Онымен алғашқы танысып, әңгімеге тартқанымызда жеңін тартқылап, қолын тыққыштап бақты. Жанарымыз еріксіз сол жең жасырған қолға ауды. Өзі де сезді білем:
– Қолым күс-күс еді, – деп ыңғайсызданып қалды.
Қырықтың қырқасына енді шыққан Ділдә Төлегенованың еңсесін көтеріп, бойын тіктеткен осы күс қолдары. Осы күс қолдарының арқасында ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көріп отыр. Тек өзі емес артынан ілескен төрт бауырына қамқорлық жасап, үйіне дейін алып беріпті.

Бас-аяғы жеті жылдың ішінде тышқақ лағы жоқ, әр кімнің есігінде жалдамалы жұмыс жасап жүрген Ділдә бүгінде сол қажырлы еңбегі, маңдай терінің нәтижесінде жоқтан бар жасап отыр.
– Анам Зоя ерте қайтты. Ең кіші інім Еламан сегіз жасқа да толмаған еді. Бес бірдей бала ұлардай шулап қала бардық. «Анасыз жетім – сұм жетім» деген ғой. Марқұм анам өмірінің соңғы жылында еш жақсылық көрген жоқ, ауыршаң болды. Үйде тіпті электр жарығы да болмады. Марқұм «Электр жарығын, токтың кереметін көрмегеніме жиырма жылдан асты» деп отыратын. Қанша жасырсаң да, жұртқа аян ғой. Әкеміз «ақаңа» үйірсектеу еді, анам қайтқан соң бар жұбанышты содан іздеді. Бізді бисендік ағайын Ғарифолланың балалары десе танымауы мүмкін. Будулайдың балалары деп таныды. Ауылдағы жаназа, садақаның тамағымен, жұрттың жылуымен жан баққан кезіміз болды. Кейін Асқар Саматов деген ағамызға жалданып, мал қыстағында жұмыс жасадым. Сол кезде малдының әлді боларын түсіндім. «Көрпеме қарай көсіліп» Дархан, Ажар Есекешевтерден бес тауық сатып алдым. Бастапқыда бар малым осы бес тауық болып едім. Кейін бес тауығым балапан басып, санын көбейтті. Екі-үш жылда қырыққа жетті. Бақша ектім. Сол жылы жақсы шықты. Алланың қарасқаны ғой. Төккен тер, еткен еңбегімнің нәтижелі болғаны керім серпін берді. Сосын қолыма түскен ақшама шыбыш, тоқты алдым. Ешкі өсімтал болғандықтан, өзін-өзі ақтайтын тиімді түлік. Ешкі жем-шөпті көп талап етпейді. Тек олардың қыс қорасы жылы болса болғаны. Ол азымтал емес, қотыр болмайды да, жаздың аптап ыстығында төзімді, көп құрттамайды, құртасса да некен-саяқ. Әдетте, бұл жануар өте кірпияз, өте таза жануар. Қыста оның түбіті аса бағалы. Ешкінің бір ғажабы өз жайылысын аздырмайды. Олар жайылғанда шөпті отап жемей, шөкімдеп жүріп жайылады. Түйгенім осы. «Есі кеткен ешкі жинайды, ешкімен есін жинайды» деп аталарымыз текке айтпаған екен. Өсімтал мал көзімді де, көңілімді де тойдырды. Кейін ешкіні біртендеп қойға айырбастап, Шопан ата түлегін көбейте бастадым, – дейді Ділдә өткен жолы туралы еш бүкпесіз.

Иә, мал баққанға бітеді. Бүгінде Ділдәнің жүзден астам қой-ешкісі, елуге жуық ірі қарасы бар. Қайталап айтты демеңіз, бұл соңғы жеті жылда жинаған малы. Жалғызбасты әйелзатының жиғаны.
Бүгінде Ділдәміз Мұратсай ауылдық округіне қарасты Әжен елді мекенінен үй алып, перзенттік парызын өтеп, әпкелік қамқорлығын көрсетіп, әкесі мен сіңілсімен бірге тұрып жатыр.
«Өз үйім – өлең төсегі» ғой, бұйыртса, үйімізді де жөндеп, сәнін кіргізерміз деп қояды. Биыл үй жанына бақша салыпты. Монша да салмақшы. «Пәленшенің қолынан келетін шаруа менің де қолымнан келеді» деп тас та соға бастапты.
Ділдәнің ауылдасы Балия Сисенғалиева:
– Ділдә керім еңбекқор. Малға баладай қарайды. Бар жағдайын жасайды. Ешкіммен қақ-соқтығы жоқ. Адал еңбегінің жемісін көріп отыр. Қарап отырмайды. Тепсе темір үзетін жігіттердің өзі бел шешіп кіріспейтін шаруаны ойға алды. Тас соқты. Монша салмақшы. Монша салу да көп күшті, қаржыны қажет етеді. Жанкештілігі, қайраттылығы, еңбекқорлығы көпке үлгі, – дейді.
Иә, расымен де бағайын десе малы жоқ, «аурумын» дейін десе ауруы жоқ болса да, үйдің көлеңкесінен ұзамай-ақ үкімет беретін атаулы көмекпен ілдебайлап күн кешуді жөн санаған көп еркек кіндіктіге үлгі. Ғарифолланың тұңғышы да өзінен кейінгілерге еңбекпен ғана бәрін жеңуге болатынын жиі айтады.
– «Аяз әліңді біл» деп бауырларыма басымыздан өткен қиындықты жиі айтып отырамын. Өзің еңбек қылмасаң, әрекет етпесең, ешкімнен еш қайыр болмайды. Кинодағыдай мал-мүлік, қыруар ақшаны мұраға қалдыратын ағайын да жоқ. Тек өзіңнің қайрат-күшің, еңбегіңнің арқасында ғана өзіңе жағдай жасайсың деймін, – деп қояды Ділдәміз.
– Ерінбегенге мал дегенің қып-қызыл пайда ғой. Сауып май-қаймағын, жүнінен төсекше жасап, аудан орталығына апарып, дүкендерге қойып жүрдім. Ешкінің түбіті де қыруар пайда. Тек ерінбеу керек. Он екі мүшең аман болса, әр кім өз тірлігін жасай алады екен. Осыны түсіндім. Малдың шуын шұлғау қыла жүріп, мал басын көбейтім-ау, енді сол малды қайда жаямын деген мәселе туындап тұр. Кішігерім ауылда көп малмен отыра алмайсың. Ауылдың айналасында ұлтарақ да жер жоқ. Бәрінің иесі бар. Жағдай өзіңізге де жақсы таныс қой. Соңғы жылдары шөптің шығымы жоқ. «Мал-жаның аман ба?» деп малдың амандығын жанның амандығынан бұрын сұрап жатамыз ғой. Жайылым үлкен дау тудыруы мүмкін. Қызғаныш қой. Жер керек. Шаруа қожалығы боп тіркеліп, жер алғым келеді. Осы мәселені шешу үшін тиісті мекемелерді жағалап жүрмін, – дейді Ділдә.
Біз барған кезде кейіпкеріміз мал басында жүр екен. Ешкісі төлдепті. Төрт бірдей лағы бар.
– Құтты қонақ болдыңдар. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» дей ме? Лақтарыма ат та табылып тұр. «Орда жұлдызы» деп қоямын. Редакция, газет деп қатарын толықтырамын ғой. Шаруам жақсы шешім тауып, сүйіншілі жаңалық болар деп жорып тұрмын. Осы күнге дейін жағдайымды айтып, әкімдікке барып көрген жоқ едім. Көпбалалы аналарға үй беріп, осал топ деп жалғызбасты ана, мүгедек адамдарға қайырымдылық көрсетілетінін жазып жатасыз ғой. Ұлан-ғайыр жерден мен сияқты тырнақтап қор жинаған адамға да оң көзімен қарап, мәселемді оңтайлы шешіп берсе ғой, – деп үмітін үкілеп қояды. Үміті алдамаса екен дестік.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz