7.04.2021, 12:29
Оқылды: 275

Жапондықтар баласын қалай тәрбиелейді?

Бала тәрбиесі туралы сөз қозғалса, екінің бірі «жапондықтар баласына ұрыспайды, жапондықтар қол жұмсамайды» деп артықшылықтарын мысалға ала жөнеледі. Әлбетте, әр ұлттың бала тәрбиесіне қатысты өмірден өз түйген-білгені бар. Соңғы кездері европалықтар да өзгеге оңайлықпен сыр алдыра қоймайтын жапон халқының бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдеріне қызығушылық танытуы бекер емес. Бір қызығы, жапондар мен қазақтардың бала тәрбиесіне келгенде көптеген ұқсастықтары бар. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейтұғын қағидалар екі елдің де тәрбиесінде өзіндік орны бар. Алайда, жапон халқы бала тәрбиесіндегі дәстүрлі әдіс-тәсілдерді мыңдаған жылдар бойына қалтқысыз сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғап келеді. Ел-жұрттың жапондықтар ақылды балаларды қалай тәрбиелеп, өсіреді деп таңқалуларын осыдан-ақ түсінуге болатындай. Ендеше, парасатты, саналы тұлға қалыптастырудағы жапон елінің методикалық тұжырымдарына зер салып көрелік...

inde1 (1)

Баланы үшке дейін анасы тәрбиелейді

Жапонияның бала тәрбиелеудегі философиялық-педагогикалық ілімі икудзи деп аталады, яғни осы ілім әр ата-ананы балаға дөрекілік танытпауға, дауыс көтермеуге, шыдамдылық танытып, еркелетуге, жылы қарым-қатынас орнатуға үндейді. Сәби дүниеге келген күннен анасы баласын жалғыз қалдырмауға тырысады. Себебі, жапондықтардың түсінігінде сәби – ерекше жаратылыс. Тіпті қандай қауырт шаруасы күтіп тұрса да баласын біреудің қолына қалдырмайды. Дүкен аралауға да омыраудағы баласын көтеріп барады. Жапон әйелі үшін баласын үйде қалдырып, өзі сыртта жүруі адамшылыққа жатпайтын ерсі әрекет боп саналады. Баланы 3 жасқа дейін оның тәрбиесімен арнайы күтуші, балабақша тәрбиешілері, қала берді, ата-әжесі емес, тек анасы ғана айналысады. Бұл жапондықтардың ұлттық дәстүріне негізделген ереже. «Жұмысбасты ана» деген ұғымды қоғам қабылдай бермейді. Сондықтан да үшке толмаған сәбиін балабақшаға беру үшін де салмақты себебі болуы керек. Жапонияда балабақшаның «Хойкуэн» және «Етиен» деп аталатын екі түрі бар. Хойкуэнге негізінен тұрмыстық жағдайына байланысты бала күтімімен үйінде отыра алмайтын ата-аналардың балалары ғана алынады. Алайда, төл дәстүрді берік ұстанатын аналар көп болғандықтан бұл жердегі бүлдіршіндердің саны өте аз. Ал «Етиенге» мектепалды дайындықтан өтуі тиіс үш жастан асқан балалар қабылданады.

Жапондық ата-ана ұл-қызына жеке басының мүддесінен гөрі, қоғамның мүддесін биік қоюды үйретеді. «Күншығыс елінде» көшенің қақ ортасында немесе сауда орталықтарында тәрбиесіздік көрсетіп, қалағанын алдыру үшін айғайлап жылап, мазасыздық танытатын баланы көруіңіз екіталай. Бес жасына дейін балаға айғайламақ түгілі қол жұмсауға мүлдем болмайды, ешбір ісіне шектеу қойылмайды. Егер бала өзіне зиян тигізетіндей нәрсеге барса, анасы ақырын ғана мұның себебін түсіндіреді. Осындай шексіз мейірімділіктің арқасында балалар өздерін қауіпсіз сезініп, қоршаған әлемді жан-жақты тануға ұмтылады. Ата-анасы тарапынан жылулық пен махаббатқа бөленіп өскен бала есейгенде оларға да құрмет көрсетіп, сыйлайтын болады.

Мектепке емтихансыз қабылданбайды

 index — копия

Дәл солай. «Етиенді» аяқтаған соң балалар мектептің табалдырығын аттаулары тиіс. Алайда бұл да сіз ойлағандай оңай шаруа емес. Әуелі тиісті емтихандардан өтуі тиіс. Егер сыннан сүрінсе, дайындық тобында білімін шыңдап, келесі жылы бағын сынап көреді. Сондықтан, әр ата-ана балабақшадағы алған біліміне көбірек басымдық береді. Сәйкесінше тәрбиешілерге де қойылатын талап өте жоғары. Жапонияда балалар 6 жыл бастауыш мектепте, 3 жыл орта мектепте, 3 жыл жоғарғы мектепте және 4 жыл университетте оқиды. Бастауыш сыныптың оқушыларына үй тапсырмалары берілмейді, барлық жаттығуды ұстаздарымен ғана орындайды. Жапон оқушыларына шаш бояуға, көлемді сәндік бұйымдар тағуға, ұялы телефон ұстауға рұқсат етілмейді.Сол үшін де мектептің ауласына телефон будкасы орнатылған. Қажет кезде сол жерден хабарласа алады. Ең негізгі пәндер жапон тілі, математика, музыка және дене тәрбиесі екен. Сондай-ақ, жапон мектептерінде еден жуатын қызметкер атымен жоқ. Сабақ аяқталған соң әр бала сыныбын тазалап, реттеп кетуі міндетті.

Жапондықтар баласын мақтамайды

Ата-аналар ұл-қызын жұрттың көзінше мүлдем мақтамайды. Барлық баланы тең көреді. Әңгіме барысында кез-келген жапондықтың «менің ақымақ балам» деп сөйлейтінін аңғаруға болады. Бұл эпитет арқылы олар әр  баланың ақылды, дарынды, өнерлі екендігін, ешқайсысын бөліп-жаруға болмайтындығын ұқтырады, яғни ата-аналар ұл-қызына «бәленшенің баласын қарашы, қандай білімді, сен неге соған ұқсамайсың» деп кемшіліктерін бетіне басудан аулақ. Балаларды білім, өнер жағынан бір-бірімен жарыстырып, бәсекелестік тудыру үрдісі де байқалмайды. Сондықтан да жапондық оқушылардың бойынан «мен сыныптасымнан озып кеттім, мен мықтымын» деген сыңды пиғылды көре алмайсыз. Тіпті, баланың өзін сахнаға жарқыратып шығару, жетістіктері үшін ұлықтау педагогикалық этикетке жат саналады. Қандай ма шарада оқушылар хормен ән айтады, бірге билейді, топтанып жүреді, кез келген істі жұмыла атқарады.

«Жапондар көзбен жейді»

«Обентум» дегеніміз – 24 түрлі өнімнен тұратын ұлттық ас мәзірінің жиынтығы. Әр ата-ана оқушы баласына күн сайын мектепке осы мәзірге сай тағамдарын дайындап беріп жібереді. Обентумды дүкеннен сатып алмайды, өз қолымен әзірлейді. Жыл мезгілдеріне сай тағамның түрлері де, безендірілуі де өзгеріп отырады. Обендумды тұтыну кезінде бала эстетикалық ләззат алуы керек деп есептейді. Жалпы айтқанда, жапон дастарқанында эстетикалық көрініске мән беріледі. «Жапондар көзбен жейді» деген мәтел осыдан қалса керек. Сондай-ақ, әр мектептің асханасында тағамдардың сапасын, құрамын қадағалайтын диетолог маман бар. Оқушыларға өздерімен бірге дәрілік препараттар, тәтті кәмпит, шоколадтар т.б. зиянды нәрселерді әкелуге болмайды.

Р/S: Баласының қылығына көңілі толмай, «сөз ұқпайсың, айтқан ақылым желге ұшқаны ма?» деп налыған ата-аналарды да, керегін алдыру үшін қиғылық салып, айқайға басқан баласын шапалақпен ұрып, ашуын төккен ата-аналарды да көріп жүрміз. Былай қарағанда әңгіме қылып, жария ететін тақырып емес секілді. Дегенмен, көпшіліктің бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытып, селқос қарайтындығы ащы да болса шыңдық. Сананы тұрмыс биледі деп  ұрпағымызды білімнен, өнерден, адами қасиеттерден алыстатып алған жоқпыз ба? «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген қазақ халқы үшін ұл-қызының әдебі әркез өзекті болған-ды, бола да бермек деп ойлаймыз... Әсіресе, батыс өркениетінің жағымсыз көріністері белең алған тұста ұл-қызымыздың жүріс-тұрысын, ой-қылықтарын назардан жіберіп алмасақ игі...

Жапондықтарды үлгі етіп, ұлттық тәрбиемізді көзге ілмеуден аулақпыз...

 

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале