Аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакциясына мұң-мұқтажын айтып, жанайқайын жеткізіп келетін тұрғындар аз емес. Иә, тұрлаусыз тіршілік болған соң әр адамды әртүрлі түйткілдің толғандырары анық. Мәселен, бірі қоғамға ортақ өзекті мәселені көтерсе, бірі жеке басының жайын күйттейді. Дейтұрғанмен де, бүгінгі таңда көп қазақты әбігерге салып, жатса да, тұрса да көкейінен кетпей жүрген қос мәселе бар. Нақтырақ айтсақ, баспана мен жұмыссыздық. Егемендік алғанымызға күректей 30 жыл болса да, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр ауқымды атыраптың қожасы болсақ та баспана мәселесі әлі де өзекті.
Осыдан біраз жыл бұрын бір ақынның қаланың көрікті ауданында зәулім үйдің балконынан үріп тұрған итті көріп: «Дөкейлердің иті болғым келеді...» деп жазғаны бар. Бұл – енді баспанасыздықтың зарын әбден тартқан, шарасы таусылуға жақындаған адамның сөзі. Ақын деген халықтың үнін, мұңын көркемдеп жеткізуші ғой. Баспананы жырға қосса, демек елдегі асқынған әлеуметтік мәселені айтқаны. Өз заманында Жиренше шешен:
«Қайран менің өз үйім,
Кең сарайдай боз үйім» депті деседі. Бұл да бекерден-бекер айтылмаған сөз.
Әлқисса. Алысқа шаппай-ақ біздің Жаңақала ауданында да баспанаға зәру жандар жетерлік. Соның бірі – Жаңақала ауылы, Мирманов көшесі, 10-үйдің тұрғыны Төлеген Арыстанов. Желтоқсан айында Төлеген Қажиахметұлы редакцияға аяқтай келіп, тұрғын үйінің апаттық жағдайда екенін мәлімдеп, өз өтінішін ұсынған еді.
Өтініштің мәтінін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.
«Үйім құлайын деп тұр...»
- «Жайық Пресс» ЖШС Жаңақала филиалының директор-редакторы А.Ермекқалиевке аудан тұрғыны Төлеген Арыстановтан
Өтініш
Мен осы өтінішімді ұсына отырып, төмендегі жағдайымды ескертемін. Үйім құлайын деп тұр. Фотоға түсіруіңізді сұраймын. Өзім зейнетке аудандық мәдениет үйінен 2014 жылы шықтым. Одан бұрын 8 жылы Жаңақала желілік өндірістік басқармасында, 8 жыл нан зауытында, 25 жыл мәдениет үйінде жұмыс істедім. Бір жыл Жұлдызда трактор оқуын оқыдым. Бір жыл өрт сөндіру бөлімінде істедім. Бір жыл госсетте еңбек еттім. Осыншама жыл Үкіметке жұмыс істесем де, үй мәселесі әлі күнге шешілмей тұр. Бармаған жерім, ашпаған есігім жоқ. Сіз де барып, фотоға түсіріп алсаңыз деп едім,- деген Төлеген ағамыздың өтінішін аяқсыз қалдырмадық. Араға көп уақыт салмай кейіпкеріміздің тұрып жатқан баспанасына бас сұғып, мән-жайды білген едік.
Ескі жақта (ел аузында «Шанхай» жақ) орналасқан ескі үйдің шынымен де жағдайы мүшкіл екен. Оны біз өз көзімізбен көріп, куә болдық. Баспананың қазіргі ахуалы адам аярлықтай.
- Бұл үйде 1984 жылдан бері тұрып келемін. Биыл 37 жыл болды. Негізі 1963 жылы салынған үй. Бұрын Бірлік кеңшарының кеңсесі болған. Мені баспанамыздың қазіргі жағдайы алаңдатады. Қыста салқын. Жаңбыр жауса төбеден тамшы кетеді. Тұрғын үй кезегінде 20-шы боп тұрмын. Бұдан 2,3 жыл бұрын солай еді. Бүгінгі таңда да сол 20-дан қозғалмады. Білмеймін, бұл бағытымызбен қай уақытта үй алатынымызды. Үйім апаттық жағдайда деп танылды. Құжаттары жасақталды. Дегенмен тұрғын үй кезегінің жылдар өтсе де жылжымай тұрғаны жанға батады. Кезекке қарамай, басқа баспана ала қоятын оны әлеуметтік жағдайымыз көтермейді. Қалта жұқа, қол қысқа. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұр ғой. Тұрғылықты тұрып жатқан баспанамыздың ахуалы нашар болған соң, жағдайымыз қайдан мәз болсын. Расы керек, тұрып жатқан үйіміздің болашағы жоқ. Күрделі жөндеуге келмейді. Төбесі шіріп, қабырғалары әбден ескірген. «Үмітсіз шайтан» демекші, араға ұзақ уақыт салмай, кезегіміз жылжып, ауданда құрылыс қарқынды жүріп, Үкіметіміздің қолдауымен тұрғын үйге қол жеткізсек деген арманымыз бар. Біз ештеңе емес, өсіп келе жатқан ұрпағымыз алаңсыз күн кешсе екен. Еліміздің болашағы солар ғой,- дейді Төлеген ағамыз мұңлы жүзбен. Кездесу барысында Төлеген Арыстановтың атындағы тұрғын үйдің іші-сыртын түгел аралап, таспалап алдық. Тұрғын үйдің сырт келбетінің сұрықсыз екені, ішінің азып-тозып тұрғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сықырлаған еден, жел дауысын үдетіп гуілдеткен жамау терезе, сөгілгелі тұрған қабырға... Мұның бәрі біз көрген баспананың боямасыз көрінісі. Қандасыңның емін-еркін жүруге тарығуы, бас қайғысы – баспана боп қамығуы, кезек күтіп әлі күнге зарығуы арқаңа аяздай батады екен.
Біз Т.Арыстановпен жолығып, мән-жайға қаныққан соң аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы (сол кездегі) Дәурен Ғаббасовпен жолықтық.
- Аудан бойынша тұрғын үй кезегіне 499 азамат-азаматша тіркелген. Соның ішінде тұрғын үй апатты санаты бойынша – 44, әлеуметтік жағынан қорғалатын, табысы аз отбасылар санаты бойынша – 175, көпбалалы отбасы – 82, бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер санаты – 153, жетім балалар санаты бойынша – 45 адам кезекте тұр. Енді аудан тұрғыны Төлеген Арыстановқа келер болсақ, 2018 жылы 4 желтоқсан күні тұрғын үй кезегіне өз өтінішін берген. Сол күні тұрғын үй сұраушылар кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда тұрғын үй апатты санаты бойынша 20-шы кезекте тұр. Бұл кісінің өтініші бойынша үйін біздер бір емес, бірнеше рет барып, қарадық. Шынында да құлағалы тұр. Бірақ біздер заңнан аттап, кезексіз үй бере алмаймыз,- деді ол.
Сөз соңы
«Үйсіз-күйсіз пәтер жалдап жүргендер қаншама? Оған қарағанда Төлегендікі шүкір ғой» деп топшылайтындар да табылар арамыздан. Дегенмен іргетасы қаланғанына 58 жыл болған, апаттық жағдайда деп танылған, суық та сүреңсіз баспанада тұрмыс кешу кім-кімге де оңайға соқпасы кәміл. «Тас түскен жеріне ауыр» деп қазақ бекер айтпаған. Мұндай қиындықты көп адам өз басына түскенде ғана түсінеді... Бұл енді бөлек әңгіме. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Т.Арыстанов секілді тұрғындардың тілегі – басыбайлы баспаналы болу. Ол үшін Үкімет жыл сайын тұрғын үй құрылысына басымдық берсе екен дейміз. Әйтпесе, қозғалмайтын һәм жылжымайтын тұрғын үй кезегінен ештеңе шешілмесі кәдік.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп түкірсе – көл» деп жатамыз. Бәлкім, ел ішенен жомарт азаматтар табылар не үніміз жоғары жаққа жетер деген үмітпен жазылған мақала бұл. Біздің қолдан келетіні – елдің мұңын, халықтың жанайқайын баспасөз бетінде көтеру. Ал ар жағын екі шылбыр, бір тізгін ұстаған, елім деген азаматтардың еншісіне қалдырдық.
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz