18.02.2021, 17:15
Оқылды: 43

Атамның байпағы

Менің Михей атамның бір байпақты он жыл кигені әлі күнге дейін жадымда. Бұл мен ес білгеннен бергі жағдай. Ал оған дейін атамның әлгі байпақты қанша жыл кигендігін кім білсін? Әйтеуір бір күндері аяғындағы байпағына қарап, «Мынаның табаны тағы жұқарды, қайтадан ұлтарып алмасам болатын емес», – деп отыратын.

A15A41D2-8E79-4CBD-AD71-2C6E7CFB8097

Сосын базардан киіздің бір пұшпағын сатып әкеліп, байпағының табанын өзі ұлтарып, жаңалап, жаңғыртып алушы еді. Тап осы жайт араға бірер жыл салып бірнеше рет қайталанды. Соны көрген мен есейе келе, «Бұл өмірде бәрі де, жанды да, жансыз да ескіреді, тозады, тіпті өледі. Тек атамның байпағына ғана өлім жоқ» деп ойлайтынмын. «Үлкейген кісі де бір бала» дегендей, атам кейде, тіпті жазды күндері де «Аяғыма жылы әрі жұмсақ» деп байпақ киіп алатын. Атам мені екі-үш рет жазды күні көлге аумен балық сүзуге ертіп барған-ды. Сол кездері ол «Табаныма су түбіндегі тас, қурап суға құлаған ағаштың бұтақтары батпайды» деп байпағын шешпестен сүзбе аудың бір шетін ұстағаны бар...

Бір жылы атамның аяғы сырқырап, қатты ауырды. Өмірі ауру-сырқау дегенді білмейтін атам сол жолы тіпті фельдшерді шақыруға мәжбүр болды.

– Сіз енді бұрынғыдай жас емессіз. Сол себепті жазды айтпағанда, көктем демей, күз демей, суық суды кешіп, балық аулауды қою керек. «Табаннан өткен сыз жаман» дегенді естуіңіз бар шығар?

– Естуін естідім ғой, бірақ балық аулау менің бала кезден әдетім. Оны қалай қоямын?

Дегенмен «Батырға да жан керек» дегендей,әлгі әңгімеден кейін атам нағыз жаймашуақ жылы күндері болмаса, балық аулауға бұрынғыдай бас-көз жоқ баруды күрт сиретті. Сөйте тұра жыл-он екі ай бойы қол қусырып қарап отыруды білмейтін атам қысты күндері мал жайлағанда, моншаға су тасығанда, ауланың қарын күрегенде, орманға отынға барғанда үзбей киетіндіктен, байпағының табаны бұрынғыдан бетер жиі тозатын болды. Соны көрген көршілер: «Сіз бұл байпақты енді қоқысқа тастаңыз. Жүн-жұрқасын құстар ұя салғанда пайдалансын», – деп ақыл айтуға көшті. Ондайға көнетін менің атам ба?! Жылдар өте келе табанына қоса өкшесі жұқара бастаған байпағын өз қолымен ұқыпты түрде жамап-жасқап, миығынан күліп жүруші еді.

Ал бертін келе жарықшақтана бастаған байпағының қонышын қыста мұздай суға батырып, аязға қатырып киіп жүрді. Қонышындағы сызаттарға су еніп, қатып қалғандықтан, енді ол жарықшақтардан суық та, қар да кірмейтін. Бірақ бәрібір атамның байпағы бір жылы көктем шыға біржола тозды. Соған түбегейлі көзі жеткен ол байпағын «Міне, енді құстарға ұя болғаның жөн», – деп көл жағасындағы көкорайға лақтыра салды.

Көп кешікпей жыл құстары туған жерге оралды да, олар жаппай ұя салуға кірісті. Сөйтіп, атамның байпағын олардың әрқайсысы бір шоқып, жұлма-жұлмасын шығарды. Есесіне жүн-жұрқа төселген олардың ұясы болашақ балапандар үшін жылы да жайлы болмақ.

Бәлкім, бұл құстар келер жылы да осы ұяларына оралып, тағы да балапан өрбітер. «Бұл дүниеде ештеңе де бірден біржола із-түзсіз жоғалмайды. Тек бір түрден екінші түрге ауысып, әлі біраз уақыт кәдеге жарай бермек». Менің өз ойым бұл, сен осы пікірге келісесің бе, досым?..

Қазақ тіліне тәржімалаған: Бауыржан Ғұбайдуллин

Суреттерді салған: Н. Устинов

(Суреттер М. Пришвиннің «Лисичкин хлеб» кітабынан алынды)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале