1.07.2021, 15:44
Оқылды: 53

Бардың бағасын білейік!

«Қазсушар» РМК БҚФ Бөкей ордасы өндірістік учаскесі. Басқасын қайдам біздің ауданда бұл мекеме атауы – ұйымшылдықтың, тиянақтылық пен тас түйін тәртіптің бренді іспеттес. Қырық рулы елдің адамдары болса, бір үйдің баласындай. Аудан көлемінде қолға алынған үлкенді-кішілі қайырымдылық шаралары болсын, мерекелік бағдарламалар болсын, бұл ұжым белсенді қатысады. Жазылым науқанында да «қазсушарлық» ағайын сөзбұйдаға салмай, бір жылға бір-ақ жазылып, жазылым мәселесін желтоқсанның аяғына жеткізбей, нүктесін қойып тастайды. Бәрін айт та бірін айт, шілденің 9-ында су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Осы айтулы күн қарсаңында бірлігі мығым ұжымның басшысы Махамбет Кенжеғалиевті аз-кем сөзге тартқан едік.

 Махамбет Кенжегалиев

- Сұхбатымыздың «бисмилласын» аудандағы су қорының мөлшерінен бастасақ. «Аймекеннің суы 27 жылға дейін жетеді екен.  Ысырапшылық пен тұтынушының көптігінен Аймекеннің суы мерзімінен бұрын түгелсігелі тұр. Аймекеннің су қоры күннен-күнге азайып, орман сусыздықтан селдіреп қалды. Қарағай біткен сұлап түсіп жатыр» деп ел аузындағы сөздің негізі бар ма? 

- Бірден кесіп айтсам, су қоры 27 жылға ғана есептелген, 27 жылдан кейін ауданда су тапшылығы орын алады деген қате түсінік. «Жайық гидрология» АҚ 2013 жылы су мөлшерін есептеу шараларын жүргізді. Мұндай есептеу, нақтылау жұмыстары жиырма жеті жылда бір жүргізіліп тұрады. 2013 жылғы барлау-есептеу жұмыстарының нәтижесінде Аймекеннің су қоры жеткілікті деп танылып, тәуліктік лимит 6048 текше метр боп бекітілді. Бұл жиырма жеті жылға бекітілген лимит. Жиырма жеті жылдан кейін есептеу-барлау жұмыстары қайта жүргізіледі, бұйыртса. Ел арасындағы «Аймекеннің суы жиырма жеті жылға ғана жетеді екен» деп жаңсақ пікір осыдан қалыптасып отыр. «Жиырма жеті жылға жететін су қоры бар, қанша пайдаланамын десе өзің біл!» деген жоқ. Жыл аяғында тұтынушылар есебін негізге ала отырып, судың пайдалану мөлшерін белгіленеді. Сұраныс қабылданады.  2018-2023 жылдарға арналған судың пайдалану мөлшері бекітілген. Мұны жергілікті атқарушы орган не біз бекітпейміз. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі «Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РМК ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып бекітеді. 2020 жылға рұқсат етілген су мөлшері – 255 612 текше. 2023 жылдарға қарай бұл мөлшер еселеніп, судың пайдалану мөлшері 300,0 текшеге дейін артқан. Судың пайдалану мөлшері жыл маусымына қарай өзгеріп отырады. Қыста, нақтырақ айтсақ, қаңтарда 14 600 текше пайдаландық. Шіліңгір ыстықта суды көп тұтынамыз. Бау-бақшаға пайдаландық дегеннің өзінде маусым айында 30 мың текше су тұтынып отырмыз. Ай сайын есеп тапсырамыз. Бекітілген мөлшерден аспау қатаң қадағаланды. Біздің де үстімізден тексеріп, бақылап отыратын мекемелер бар. Сейітқали елді мекенінде «Жайық гидрология» АҚ бақылау ұңғымасы орналасқан. Бізге тәуелсіз маманы бар. Ол да пайдаланылатын су мөлшерінің бекітілген су мөлшерінен аспауын, жер асты суының мөлшерін бақылап отырады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы РМК-ге тоқсан сайын жер асты суының мөлшері туралы есеп тапсырылады.Ауызекі тілде Аймекен аталып кеткен елді мекеннің техникалық құжат бойынша заңды атауы – Шортанғай елді мекені. Дәл қазіргі таңда осы елді мекенде сегіз ұңғыма іске қосылған. Су құбырының жалпы ұзындығы – 202 шақырымды құрайды. Ордадан бастау алып, Сайқын, Мұратсай, Ұзынкөлмен жалғасып, Жәнібекке дейін қамтиды. Шортанғай суын 15 753 адам тұтынып отыр, 3611 үйге су кіргізілген.  Тәуліктік лимит 6048 текше метр деп айттым, дәл қазіргі есеп бойынша тәуліктік лимит 626 текше метр боп отыр. Яғни, рұқсат етілген лимиттің 10%-ын ғана тұтынып отырмыз.

Десе де ел арасындағы «су мөлшері азайды», «қарағайлар құрдымға кетіп жатыр» деген пікірлеріне құлақ аспай отырғанымыз жоқ. Тиісті органдарды хабардар етіп, қажетті зерттеулер жүргізіліп отыр. Қарағайлардың құлауына тек жер асты суының кеміп кетуі ғана себепші болмауы мүмкіндігі айтылды. Ыстық климат, қарағайлардың жас мөлшері де есепке алынуы керек. Ел аузында «қараңғы жол» аталып кеткен жолда жер үнемі дымқылданып тұрады. Көлшіктер ұдайы болады деп айтуға болады. Су мөлшерінің көп болуы да өсімдік әлеміне кереғарлығын тигізетінін ескеруіміз керек. Өзің де көрдің, су 1,90 метр тереңдіктен өніп жатыр. Өткен айдағы есеп бойынша 2,0 метрден өніп еді. Су деңгейі түскен жоқ қайта көтерілді деуге болады.

IMG-20210415-WA0020

- Жақсы. «Аймекеннің суы жиырма жеті жылға ғана жетеді» дегеннің пікірдің жаңсақтығын соқырға таяқ ұстатқандай ғыпы түсіндіріп бердіңіз. Дегенмен, су тапшылығы ХХІ ғасырдағы он қатердің бірі болады деген пікірді жоққа шығармайтын шығарсыз. Су тапшылығының ықтималдығын зерттеуші мамандардың сөзіне құлақ түрсек, бір миллиард адам таза суға зәру болса, үш миллиард адам сапасыз су тұтынғаннан денсаулығынан айырылып, түрлі аурудан зардап шегіп отыр. Жер шарындағы барлық судың 3,5%-ы ғана тұщы су. Елімізде де су тапшылығы өткір мәселе. Қазақстан Араб елдерінен  кейінгі шөлейтті аймақ саналатыны бар ғой. Еліміз бойынша да су мәселесі күн тәртібіндегі өткір мәселенің бірі ғой.

- Су қорының тапшылығы әлем халықтарының бас ауруы екені белгілі. Жоққа шығара алмаймыз. Жер шарындағы барлық судың 3,5%-ы тұщы су. Тұтынушы санының жылдан жылға артуы, өндірістің қарқынды дамуы бар, климаттық өзгерістер бар су дағдарысының туындауына себеп көп. Су тапшылығы мәселесін сауатты түрде шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Қазір ащы суды тұщытатын да әдіс-тәсілдер өндіріске енгізілген. Судың тірлік көзі екенін жақсы білетін ағайын сол алтыннан қымбат суды пайдалануға келгенде ысырапшылдыққа жол беретіні жасырын емес. Тұтынушы халық үшін бір текше метр су құныбар болғаны 40 теңге,  95,07%-ын үкіметтен берілетін субсидиямен жабылады.  Қазіргі жастың да, жасамыстың да сүйікті сусынына айналған «Coca-cola»-ның бір литрі 300 теңге, бір бөтелке салқындатылған суды 250 теңгеге алып отырған да ауыз суымыздың айтарлықтай арзанға бағаланып отырғаны түсінікті. «Арзанның жілігі татымас» деген рас қой. Қалтаға салмақ түсірмеген соң үнемдеуді білмейміз. Қазір екінің бірінің үйіне су кіргізілген. Соңғы жылдары қалтасы көтерген ағайын ванна, душ орнатып, әжетхананы іштен жабдықтап алды. Осының бәріне тұщы су пайдаланудамыз. Ауылдағы ағайын малын суару үшін құдықтан су тартып азаптанбайды. Көлеңкеде отырып кранды бұрай саламыз. Қауға шелекті ұмыттық.  Ғаламдағы миллиардтаған адамның аузына тимей отырған тұщы сумен дәретімізді айдап отырмыз. Ащы да болса шындық осы.

IMG-20210401-WA0018 (1)

- Ол үшін әрине, техникалық суды кәдеге жаратуымыз керек қой.

- Иә, таза ауыз суды үнемдейміз десек, техникалық суды іске қосуымыз керек. Аллаға шүкір, техникалық су көзі бар. Сайқыннан 25 шақырымда Шанабас елді мекенінде де су көзі бар. Бірақ бірден іске қосуға мүмкіндік жоқ. Бұрын ауыз су ретінде тұтынған Гришка елді мекеніндегі суды техникалық су ретінде іске қоссақ, жақсы болар еді. Ұңғыма да, су құбыры да, су көзі де бар. Электр жарығымен де қамтамасыз етілген.

- Ендігі сөз басын сіз басқарып отырған мекеме жұмысына бұрсақ. Стратегиялық маңызды нысан саналатын мекемеде жұмыс жасау қиын ба? Жұмысқа қалай қабылданады?

- Бір жылда 202  шақырымды құрайтын су құбыры бойында орташа есеппен алғанда 20-22 апатты жағдай орын алып жатады. Апатты жағдай орын алып жатқанын өзімізден басқа өзге жұрт сезбейді. Себебі судың берілуінде кідіріс болмайды. Жігіттеріміз дереу атқа қонып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күн, түн деместен тәуліктің кез келген мезгілінде апат орнына аттанады. «Қазсушар» РМК БҚОФ Бөкей ордасы өндірістік учаскесіне кез келген адам қызметке кірісе алады. Әрине, бос жұмыс орны болса. Үміткер алдымен екі ай сынақ мерзімімен алынады. Сынақ мерзімінен өткеннен кейін де бірден жауапты жұмыс тапсырылмайды. Бір жыл уақытша қызметкер боп, байырғы қызметкерлердің қасында жүріп, үйренеді, тәлім алады. Бір жылдан кейін барып, тұрақты қызметке қабылданады. Жалақы тұрақты, сыйақы беріліп, ынталандырылады. Апатты жағдай орын алғанда далалық жұмыстарға тартылса, еңбегі елеусіз қалмайды. Еңбек ақысы арнайы  бекітілген штаттық кесте бойынша төленеді. Қызметкерлеріміздің орташа еңбек өтілі – 10 жылдан астам. Ұжым тұрақты. Тіпті династияларымыз да қалыптасқан. Әкелі-балалы Мұхитовтар, ағайынды Қарабалиндер, Файзуллиндер мен Шигаевтарды атап өтуге болады. Марқұм Қазбек Мұхитовтың еңбегі еленіп, «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі орденін алған еді. Бүгін де оның ұлы Мейірбек әке жолын жалғап, инженер-механик боп қызмет етуде. Қарабалиндердің еңбек жолы сонау 90-жылдардың бел ортасынан басталса, Бағдагүл, Алмас пен Денис әкелері Хайырболаттың ізін жалғастыруда. Шигаевтардың еңбек жолы әулеттің үлкені Меңдібайдан басталып, інісі Өтеғаймен, кейін оның ұлы Багирдың қызметімен жалғасып отыр. Сондықтан болар ұжымда бірізділік, тұрақтылық қалыптасқан.

Стратегиялық маңызды нысан болғандықтан біздің жұмыс қызметкерлерімізге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қызметкерлер жыл сайын аттестациядан өтеді. Біліктіліктерін арттырады. Жылдың қандай мезгілі, тәуліктің қандай мерзімі, ауа райының қандай кезі болса да, тас түйін дайын болуы керек. Станса қызметкерлері екі есе қырағы болуы керек. Өзіңіз де байқаған боларсыз, І, ІІ, ІІІ өрлеу стансалары камерамен жабдықталған. Су жинақтау сыйымдылықтарына титтей болса бөгде заттың түспеуі қатаң қадағаланады.

- Ұдайы тас түйін дайын жүретін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да қарастырылған шығар.

- Әрине, алмақтың салмағы бар. Әлеуметтік пакет те, техникалық қамтамасыз ету де біркелкі шешілген. Алдымен әлеуметтік пакетке тоқталсақ, тұрақты қызметке қабылданған әріптесіміз еліміздің түкпір-түкпіріндегі санаторияға барып, дем ала алады. Күзде балалары мектепке баратын қызметкерге ақшалай көмек көрсетіліп, қысқы азық қорын жинақтап алуға да қаржы қарастырылған. Еңбек демалысына шыққанда бір айлық көлемінде емделу ақысын ала алады. Далалық жұмысқа жолданған қызметкерге күндік ас-суы беріледі. Өндірістік қауіпсіздік толық қарастырылған. Қысқы, жазғы арнайы киіммен, аяқ киіммен толық қамтамасыз етіледі. Жазғы киім-кешегі жыл сайын, қысқы киімі үш жылда бір жаңартылып беріледі.  Техникамыз да толықтай жаңартылды. Заманауи үлгідегі трактор, экскаватор, кранымыз, дәнекерлеу аппараты алынды.  Соңғы жылдары инвест бағдарламамен материалдық-техникалық базамыз толықтай жаңартылды.

- Мекеме тарихына, кәсіби мерекеге орай аға буын өкілдерінің де  еңбегін ескере кетсек, артық болмас.

- Ауданда 1992-2006 жылға дейін су шаруашылығына қатысты қызметті  Орда топтасқан су құбыры мекемесі атқарды.2006-2011 жылдар аралығында еншілес мемлекеттік кәсіпорын боп қызмет етті. 2011 жылдан бастап ҚР АШМ «Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің БҚФ Бөкей ордасы өндірістік учаскесі болып құрылды.Біздің аға буын қатарынан ұзақ жылдар бухгалтер болған Гүлбану Омарғалиева, инженер-механик боп қызмет еткен Иманбай Машотов, ӨТБ бастығы болған Ерболат Мұратов, қарапайым көлік жүргізушісіне бастап, автокранды «тақымдаған» Сәрсенбай Қабахов, дәнекерлеуші Даниал Өтеғалиев ағаларымыз бар. «Мейірімді көктем», қариялар күнінде аға әріптестерімізге құрмет көрсетіп, қызмет қып, кәдесіне жарап, сыйластық танытып тұрамыз.

- Сан жылдар тарихы бар, бағындырған белесі, қалыптасқан ұжымы бар мекеменің күн тәртібінде тұрған мәселелері де баршылық шығар?

- Әрине, жұмыс болған соң мәселесіз бола ма?!  Әңгіме басында айтып кеткендей техникалық суды іске қоссақ, ысырапшылдықтың жолын кесер едік. Апатты жағдайдың басым көпшілігі Мұратсай-Жәнібек су құбыры бойында орын алып жатады. Осы кезге дейін трассаның басым бөлігін полиэтилен құбырмен алмастырдық. Енді осы көрші ауданға баратын 54 шақырымды полиэтилен құбырмен алмастырып алсақ, апатты жағдайлардың саны азаяр еді. Аталмыш мәселе басшылық назарына ұсынылды. Маусымның басында Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазсушар» РМК-ның маманы Асқар Базылбаев осы мәселе бойынша арнайы келіп кетті. Енді топограф мамандар келуі керек. Жер бедерін зерттеп, километражын шығарады. Сол бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады. Қаржы кәсіпорыннан қарастырылады. Сайқын басындағы тұтынушы саны да артып келеді. Суға сұраныс көбейді. Осыған орай ІІІ өрлеу стансасындағы су жинақтау сыйымдылығының көлемін ұлғайту да уақыт күттірмейтін мәселе.

Сөз ретінде айта кетейін, халықтың сана-сезіміне қатысты базынамыз бар. Әлі күнге люк ұрлау толастар емес. «Ұсталмаған ұры емес» деген, үйіне септика орнататын ағайын люк қақпағын «сұрамай» алып кетеді. Жәнібекті жалғап жатқан трасса түгел шойын еді, мысқа алмастырып, топыраққа көміп ұстап отырмыз. Өз ризығын өз ұрлаған ағайынға таңым бар. Бір қақпақты тегін иеленемін деп қоғамға зиянын тигізіп жатқанын ұқса екен.

- Түйсінер жан болса, түсінікті ғып айттыңыз. Уақыт бөліп, ұңғыма басына апарып, егжей-тегжейлі түсінік беріп, сұхбат құрғаныңыз үшін рақмет. Сізді, сіз арқылы үлкен ұжымды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бірлігі жарасқан, қайырымдылықтан қашпайтын, жауапкершілігі мығым ұжым боп, жетістікке жете беріңіз. Еңбегіңіз әр кез елеулі болсын!

  

Сұхбат құрған

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале