16.09.2021, 22:07
Оқылды: 63

Бал жүзімге бап керек

«Өседі екен топтанып, өседі екен шоқтанып, жүр оңтүстік қазағы, жүзімімен мақтанып», - деп келетін тақпақ есіңізде ме? Алайда бүгінде жүзім еліміздің жылы аймағында ғана емес, қысы суық, жазы ыстық біздің өңірде де өсе бастады. Бұл сөзімізге қала іргесіндегі С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақта жүзімнің 180-нен астам түрінің өсірілетіндігі дәлел. 

236176975_4231714830210403_1076005300508563837_n

Аталмыш тәлімбақтың директоры, бесаспап бағбан Қайрат Кәрімовтің алма мен өзге де жеміс ағаштарының түрлі сұрпын жасақтап, осы бағытта ғылыми жұмысқа ден қойғаны белгілі. Бүгінде эксперименталды бақта жүзімнің қызылы,  жасылы, күлгіні секілді түр-түрі үлбіреп пісіп, менмұндалап-ақ тұр. Аталмыш жеміс  өндірістік бағытына қарай техникалық, асханалық және мейіз киш-миш сұрпына бөлінеді екен.

– Украина мен Ресейдің селекционерлері бұл жемісті  сұрыптау бойынша алда келеді. Олар жыл сайын жүзім сұрпының түр-түрін шығарып, өнікті еңбектенуде. Бұл мәселеде жаңағы екі ел Өзбекстан мен Тәжікстаннан да асып түсті. Жалпы, жүзім егумен айналысудың өзі «дауасыз дерт» секілді. Өйткені  «Бұл жемісті егетін жер де бітті, енді екпеймін, осымен тоқтайын» деп ойлаймын. Бірақ бәрібір бұл істі қайта жалғастырып, одан сайын қызығушылық арта түседі. Сондай-ақ үнемі араласып, хабарласып отыратын селекционерлер, ғалымдар жаңа сорттардың шыққанын айтып, егуге ұсыныстарын білдіреді. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, өзім де қызығып, жүзімнің жаңа сорттарын тағы да әкеліп, егемін. Осылайша бағбандық жалғаса береді. Жүзім өсіруді менің хоббиім деуге болады. Қыста  жүзімнің суреттеріне қарап отырып, «Бұлардың барлығы менің бағымда шықты ма?» деген ойға қаламын. Мұнда келіп, жүзімнің дәмін татқан кісілердің көбі «Тіл үйірген дәмі әлі аузымызда тұр» деп, ризашылығын айтып жатады, - дейді бағбан.

Screenshot_20210324_033446

Біз де жүзімнің түр-түрінің дәмін татып көрдік. Шынында да, әр сортының дәмі ерекше әрі өзгеше. Кейбірі өте тәтті болса, кейбірінің жұпар иісі бар әрі шырынды келеді. Бақша өнімінен дәм татқаннан кейін сауда орындарындағы жүзімдерге қарағың да келмей қалады екен. Өйткені сатып алып жүрген  жүзімдердің арасында дәмсіздері жиі кездесетіні жасырын емес. Бесаспап бағбанның айтуынша, толық піскен жүзімде қант мол болады екен. Ал біздің өңірге қанты аз  жүзімдер әкелінеді. Өйткені қантты бойына толық сіңірген  жүзімді шалғайдан жеткізу оңай емес, жолда шіріп кетеді.

– Бұрыннан өскен тарихи мекендерінде жүзімнің түрі де, түрлі аурулары да  көп кездеседі. Ал біздің тәлімбақтағы  жеміс-жидектер «сырқат» емес. Өйткені елге көшеттерін тексеріп әкелеміз. Жүзімдер пісе бастағанда оларды аралар жеп бастайды. Мәселен, жүзім өндіретін шаруашылықтарда мұндай жәндіктерді улап тастайды. Алайда бұл денсаулыққа зиян. Ал біздің тәлімбақта жүзім шоғырын ара, құстар жеп қоймас үшін торға орап қоямыз. Жүзім биыл өте жақсы өнім берді, сатып та үлгердік. Кейбір жеміс ағаштары жыл аралатып жеміс беретін болса, жақсы күтіммен өскен жүзім жыл сайын өнім береді, - дейді бағбан.

Бағбан айтып өткендей, тәлімбақта өсіп жатқан жемістер дәруменге өте бай. Бұған өңірдің қатал континенттік климаты да оңтайлы болып тұр. Яғни ауа райының жазда +40, қыста -40 С болуы, жаз мезгіліндегі күннің ұзақтығы да мұндағы жемістердің құнарлығын арттыра түсуде. Сондықтан да ол жеміс-жидек, көкөністі піскен кезде уақтылы пайдаланып қалу керек дейді. «Жақында Америкада тұратын бір кісі біздің өнімдерді молынан алып кетті. Себебі ол жақта бұл жемістер  көп кездеспейді әрі өте қымбат дейді. Жалпы, ағзаны күту, денсаулық үшін органикалық заттар тұтынған абзал. Алайда сапасы жоғары, дәруменге бай жемісті өсіру үшін ерен еңбек керек. Сондықтан оның өзіндік құны да жоғары болады. Біздің бақтағы жемістердің бағасының арнайы өндірістік шаруашылықтарда өсетін жемістерден қымбат болатыны да сондықтан», - дейді бағбан.

Күздегі алғашқы аязда жүзімнің жапырақтары түсе бастайды. Сол кезде жердегі және түспей қалған  жапырақтардың бәрін жинап алу қажет. Одан кейін жүзімнің бұтасын жерге «жатқызып» түйреу, өңдеу секілді басқа да қысқа дайындық іс-шаралары атқарылады. Аяз күшейе түскеннен кейін жүзімнің үстін  топырақпен жабады. Көзге тым нәзік көрінетін жүзім бұтасы осылайша қаһарлы қыстан қаймықпай, аман шығады екен.

– Халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақтың негізгі жұмысы – алма сұрыптарын зерттеу. Оралда алма көшетін өсірудің терең тарихы бар. Өкінішке орай, бұл кәсіп бүгінде ұмытылып барады. Бір-екі жыл бұрын Алматыда еліміздегі бау-бақша өсіру мәселесін талқылаған «Бақша күні» деп аталатын үлкен іс-шараға қатыстым. Баяндамалар оқыдық. Сол кезде көпшілік «Оралда алма өсе ме?» деп таңғалды. Дұрысында, мұндай сұрақ болмау керек еді. Өйткені бұл біздің облыста алма өскенінің мүлде ұмытылып кеткенін көрсетеді. Ал тарихқа көз салсақ, алманың «оралдық анис» деп аталатын түрі  1910 жылы Парижде өткен бүкіләлемдік көрмеде алтын медаль алған. Қазан төңкерісінің алдында алма Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына экспортқа шығарылған. Біз өңір тарихы қойнауында қалып бара жатқан  кәсіпті жандандырсақ дейміз. Қазір мұнда алманың 200-дей сұрпы бар, - дейді бағбан.

Ғылыми жұмыспен айналысып жүрген Қайрат Кәрімов зайыбы екеуі Орынбор мемлекеттік университетінде аспирантураның соңғы курсында оқып жүр. Басты мақсаттары – өңірде алма өсіру ісін дамыту. Сол үшін танымал ғалымдармен, ботаникалық бақтармен, ғылыми-зерттеу институттарымен, тәжірибе стансаларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ресейлік ғалымдармен өзара әріптестік, достық байланыс артқан.

Қолға алған ісін зор ізденіспен, шынайы құлшыныспен атқарып жүрген  Қайрат Кәрімовке «Бағбан болу үшін қандай қасиет керек?» деген сауалды қойған едік. Өйткені өсімдік – тірі ағза. Оларға ұдайы күтім, бап қажет. Ал мұндай жұмысты атқаратын адам қандай болғаны жөн?

– Ең бірінші, өзінің жұмысын жақсы көру керек. Жүрегі қаламаған жұмыстан еш нәтиже шықпайды. Екіншіден, еңбек етуден қорықпау керек. Себебі бау-бақша баптаумен жүйелі жұмыстануы керек. Малды азықсыз, қараусыз қалдыруға болмайтыны секілді, өсімдіктер де үнемі бап қалайды. Сосын қимыл-қозғалыс та ағзаға пайдалы екенін естен шығармаған жөн. Үшіншіден, білімді болу керек. Ғалымдармен, мамандармен, тиісті мекеме-ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасай білу ауадай қажет. Мектеп оқушыларын осындай бау-бақшаларға жиі апарып, таныстырып, еңбекке баулыған дұрыс деп білемін, - деп жауап қайтарды бағбан.

Айта кетерлік жайт, Қайрат Кәрімов алдағы күндері Орал қаласында «Ақжайық» ӘКК» АҚ арқылы берілген сауда нүктелеріне өнімдерін саттыққа шығармақ.

Биылдан бастап алма, жүзім көшеттерін, декоративті өсімдіктерді, көпжылдық гүлдерді де сатпақшы. Алдағы уақытта ғалымдар мен мамандардың басын қосып, мазмұнды кездесу өткізу де ойында жүр. Сондай-ақ өңірдегі алма өсіру тарихынан сыр шертетін музей  мен  бағбан орталығын ашқысы келеді. Ботаникалық бақ егуді қолға алмақ. Қалай десек те, мақсаты айқын азаматтың  бүгінгі жасампаз еңбегі – талайға үлгі.

 

Ясипа Рахимқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале