26.10.2021, 10:13
Оқылды: 254

Саяхатшы қаламгердің жиһанкез кейіпкері

(Ж. Верннің «Ғаламды 80 күнде айналып шығу» романы туралы)

Жюль Верн (1828-1905) – француз жазушысы, шытырман оқиғалы әдебиеттің классигі, ғылыми-фантастика жанрының негізін қалаушылардың бірі, гуманист. Ол 66 роман, 20-дан астам повесть пен әңгіме, 30-дан астам пьеса, бірнеше деректі және ғылыми-публицистикалық еңбек жазған. Қаламгер шығармаларының желісі бойынша 200-ден астам фильм түсірілген екен. ЮНЕСКО-ның статистикасына жүгінсек, Жюль Верн шығармаларының өзге тілге тәжімалану көрсеткіші бойынша әлемде Агата Кристиден кейін екінші орында.

02EB5529-C41B-49AB-BC6E-C917BA596A22

«Даңқы жер-жаһанға жайылған жазушының шығармалары несімен керемет?» деген сұрақ кім-кімді де еліктірері анық. Оның туындыларында бүкіл жер шарын аралап саяхаттау, тіпті, ғарышқа самғау немесе мұхиттың түбіне сүңгу қызықты әрі шытырман оқиғалар арқылы суреттеледі. Мұндай бағытта қалам тербеу үшін сөз зергерінің қиялы өте ұшқыр, ойлау жүйесі, логикасы басқа адамдардан анағұрлым өзгеше болу керек екені сөзсіз. Жюль Верннің осындай қасиеті бала күнінен байқалыпты.

Францияның Нант қаласындағы пансионға оқуға қабылданған 6 жасар Жюльдің мұғалімі Самбин мадам сабақ кезінде 30 жыл бұрын күйеуі кеме капитаны ретінде сапарға шығып, апатқа ұшырағанын, содан бері Робинзон Крузо тәрізді әлдебір иесіз аралда тұрып жатыр деп ойлайтынын жиі айтады екен. Бұл болашақ жазушыға қатты әсер етіп, санасынан өшпей, кейін иесіз аралда жалғыз күн кешуге мәжбүр болған кейіпкер «Жұмбақ арал» (1874), «Робинзондар мектебі» (1882), «Екінші Отан» (1900) тәрізді шығармаларында көрініс тапқан. Бұған қоса қаламгердің көкесі Пруден Аллот жер шарын айналып шығып, саяхат жасапты. Оның образы кейін жазушының бірқатар шығармаларында бейнеленген. Ж. Верн бала кезінде туған жеріндегі Луара өзенінің жағасына жүзіп келіп-кетіп жатқан сауда кемелеріне қарап тұрып, саяхаттауды армандап, қиялға шомады екен. Тіпті, 11 жасында ата-анасынан жасырып, «Coralie» деген кемеге юнга (теңіз ісін үйренуші жеткіншек) болып орналасып, алыс сапарларға аттанбақ болғанда, әкесі дер кезінде біліп қалады да, ұлын алып кетеді. Сөйтіп, оның бұдан былай тек қиялында ғана саяхаттауға уәдесін алады. Алайда дүниені аралауға деген бала күнгі құштарлығы бәрібір сөнбей, ержеткен соң одан сайын өрши түседі. Жас кезінде қаламгер әйгілі саяхатшы Жак Арагомен достасып, оның қызықты әңгімелерін тыңдаса, 30 жасынан бастап өзі де тұрақты түрде саяхаттауды әдетке айналдырады. Жазушы Англия, Шотландия, Дания, Швеция, АҚШ, Грекия, Италия, Португалия, Марокко, Тунис, Алжир т.б. елдерге сапар шеккен екен. Тіпті, тапқан қалам­ақысына саяхаттау үшін өмірінде жалпы 4 кеме сатып алған. Соның төртіншісі – «Сен-Мишель ІІІ» 10 экипаж мүшесі бар, ұзындығы 28 метр аса кеме болыпты. Жюль Верннің саяхаттауды соншалықты жақсы көруіне тегі де әсер еткен болуы әбден мүмкін (оның арғы нағашы аталары Шотландиядан шыққан атақты кеме жасаушылар еді).

032AFC48-9DC2-49A0-AB05-07765F2726E4

Саяхатшы қаламгердің кітаптарындағы бас кейіпкерлер де жиһанкез екенін жоғарыда жаздық. Мұндай туындыларының ішінде, әсіресе, «Ғаламды 80 күнде айналып шығу» романының орны бөлек. Осы романның желісі бойынша бас кейіпкер лон­дондық мырза Филеас Фогг әлемді 80 күнде айналып шыға алатынын айтқанда, реформ клубтағы достары сен­бейді. Өйткені сол кезеңдегі техниканың мүмкіндігін ескерсек, бұл ғаламды айналып шығуға болатын ең қысқа мерзім еді. Демек, жолда кеме немесе пойыз бұзылса, табиғи апаттар жолды бөгесе, не болмаса, өзге де кедергілер кездессе, жолаушының жаһанды айналып шығу сапары 80 күннен асып кететіні анық болатын. Әйтсе де әр қадамын аңдап басып, әр адымын өлшеп жасайтын, нақтылық пен дәлдікті жақсы көретін мистер Фогг өзіне сенімді болғандықтан, жолдастарына сөзін дәлелдеуге бел буады да,  олармен 20 000 фунт стерлингке бәстеседі. Шығарма 1872 жылы жазылған. 1872 жылғы 20 000 фунт стерлингті 2021 жылғы құнымен есептесек, 1 803 710 фунт стерлингке сай келеді (шамамен 1 миллиард 58 миллион теңге). Демек, егер бәстен ұтылса, мистер Фогг тақыр кедейге айналмақ. Шарт бойынша Лондоннан 1872 жылдың 2 қазанында  сағат 20:45-те аттанған Филеас Фогг тура 80 күннен кейін, яғни 21 желтоқсанда сағат 20:45-тен ке­шікпей, реформ клубқа кіріп келуі керек еді. Бір қызығы, 1872 жылы жазылған роман «Le Temps» газетінде бас кейіпкер саяхатының мерзіміне сай 2 қазан мен 21 желтоқсан аралығында үздіксіз жарияланып отырған. Сондықтан оқырмандар аталған газеттің әр санын жібермей, туындыны үзбей оқып жүріпті. Яғни 80 күн бойы олар да Ф. Фогпен бірге «сапар шеккен». Шығарманың жеке кітап болып алғаш 1873 жылы жарық көргенін де айта кетейік.

Сонымен Филеас мырза қасына қызметшісі Жан Паспартуды ертіп, 1872 жылдың 2 қазаны күні Лондоннан аттанып кете барады. Ол Англиядан соң бірде кемемен, бірде пойызбен Франция, Италия, Мысыр, Үндістан, Сингапур, Қытай, Жапония, Америка елдерінің аумағын кесіп өтеді. Жерді шын мәнінде айналып  шыққанын дәлелдеу үшін жоғарыда аталған әр мемлекеттегі Британия елшілігіне соғып, паспортына мөр бастырып отырады.

Мистер Фогтың мені қатты таңғалдырған қасиеті – ұстамдылығы, жер қозғалса да қозғалмайтын сабырлы мінезі. Мәселен, ол мінуі тиіс кемеге кешігіп қалса, күйінбей, ызаланбай, анағұрлым қымбат бағаға басқа кеме жал­дайды. Кеме жүзіп келе жатқанда, жағатын көмір бітіп қалса, техниканы әуелі капитаннан бірнеше есе қымбат құнына сатып алып, кейін кеменің ағаш бөліктерін түгел бөлшектеп, жанармай орнына жаққызып, амалын табады. Мұхитта дауыл тұрса, экипаж мүшелеріне көмектесіп, олардың жұмысына қолғабыс етеді. Үндістанда екі бекеттің арасында 90 шақырым теміржол үзіліп қалғанда, келесі нүктеге дейін піл жалдап, жолсоқты болып, пілмен барды. Америкада пойыздан қалып қойғанда, келесі бекетке дер кезінде жетіп, келесі пойызға отырып үлгеру үшін желдің бағытымен жүретін желкенді шана жалдады (бұл кезде күн суытып, қар жауған мезгіл еді). Яғни мистер Фогг қандай жағдайға тап болса да, қандай кедергіге кездессе де, салы суға кетпей, жігері мұқалмай, мәселенің өзге шешімін іздеп тапты. Ең бастысы, күйгелектікке салынбады, сабырлы қалпынан айныған жоқ.

Бұл кітапты оқып отырып, мұсылмандарға да осындай сабыр керек деген ойға қаласың. Өйткені Алла Тағала қасиетті «Құрандағы» «Әли Имран» сүресінің 146-шы аятында «Алла сабыр етушілерді сүйеді» десе, ал Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп тү­сіне­ді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ал тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып, Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «Сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар» деп бұйырған». Қазақтың ойшыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы да адамның 8 асыл қасиетін айтқан жырында, ең алдымен, сабырды атайды:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниенi былғағаннан!

Жюль Верннің шығармасына қайта оралайық. Филеас мырзаның тағы бір жүрек елжіретер қасиеті – өзгенің қамын, өз мүддесінен жоғары қоятындығы. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірелік. Үндістанда  теміржол үзіліп қалғанда, келесі бекетке жету үшін мистер Фогг 90 шақырым қашықтықты пілмен жүріп өткенін жоғарыда жаздық. Сонда  Филеас мырза, көмекшісі Жан Паспарту, жол-жөнекей сапарлас болған Британия әскерінің генералы және піл айдаушы,  төртеуі – жан түршіктірерлік көрініске куә болады. Бундельханд көсемі, кәрі раджа қайтыс болыпты. Оның бірнеше ай бұрын ғана мәжбүрлі түрде күйеуге тиген жап-жас, жетім, қорғансыз әйелін тайпаластары марқұммен бірге тірілей өртемек екен. Тобырдың пиғылынан шошыған Филеас мырза мен оның серіктері Ауда есімді байғұс келіншекті ажалдан арашаламаққа бел буады да, он шақты сағат ағаштардың арасымен жасырынып жүріп, тобырды аңдып, ақыры ебін тауып, әйелді алып қашады. Егер қолға түссе, жабайы тайпа төртеуін де өлтірер еді не азаптап, жандарын көздеріне көрсетіп, әбден қорлар еді. Алайда олар өз өмірін қатерге тігіп, құрбандыққа шалынайын деп тұрған Ауданы құтқарып алды. Осыған ұқсас жайт Америка аумағында да болды. Мистер Фогг қасындағы сапарлас серіктерімен бірге пойызбен келе жатқанда, пойызға Сиу тайпасының үндістері шабуыл жасап, қиян-кескі шайқас, сұрапыл атыс болды. Пойызды қарулы күзеті бар бекетте тоқтатып үлгергендіктен, жолаушылардың жаны қалды. Өйткені бұл жердегі сарбаздарды көрген үндістер тым-тырақай қаша жөнеледі. Дегенмен ес жиған соң мистер Фогтың қызметшісі Жан Паспарту мен тағы екі жолаушыны үндістер ұстап, тұтқынға ала кеткені белгілі болды. Бұл жолы да Филеас мырза еш ойланып жатпастан, бекеттегі әскердің қолбасшысынан 30 жауынгер сұрап алып, үндістерді қуып жетіп, әлгі үш кісіні құтқарып әкелді. Жоғарыда айтылған екі жағдайда да мистер Фогг, алдымен, өз өмірін қатерге тікті және бәстен ұтылмау үшін қанша асығып келе жатса да, егер келесі бекетке дәл уақытында бармаса, келесі пойыздан кешігерін білсе де, өзгелерге көмектесуді алдыңғы орынға қойды. Кейіпкердің мұндай жанкешті әрекеті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мұсылманның сипатына қатысты мына хадисін еске салды: «Ешбірі өзіне қалағанын мұсылман бауырына да тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды».

Мистер Фогтың өз мүддесінен өзгенің қамын артық қоюы мұнымен  біткен жоқ. Жоғарыда жазғанымыздай, марқұм күйеуімен бірге өртеліп, құрбандыққа шалынайын деп жатқан миссис Ауданы құтқарып алған соң, оны Үндістанда қалдыру қауіпті болатын. Себебі ол келін болып түскен тайпаның құрығы ұзын болғандықтан, Үндістанның кез-келген түкпірінен тауып алып, бәрібір өлтіретін еді. Сондықтан Филеас мырза жас келіншекті Гонконгтегі туысқан ағасына жеткізбек болып өзімен бірге ала кетті. Алайда онда барғанда, ағасының Нидерландқа көшіп кеткені белгілі болды. Ауданың да барлық шығынын көтеріп, Лондонға жеткенде, мистер Фогг уәделі уақыттан бес минутқа ғана кешіккен еді. «Егер уәделі уақыттан кешіксем, бәске тігілген ақшаны банкке барып, өздеріңіз аласыздар» деп чек қалдырғандықтан, Филеас мырза реформ клубқа барып, достарына жолығуды жөн көрмей, тікелей үйіне тартады. Келесі күні таңертең Аудаға бәстен ұтылғандықтан, кедейге айналғанын, қалған-құтқан аз ғана ақшасын оған беретінін, сөйтіп, Нидерландқа туысқан ағасына жетіп алуға мүмкіндік ашатынын айтады. Мистер Фогтың адамгершілігіне тәнті болған Ауда ханым мұндай қиын жағдайда оны жалғыз қалдырмайтынын, оған тұрмысқа шығуға дайын екенін айтады да, екеуі сөз байласады. Миссис Ауда – еуропаша тәрбиеленген, жаңаша оқыған, көзі ашық әрі өте сұлу әйел болатын. Көпес әкесі қайтыс болған соң ғана қорғансыз қалып, еркінен тыс, мәжбүрлі түрде жоғарыда жазған кәрі раджаға (тайпа көсемі) тұрмысқа шыққан еді. Филеас мырза мен Ауда ханымның үйленуге шешім қабылдаған күні жексенбі еді. Келесі күні, яғни дүйсенбі осындай жақсы әйелмен некесін қидыру үшін мистер Фогг қызметшісі Жан Паспартуды шіркеуге, пірәдарға жолығып, неке қиятын уақытты белгілеуге жібереді. Сонда барғанда, ол ертең жексенбі (1872 жылдың 21 желтоқсаны) болғандықтан, неке қиылмайтынын біледі (христиандар үшін жексенбі мереке, демалыс, ғибадат күні). Сөйтсе, олар батыстан шығысқа қарай жол жүргендіктен, күннің шығуын 80 рет емес, 79 рет көріпті. Яғни Лондонға 24 сағатқа ерте жеткен! Сөйтіп, бұл хабарды біле сала, реформ клубқа сағат 20:45-те жетіп үлгереді де, мистер Фогг бәстен ұтады! Көрдіңіз бе, ол өзгелердің қамын ойлайтын көп­шілдігінің арқасында әрі мұратына жетті, әрі жақсы әйелге жолықты. Бұл хикая жасаған жақсылығыңыз Құдайдан еселеп қайтатынына бірден-бір  дәлел.

«Ғаламды 80 күнде айналып шығу» романы жөнінде айтқанда атап өтуге болмайтын кейіпкерлердің бірі – тергеуші Фикс. Мәселе мынада – мистер Фогг 80 күндік саяхатына аттанардың қарсаңында Лондондағы банк­тен аса ірі көлемде ақша ұрланады. Тергеуші Фикс қаржыны қолды қылған Филеас мырза, ал жаһанды айналып шығу сапары жай ғана полицияны жаңылыстырудың айласы деп күдіктенеді де, онымен бірге бүкіл әлемді айналып шығады. Пошта арқылы хат жазып, Лондон полициясынан оны тұтқындауға ордер сұратады. Алайда Филеас мырза мен серіктері бір орында тұрақтамай, әрдайым басқа жаққа кетіп отырғандықтан, тергеуші Фикс ордерді ала алмай дал болады. Сөйтіп, оларды бір орында ұстап қалу үшін түрлі айла-шарғымен бірде кемеден, бірде пойыздан кешіктіріп, кедергі келтіреді. Бірақ тергеуші Фикстің түпкі ниетінен хабарсыз мистер Фогг әр жолы мәселенің шешімін қарастырып, келесі нүктеге уақытында жетудің амалын тауып отырады. Ақыр аяғында Лондон банкінен қомақты ақшаны қымқырған Филеас Фогг емес, мүлде басқа адам екені анықталады. Сонда тергеуші Фикс кінәсіз адамнан күдіктеніп, оған қаншама бөгет болды! Демек, нақты дәлел, дәйек болмаса, өзгелер жайлы жаман ойлау орынсыз. Тіпті, адамның өзін ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Бұл эпизодтан мұсылмандардың да үйренері бар. Өйткені Алла Тағала «Құрандағы» «Хужурат» сүресінің 12-ші аятында былай дейді: «Әй, мүминдер, көп күмәнді ойлардан сақтаныңдар, өйткені кейбір күмәнді ойлар – күнә. Басқалардың айыптарының соңынан тыңшылық жасап жүрмеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын. Алладан қорқыңдар. Расында, Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді». Сондай-ақ Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ақиқатына жетпеген ойлардан сақтаныңыздар. Расында ондай ойлар – ең жалған әңгіме. Тыңшылық етпеңіздер. Аралары­ңызда қызғанышты өр­шітпеңіздер. Бір-біріңізбен қарама-қайшылыққа келмеңіздер. Бір-біріңізді жек көрмеңіздер. Әй, Алланың құлдары, бір-бірлеріңізге бауырмал болыңыздар» деген.

Қорыта айтқанда, француз жазушысы Жюл Верннің «Ғаламды 80 күнде айналып шығу» романын ой көзімен оқысаңыз, алар тағылым мол.

Алпамыс Файзолла,

ақын, аудармашы,

Нұр-Сұлтан шаһары

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале