Міне, тағы бір жаз айы тәмамдалып келді. Алқаптарда егін пісіп, жаз бойы көкке тойынған төрт түлік малдың бүйірі шығатын кез. Бау-бақша салған диқандар үшін де бұл кезең үлкен қарбаласқа толы. Көкөніс пен бау-бақша өнімдерінің алды дүкен сөрелеріне толтырылып, тұтынушыларына жеткізілуде. Небір түрлісі дастарханымызды сәндеп, одан сайын берекесін кіргізуде.
Соңғы жылдары елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суды аз қажет ететін картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егудің маңыздылығы артты. Ал жақсы өнім алу үшін оған тиісінше күтім керек. Республика бойынша аймақтың климаттық жағдайы мен табиғи-ресурстық әлеуеті осы өнімдерді өсіруге қолайлы жер-жердің барлығында жұмыс қыза түскен. Шыққан өнімді жиып, өткізудің қамын ойлаған әрбір бағбан қолда бар мүмкіндікті толығымен пайдалануда. Бақша жұмысы біздің шыңғырлаулық тұрғындар арасында да өріс алғалы қашан, жеке аулаларда жайқалған көкөністі, жеміс-жидек себеттерін байқайсыз. Бұны, әрине, тұрғындардың пайдалануына берілген техникалық судың оң нәтижесі деп білген жөн.
«Ауданымызда көкөніс егіп, көлемді бақша салатындар саны саусақпен санарлық. Дегенмен де, қара жердің төсін идіріп, маңдай терін төгіп, еңбектенген жанға табиғат ана да барын берері анық. Ал бізде өнген өнім жерде қалып көрген емес. Оның үстіне бұл бағыттағы жұмыстарда қозғау да, қолдау да бар. Көктемнің бір күнін жылға азық санайтын диқан мұны жақсы біледі», – дейді ауыл шаруашылық мамандары.
Бақшасын салып, оның өнімінен табыс тауып отырғандардың бірі - шыңғырлаулық Петр Рудь. Мамандығы дәнекерлеуші болса да, бақша егуге әуелден ебі бар болып шықты. Оған себеп – мүмкін өз үйінің табиғатқа жақын орналасқандығынан да болар. Шаруа, пысық жігіт жеке аула шаруашылығын дамытып, сегіз ірі қара, ұсақ мал, оған қоса құс ұстап, оны күтуді күнделікті ісіне айналдырғалы қашан. Ал үй іргесінде толқып аққан Елек өзені, айналасы тал-шілік, бау-бақша егуге тіптен ыңғайлы еді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қиын да қызықты іске бел буған Петр бұған дейін де бақша егудің қыр-сырымен жіті таныс болатын. Ендігі уақытта өз алдына жұмыстанып, талаптанып көруді айтқанда жұбайы Татьяна да қолдай кетті. Әрі екі баласын да пайдалы іске бағыттау ойларында болатын. Сөйтіп, қолдағы барды-жоқты қаражаттарын жиып, үй қасындағы жерді пайдалануға рұқсат алып, жұмысты бастаған екен.
Тынымсыз еңбекті қажет ететін әрі ауа райына тәуелді ететін бақша жұмысы біртіндеп бір ізге де түскен. Тіпті өздерінің көңілдерінен шыққаны шындық.
Биылғы жылы да Петр екі гектар жерге, ең алдымен, қияр еккен. Тамшылатып суару әдісін қолданған алқапқа қажетті керек-жарағы келіп болмай, биылғы көктемде егісті сәл-пәл кешеуілдеткенін айтады. Әйтсе де күні-түні бақша басында жүріп, мол өнімге қолдары жетіпті. Бүгіндері күн сайын 200-250 келі өнім жиылады. Айта кеткен жөн, қияр дәнін Ақтөбе қаласы арқылы Голландияға тапсырыс беріп, көп күттірмей «Маша», «Кураж», «Атаман» сортының 8 пакетін сол арнайы тапсырыспен алдырған. Құны да арзан емес. Әрбір пакеті 19500 теңге тұрады. Әр пакетте 1000 данаға жуық дән болады.
Екі-ақ гектар жерге бақша отырғызу үшін жер өңдеуге, қажетті құрылғы, қосалқы бөлшектер және тағы да басқа жұмыстарына кеткен шығын 600 000 теңгеге жетіпті. Бақшаны аралай жүріп, тамшылатып суару әдісінің пайдалы болғанын байқадық. Биылғыдай аптап ыстықтың бетін қайтарып, өнімнің өспей жатып қурауына жол бермепті. Күз келіп қалса да қияр жапырақтары сол күйі, әлі талай келілеп өнім беретін сыңайлы. Аралас бақшада, қызанақ, бұрыш, асқабақ, кәді де өсіп тұр.
Бақшада диқанның отбасы дамылсыз жұмыс жасауда. Сонымен қатар бірнеше ата-ана балаларын еңбекке баулуға әрі табыс табуына сеп болсын деп көмекке ұл-қыздарын қосыпты. Олар да қолғабыс етіп, өнім жинау үстінде екен.
Жас жігіттің алдағы күнге жоспарлары да қомақты. Үй қасынан көлемі 12х3 болатын жылыжай жасауды ойластыруда. Бақша берген өнімдерді сату аяқталысымен бұл жұмысты да мықтап қолға алатынын жеткізді. Қажетті құрал-саймандары бар, тек көгілдір отынмен жылыту мәселесін шешу қажет дейді. Айтпақшы, Петрдің бақшасында теңкиіп-теңкиіп ала қарбыздар да өсуде. «Тобчак» сорты және қабығы жұмсақ, өзі сап-сары «Дюна» қауындары да алқаптың сәнін келтіріп-ақ жатыр.
Петр азық-түліктен тапшылық көрген отбасылары үшін бақша өнімін солай-ақ беріп жүргендерін айтты. Шыққан өнімінің тез әрі тиімді бағамен өтуінің бір себебі Рудь отбасы сұраныс бергендер үшін бақша өнімін үйіне дейін тегін жеткізуді жақсы жолға қойған. Бұл да бір қазіргі таңда нарықтық бәсекелестікке бейімделу жолының бірі десек болады. Осындайда «Бақша еккеннің бағы жанар» дегің келеді. Еңбек етсең, оның жемісін де осылай көрген дұрыс қой!
А.Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz