18.08.2021, 11:46
Оқылды: 70

Еңбек жемісі

Жуырда Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылына ат басын бұрып, ондағы жасалып жатқан жұмыстарға көз жеткіздік. Аталмыш ауылдың маңындағы бөгет алыстан көз тартып тұр. Әрине, Ақтаудың бөгеті арқылы өтетін бұлақтың қайнар көзінен биылғы жылы су мол өнуде. Ауылда мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункті және мәдениет үйі халыққа қызмет жасап тұр. Қазіргі таңда Ақтау ауылы маңындағы бұлағымен кеңінен танымал. Оның өзі сүйсінтеді. Сол жерден өтіп бара жатқан жолаушылар бұлақтың суынан дәм татып, тамсанып кететіндерін естіп жүрміз. Бөгеттің де ауыл халқына тигізер пайдасы мол.

Еңбегінің жемісі (1)

Нұрсейт БЕЛГИН,

Ақтау ауылдық округінің әкімі:

– Бөгет көптен бері көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі еді. Ауыл тұрғындарының арасында бірнеше жыл бойы айтылып келді. Былтыр арнайы қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүргізілді.

Еңбегінің жемісі (2)

Аталған жұмыстарды аяқтап, қазіргі таңда бөгеттің пайдасын елмен бірге көріп отырмыз. Өткен жылы жерін жыртып, бау-бақша отырғыздық. Үш гектар жерге бақша ектік. Бүгінде еккен еңбегіміз жақсы шығып жатыр. Күзге қарай өздері еккен өнімдерін ауыл тұрғындары жинап алатын болады. Одан бері бұлақтың суы тартылып, өткен жылдары су болмай қалды. Қазіргі таңда бөгеттің маңы қалпына келтіріліп, арнасы суға толды. Оның өзі ақтаулықтарға тиімді болып отыр. Жалпы, демеушілердің қолдан келген көмегімен бұлақ басы абаттандырылды. Ауылымыздың маңынан өтіп бара жатқан адамдардың көбісі біздің бұлаққа тоқтап, суынан дәм татып, тіпті өздерімен бірге алып кетеді. Айналасын тазалап, теректер отырғызу жұмыстарын жүргіздік. Ендігі кезекте ауыл ішіне техникалық су жүргізейін деп отырмыз. Қазір жартылай жасап қойдық. Тамыз айында орталық саябаққа және көше бойына техникалық су жүргізілмек. Ардагерлер көшесіне шамамен 600-700 метрдей техникалық судың құбыры тартылатын болады. Содан соң саябаққа, мектепке және мәдениет үйіне дейін апарамыз деген ой бар. Бөгетімізге кәсіпкерлер балықтар әкеліп, жіберген болатын.

Балықтарды да қазіргі уақытта бағып, олардың тамақтарын беріп отырмыз. Техникалық суды одан әрі тұрғындар өздері қажеттілігіне орай пайдаланатын болады. Егер қажет деп жатса, аулаларына кіргізуге де болады. Бөгеттен мал да су ішеді. Арнасы толғаннан кейін ары қарай Қосшының бағытына қарай ағады. Бұлағымыздың пайдасы өте көп. Келер жылы бау-бақшаның жер көлемін ұлғайту ойымызда бар. Бұл халыққа тиімді. Бір сөзбен айтқанда, өздеріне пайдалы табиғи өнім. Болашақта табиғи өнім алуды одан дамытқымыз келеді. Көпшіліктің арқасында жасалған бөгетіміздің пайдасын елмен бірге көретін боламыз.

Сағынтай ТЕМІРБЕКОВ,

ауыл тұрғыны:

– Өзім осы ауылға 1973 жылы келдім. Сол уақытта бөгеттің жағдайы жақсы еді. Совхоз 1967 жылы құрылды. Ол кезде бөгеттің маңы қоршалған.

Сол уақытта да ауылдастар бақша салып жүрген еді. Содан бері қанша жыл өтсе де, қалпына келмей қойған еді. Сол кездері ардагерлер алқасының мүшесі едім. Бұлақтың маңайы қайта-қайта кеуіп, сұрқы кетіп қалған еді.

бб

Бірақ осы жағдайдың бәрін аудан басшылары келген кезде жанашырлық танытуларын сұрағанмын. Ауыл тұрғындарының өтініштерін құп алған бүгінгі басшыларға алғысымыз шексіз. Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Сол кезде аталмыш бөгеттің мәселесіне қатысты өзімнің ойымды білдірген едім.

Аталмыш бөгеттің сол кездегі жағдайы туралы біршама әңгіме болды. Бірақ көп кешікпей мәселе шешімін тапты. Біз оған бек қуандық. Қазіргі таңда бөгеттің игілігін көріп, ел болып жұмыстанып жатырмыз. Бүгінде арнасы толып, ауылдың сәнін кіргізіп тұр.

Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары бақша егіп қызығын көруде. Аталмыш бөгет малға да, адам баласына да жетерлік. Ауылдық округ әкімі Нұрсейіт Жақыпұлы жас болса да қолынан келгенінше қызмет қылуда. Халықтың қамын ойлап, адал қызмет жасап жатқан жайы бар.

Бақшаны қоршап, жекелерге бақша егуге рұқсатын берді. Одан да басқа көмегін жасауда. Бөгетіміздің болғаны қандай жақсы. Халқымызға пайдасын тигізіп жатқаны қуантады. Біздер ауыл тұрғыны ретінде аудан әкіміне де рақметімізді айтамыз. Тұрғындардың қамын ойлап, қолынан келген көмекті аямайды.

Сәуле ІЛИЯСОВА,

 ауыл тұрғыны:

– Қазір жағдайымыз шүкір. Осы жылы ауылдастарымызға жұмыс көзі табылды. Отбасымен айналысатын іс те бар. Одан қалса, ұжыммен бірігіп жасауға болатын маусымдық жұмыстардың өзі қандай табыс әкеледі десеңізші. Бөгеттің жағалауына ерікті түрде картоп ектік.

Әрине, өзімізге бұл үлкен пайда. Өзіміздің жерімізден шыққан пайдалы өнім. Бұл бөгеттің бізге тигізіп жатқан пайдасын айта берсек көп. Өзімізге де, бау-бақша мен малымызға да тиімді. Ауыл тұрғыны ретінде бөгетіміз барына қуанамын. Осы жылы теректер де отырғызып, ауылымызды көркейттік. Әрине, мұның бәрін әкімімізбен бірге жұмыстанып жатырмыз. Бірлік бар жерде тірлік бар демейді ме, сол айтқандай ауылдың тазалығын ұстап отырған жандарға да рақметімді айтамын.

Сансызбай ЕРЖІГІТОВ,

ауыл тұрғыны:

 – Ауыл үлкендерінің бірі болғаннан кейін, ауылға жауапты қызметке келген азаматтардың жұмысын қадағалап, баға беретініміз бар. Қазіргі таңда жас болса да ауыл халқының басын біріктіріп, бірлікке шақырып отырған ауыл әкімінің жұмысына ризамыз. Ол бүгінде өз жұмысын жауапты атақарып жүр. Бөгеттің мәселесі оңтайлы шешілгеніне қуанышымыз шексіз. Оның үстіне биыл бөгетімізге балықтар жіберілді.

Жерімізде су бар. Ауылымызда бұлақ бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деп бекер айтылмаса керек.

Суы керемет. Бұлақтың суын ішіп, бір марқайып қаламыз. Жақында ғана бұлақтың жанын әдемілеп, абаттандырып қойды. Барлығына тигізер пайдасы мол. Ауылдың адамы ретінде игі істердің басында жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін.

Ақтаулықтардың пікіріне құлақ түре отырып, ризашылықтарын естідік. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, тек жақсылыққа қарай ұмтылатын ауылдастардың болашағынан үміт зор.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале