26.10.2021, 10:03
Оқылды: 53

Тәртіпсіз  жүргізушілерге тұзақ

Орал қаласында өткен апта соңында, яғни 23 қазан күні тесттік режімнен өтіп, іске қосылған 40 бейнекамера алғашқы нәтижесін беруде. Бейнекамералар екі күн ішінде 9929 құқықбұзушылық тіркеген.

3

Орал қаласында соңғы кездері жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені белгілі. Оған, негізінен, жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыратыны немесе жол жүру ережелеріне немқұрайлы қарайтындығы себеп болуда. Соған орай облыс орталығында жылдамдық өлшейтін 40 стационарлық автоматты жүйе орнатылған еді. Олар 19-23 қазан аралығында сынақтан сәтті өтті. Бүгінде камера орнатылған аумақтарға тиісті ақпараттық белгілер қойылуда.

БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тимур Майрановтың айтуынша, жылдамдықты автоматты түрде реттейтін жүйелер жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға үлес қоспақшы.

5

– Шектен тыс жылдамдықты асыру және жол қиылыстарында жол жүру ережелерін бұзу – жол апатының орын алуына себеп болып тұр. «Интеллектуалды жол қиылысы» жүйелері көлік қозғалысы көп жерде және қауіпті қиылыстарға орнатылғаннан кейін, жол апаты айтарлықтай төмендейтіні анық. Бұл құрылғылардың ерекшелігі, олардың желісі Бас прокуратураның базасына тіркелген. Жол ережесін бұзғандар туралы мәліметтерді Бас прокуратура өкілдері біліп отырады, тиісті шара қолданады. Егер жүргізушіде «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ тіркелген ұялы телефон нөмірі болса, оған айыппұл төлеу туралы SMS хабарлама келеді. Бұл хабарламаны алған сәттен бастап 3 күн ішінде жол ережесін бұзған көлік иесі айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлей алады. Айыппұлды кез келген екінші деңгейлі банктің ұялы телефон қосымшасы арқылы да төлеуге болады. Заңға сәйкес барлық көлік иесі аутокөлікті сақтандыруға міндетті. Көлік басқа мемлекетте тіркелген болса, жүргізушіде сақтандыру куәлігі болуы керек. Жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл көліктің уақытша иесіне салынады. Егер аутокөлік сақтандырылмаса, бұл заң бұзушылық болып табылады. Сондықтан полиция қызметкерлері ондай жүргізушіні ұстап, оған әкімшілік шара қолдана алады, – деді Тимур Майранов.

Айта кетейік, жаңа автоматты жүйелер 1 шақырым қашықтықта келе жатқан көліктің жылдамдығын өлшеп, ұрланған, апатқа ұшыраған көліктерді де анықтай алады.

БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Қасымов та жылдамдықты өлшейтін 40 стационарлық автоматты жүйе туралы біраз мағлұмат берді. Оның хабарлауынша, өткен 9 ай ішінде жылдамдықты асыру салдарынан 33 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы оқиғалардың кесірінен 65 адам зардап шеккен. Оның 23-і қаза тапса, 42-і жарақат алған.

– Жаңа бейнекамераларды орнатқанға дейін «Мираж» жүйесінің 4 жылдамдық өлшегіші, сондай-ақ «Лассан» 6 аппараттық бағдарламалық кешені және «Интегра КДД» жүйесінің 3 зияткерлік қиылысы жұмыс істеді. Жылдамдықты фиксациялаудың жаңадан орнатылған 40 стационарлық автоматты жүйесі «Призма-Stos» деп аталады. Бұл жүйелер жол ережелерін бұзу дерегін жолдың екі бағыты бойынша тіркейді, – деді Арман Айжарықұлы.

Тілекқабыл Қуанғалиев, «Тілек» аутомектебінің басшысы:

– Жол-көлік оқиғаларын азайтуға камералардың септігі тиетіні анық. Жыл өткен сайын аутокөліктердің саны артып келе жатыр. Басқа елде тіркеуде тұрған аутокөліктерді де қадағалау керек. Камералар олардың да жылдамдығын бақылауға тиіс. Жол апаттары туралы әлеуметтік желіден, теледидардан естіп жатамыз. Қаламыздағы жол инфрақұрылымын да жаңартқан жөн. Аутобустар ғана жүретін арнайы жол бөлігі ашылды. Жол қиылыстарында түрлі бақылау бар. Осының бәрі жол апатын азайтуға ықпал етеді. Жолдардың жөнделмеуі салдарынан да жол-көлік оқиғалары орын алып жатыр. Көлік жүргізушілері, әсіресе, алыс жолға шығатын такси жүргізушілері жақсылап демалып барып, жолға шыққаны жөн. Ұйқысы шала адам жол ережесін бұзуы әбден мүмкін.

Эльбрус Қарекенов, Орал қаласының тұрғыны:

–Мұндай бейнебақылау камералары өте қажет. Бұрын жол апаты орын алған жағдайда көлік жүргізушілері кімнің әрекеті дұрыс, кімнің әрекеті бұрыс екенін шеше алмай, қиналатын еді. Қазір жағдай жақсарды. Камераның көмегімен жол ережесін бұзған адамды оңай анықтауға болады. Өзім жол ережесін қашанда сақтап жүруге тырысамын. Басқа елде тіркеуде тұрған көліктердің жол ережесін бұзатынын байқап қаламыз. Енді ондай жүргізушілер жауапкершіліктен құтылмайды деп сенеміз.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале