқсат бергенім рас. Маған келгенде масаң және тағы басқа күйінде көрмедім», – деді ол. Ал жолаушылар көлігі және аутомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ерсайын Шаимбетов түнгі сағат 11.00 шамасында үйіне Нұрышев келіп, «Дүкенге барып келейік» деп бірге ертіп шыққанын, сосын жол полициясы қызметкерлері тоқтатқанын айтты.

– Рүстем Тельманұлы, қызметтік көлікті әріптесіңізге беруді заңды деп санайсыз ба? Танысыңыз, туысыңыз, әріптесіңіз болсын, аутокөлікті беруге ешқандай құқығыңыз жоқ. Ондай шешімді бірден қабылдай салуға болмайды. Машинаның кілтін басқа адамға беру үшін мекеме атынан арнайы бұйрық шығуы тиіс. Заңда бұған қатысты барлық талап анық көрсетілгенін білесіз. Ерсайын Камидоллаұлы, түн ішінде қызметтік көлікпен дүкенге бару заңсыз екенін білмейсіз бе? Мемлекеттік қызметкер ретінде оны тоқтатуыңыз керек еді. Сіз – бөлім басшысыз, қатардағы қызметкер емессіз. Әдеп қағидаларын сақтауды талап еткеніңіз дұрыс болатын еді. Әлде Үкіметтің аутокөлігін жекешелендіріп алдыңыздар ма? Бәлки, дүкенге алкогольдік ішімдік алу үшін барған шығарсыздар?! Нұрышевтің масаң күйін анықтау үшін куәландырудан өтуден бас тартуы да күдікті қалыңдата түсіп отыр, – деген өткір сұрақтарды ортаға тастады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев. Одан кейін сөз алған кеңес мүшесі Мұрат Мұқаев екі шенеуніктің де қатаң сөгіс алғанынан, әсіресе Шаимбетовтің бір жылда бірнеше тәртіптік жазаға тартылғанынан хабардар екенін айта келе, Шыңғырлау ауданы әкімдігінің мемқызметшілерге жақсы мінездеме беріп отырғанын, олардың жыл ішінде атқарған істерін қаперге алу керектігін де ескеруді ұсынды.  

Бірақ кеңес мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин заңбұзушылық дәлелді уәжбен анықталғанын, соған сәйкес басқаларға сабақ болуы үшін қатаң жаза қолдануды құптайтынын айтты. Кеңес мүшелері екі бөлім басшысына қатысты «лауазымын төмендету түріндегі» тәртіптік жаза тағайындауды бірауыздан қолдады.  Аталған ұсыныс аудан әкімдігіне жолданатын болды. Кеңес отырысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың тәртіптік ісін қарау құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Самат Искалиев облыстағы жергілікті, өкілетті және аумақтық мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының 2020 жылдың 4-тоқсаны бойынша жұмыс нәтижелерін талдау қорытындысымен бөлісіп, комиссиялар тарапынан жіберілген бірқатар кемшілікті атап өтті. «Былтыр 578 мемқызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды. 219 мемқызметшіден тәртіптік жаза мерзімінен бұрын алынып тасталды. Талдау нәтижесі алты тәртіптік жазаның бір айға жетпей алынып тасталғанын көрсетті. Атап айтсақ, үшеуі облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының, тең жартысы Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілеріне қатысты», – деді Самат Искалиев. Осы орайда әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев Бөкей ордасы ауданы әкімі аппаратының басшысы Ержан Айтқалиев пен облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Менеевтен тәртіптік жаза бойынша «жұмсақтық таныту» себебін сұрады. «Тәртіптік жазаны 20 күн өткен соң алып тастаудың ешқандай тәрбиелік мәні болмайды. Соған қарап ұжымдағы қалған адамдар да заң талабын сақтауға немқұрайлы қарайды. Мекемедегі тәртіптік комиссиялар неге оған жол беріп отыр?» – деп қатаң ескертті Ғалым Тұрсынбаев.

Кеңес отырысына қатысқан бас маман Думан Ерманов әдеп жөніндегі уәкілдердің қызмет нәтижесін саралап, тиісті сын-ескертпелерін айтса, хабарламашы Дәурен Хаиров мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын бұзып, мемлекеттік құрылымдар қызметіне нұқсан келтіріп, бюджет қаражатына қол салған мемқызметшілер туралы баяндады. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Аманқос Жұбаныш әдеп жөніндегі кеңес қызметіне шолу жасады. Былтыр әдеп жөніндегі кеңестің 13 отырысы өткен. Соның нәтижесінде 48 мәселе қаралған. Оның 28-і профилактикалық мәселеге, 20-сы тәртіптік істерге қатысты. Тәртіптік істер бойынша 14 лауазымдық тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды. Бесеуі мемлекеттік қызметке теріс қылық келтіргені үшін, тоғызы Әдеп жөніндегі кодекстің талаптарын бұзғаны үшін жазаланды. Алты тәртіптік іс құрамында құқықбұзушылық жоқ болғандықтан тоқтатылды.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале