2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру» ұлттық жобасы әзірленді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Онда оқыту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және бизнеске тарту арқылы жұмыспен қам ту деңгейін және халықтың табысын арттыру үшін жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер көзделген. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау; кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту.
«Бағыттар мен міндеттер бүгінгі таңда еңбек нарығындағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді негізге ала отырып айқындалған. Өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау бойынша ауыл халқына баса назар аударылатын болады. Ауылдық жерлердегі негізгі проблема – бұл еңбек нарығы мен жұмыс орындарының шектеулілігі, сондай-ақ өткізу нарығының аз көлеміне байланысты кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігінің төмен болуы. Көбінесе ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерін сата алмайды», – дейді Еңбекминінің Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаев.
Бұдан басқа, еңбек ресурстарының құзыреті экономика сұраныстарынан артта қалып отыр, тіпті өзекті техникалық дағдылар әрбір 5 жыл сайын ескіріп келеді. «Қызметкерлердің біліктілігі мен дағдылары жұмыс істейтін халықтың жалақысы мен табысының деңгейіне тікелей байланысты. Сарапшылардың есептеуінше, қазақстандық қызметкерлер ЭЫДҰ елдері жұмыскерлерінің дағдыларының орташа деңгейі болған жағдайда қосымша 24 млрд АҚШ долларын таба алар еді», – деп атап өтті Руслан Тілеубаев.
Ағымдағы міндеттерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Осылайша, кәсіпкерлердің жұмыс жағдайларын жасау және жақсарту үшін өндірістік-өткізу тізбектері қалыптастырылып, ауыл шаруашылығы кооперациялары нығайтылатын болады.
«Бірінші кезекте әрбір аудан мен шағын қалалар үшін бизнес тауашалардың әлеуетін көрсететін мастер-жоспарлар әзірленеді, олардың негізінде бизнес-жобалар іріктелетін болады. Өндірістің нақты кейстерін модульдік оқыту, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша бастамалар көзделген. Бұдан әрі өнім өндірушілер мен сатып алушылар тоғысады және өнімді кепілді өткізу мен сатып алу қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Руслан Тілеубаев.
Бұл ретте кәсіпкерлерді тиімді қолдау үшін еңбек нарығында неғұрлым қиындықтарға тап болған жастар, мүгедектігі бар адамдар және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар – азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын субсидиялау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген. Халықтың осы санаттарын жұмыспен қамтуға тарту үшін озық халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген құралдар пайдаланылатын болады:
– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы, ол зейнеткерлік жас алдындағы тұлғалардан 25 АЕК мөлшерінде жалақысын субсидиялай отырып, олардың жастарға тәжірибесін беруді көздейді;
– NEET буынды жастарды жұмысқа орналастыруға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, олардың жалақысы 20 АЕК көлемінде субсидияланады:
– зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін жалақыны қоса қаржыландыра отырып (50%), жұмыс орындарын құруды көздейтін «Күміс жас» жобасы;
– мүгедектігі бар адамды жұмысқа орналастыру үшін «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы;
– «Қоғамдық жұмыстар» жобасы ұзақ мерзімді жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған.
Сондай-ақ, жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде кәсіптік дағдыларды дамыту және сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде Электрондық еңбек биржасының порталы арқылы онлайн режимінде оқыту жүргізілетін болады.
Оқудан өткендердің тағылымдамасы жұмыс орнында тәлімгерлермен бірге өтетін болады, ал жалақысының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды.
2025 жылға қарай Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасының Жол картасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 3,1 млн адам қамтылатын болады, олардың 1,6 млн-ы тұрақты жұмысқа ие болады, ал жұмыссыздық деңгейі 5-тен 4,7% - ға дейін төмендейді.
inform.kz