Бәйтерек аудандық ауруханасының психологі Юлия Яфарова аудан орталығындағы колледж ұстаздары, волонтерлар мен студенттер және аудандық аурухана жанынан құрылған "Жігер" жастар денсаулық орталығымен бірігіп, «Марафон здоровых привычек» атты іс-шара ұйымдастырды.
Марафон барысында студенттер мен еріктілер «Біз темекі шегуге қарсымыз» ұранымен аудан орталығындағы қоғамдық орындарды аралап, ауыл тұрғындары мен қонақтарына темекі шегудің зияны туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ тұрғындарға шылымды алмаға алмастыру туралы ұсыныстарын айтты. Көп адам жастардың бастамасына қолдау танытып, темекілерін алмаға ауыстырып жатты. Болашақта аталған акция тағы да өтетін болады.
- Никотинге тәуелділік – психологиялық сипаттағы проблема. Адамдардың көпшілігі шылым шеге отырып, стрестен құтыламын деп ойлайды. Күн сайын темекі шегетіндерге болашақта зиянды әдеттен айырылу қиынға соғады. Сондықтан біздің шарамыздың басты мақсаты – аудан тұрғындары арасында шылымқорлықтан саналы түрде бас тарту дағдыларын қалыптастыру. Адам ағзасына шылымқорлықтың зиянды әсері туралы түсінік беру арқылы саналы ұрпақтың ержетуіне септігімізді тигізу, - дейді аудандық аурухананың психолог-дәрігері, «Жігер» жастар денсаулық орталығының басшысы Юлия Яфарова.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz