Батыс Қазақстан облысына Ішкі Істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Мұрат Баймұқашев жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Министрдің орынбасары "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының іске асырылу барысын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында жария еткен полицияның сервистік моделін енгізілу барысын тексерді.
Ішкі істер министрінің орынбасары учаскелік инспекторлардың халықпен жұмысының жаңа форматының сапасымен, сондай-ақ білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде іс-қимыл тәртібімен танысты.
Мұрат Баймұқашев атап өткендей, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау органдарын, коммуналдық қызметтерді және жұртшылықтың кең тобының өкілдерін тарту қажет. Орал және Ақсай қалаларында жоғарыда аталған ведомстволардың қызметкерлерінен ведомствоаралық топтар құру жоспарлануда, олар құқық бұзушылықтар бойынша статистикалық деректерді талдау және зерделеу негізінде ықпал ететін себептерді анықтайды және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде қойылған міндеттерді шешу жолдарын ұсынады.
Жұмыс сапарының соңында министрдің орынбасары БҚО ПД басшылығымен және жеке құрамымен кездесу өткізді. Онда ол кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін жоспарланған өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ БҚО ПД қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарына жауап берді. Бұдан әрі, тексеру қорытындысы шығарылып, осы жұмыс желісін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
БҚО ПД Баспасөз қызметі