Теректі ауданында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік аула» байқауы жарияланған болатын. Аудан әкімдігі ұйымдастырған бұл шараға қатысу үшін үй иесі өз ауласы туралы материалдарды аудандық ішкі саясат бөлімінің [email protected] электрондық поштасына жолдауы керек. Біз бұған дейін сарыөмірлік Отаровтар, Магистральный ауылынан Омаровтар, ақсоғымдық Арыстановтар, долиндік Файза Хайруллина жайлы баяндаған болатынбыз.
Бүгінгі әңгіме - Ақжайық ауылы, Сейфуллин көшесіндегі 16 үйде тұратын Джуршешевтер отбасы жайлы.
Үй иелері – Тоқсейт пен Айгүл ауласын баққа айналдырған еңбекқор жандар.
О бастан тәртібі мен тазалығы бар, бірлігі бекем, тірлігі көркем шаңырақ екені ауласынан көрініп-ақ тұр. Қақпадан ішке беттегенде қос қаптал бойы тал-терек. Үйлесімді, жинақы, көз сүйсінерліктей.
Жаны нәзік Айгүл гүл салады. Сөзден іске жақын Тоқсейіт – жеміс ағаштарын баптайды. Отағасы кезіндегі әмбебеп механизатор және құрылысшы. Қазіргі құтты мекені болып отырған үйді де ұлы Аянды ілестіре жүріп, өздері салып алған. Денсаулығы сыр беріп, үйде отырып қалғанымен, шеге-балғасы қолында. Жел бағытын көрсететін зырылдауық-ұшақ жасап, ауласына іліп қойғанда көршілері қызыға қараған.
«Әке көрген оқ жонар» деген. Әкесінің ісмерлігі ұлына үлгі.
Ұлдың үлкені Аян да қолы қалт етсе, шаруаға кіріседі. Ауланың сәнін келтіріп тұрған субұрқақ Аянның қолынан шыққан.
Үйге керек асай-мүсейді өз қолымен жасап жүрген ол субұрқақ салуға көп шығын да шығармаған. Оған негіз болған мүсін – ауылдасы қажетсіз деп шығарып тастаған, бір-екілі жырық-кетігі бар бұйым. Мүсінді желімдеп, сыртын әрлеп алған Аян жұмыстан бос уақытында, қолда бармен жинастырған субұрқақты ол ауланы әсемдеу үшін жасаған.
Ауылға таңсық субұрқақ жайлы басылым бетінде жазылып, әлеуметтік желіде таралды. Сол кезде жақсы тілек айтушылар қатары көп болды. Әлі де субұрқақты көрші-көлем келіп тамашалайды.
- Субұрқақты әдемілік үшін, ауламыз ерекше болсын деп жасағанмын. Бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, шеге-балға ұстауды үйрендім. Үйдің жөндеу жұмыстарын да жасай беремін. Менің мамандығым электрик. Сол мамандығымның көп көмегі тиіп жатыр. Ауладағы біраз істі өз қолыммен жасап шықтым. Қазір білгенімді өзімнен кіші інім Саламатқа үйретемін, - дейді ісмер Аян.
Оңтайлы орынға, анасы Айгүл гүл егіп, әкесі Тоқсейіт жеміс ағаштарының көшетін тіккен жерге салынған субұрқақ қазір ауладағы ең тартымды жер.
- Отағасымен 1993 жылы отау көтердік. Екеуміз де ауылдың адамымыз. Мал ұстау бізге үйреншікті іс қой. Ал бау-бақша салуға жүре келе үйрендік. Біздің табиғаты қатал аумақта жайқалтып бау-бақша салу оңай емес. Қатты аяздан жеміс ағаштары үсіп кеткен жағдай да болған. Кейде, қарбаласқан жұмыстан қолымыз тимейді. Дегенмен, көктем шыға бақшаға көңіл бөлеміз. Жыл сайын көктемде салған қызанақ, қияр, күнбағыс, бұрыш, баялдыны күзде жинап алып, пайдаға асырамыз. Қысқыға дайындап, консервілеп аламыз. Бұл біріншіден отбасымды табиғи өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден балаларым мен немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп жүр, - дейді Айгүл ағынан жарылып.
Ертеден келе жатқан, кейбірі шығыс елдерінің ғұламасы айтты, кейбірі Қап тауы халқынан тарады дейтін «Әр ер адамның алдында үш міндет бар – ағаш егу, үй тұрғызу және ұрпақ тәрбиелеу» деген әпсана бар. Тоқсейіт пен Айгүл Джуршешевтер осы міндеттің үшеуін де орындаған жандар.
Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz