31.10.2021, 13:27
Оқылды: 104

«Шекара маңындағы ауылдарды дамытуға арнайы бағдарлама қажет»

Сенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің қатысуымен «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру бағытында жүргізілген жұмыстарды қорытындылаған кеңес өтті.

AA094E50-7356-4E08-82D1-B1BCF235FF16

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жоба шеңберінде өңірімізде бірқатар жұмыс жасалғанын атап өтіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен жобаның маңыздылығына тоқталды.

Облыстық  экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың айтуынша, өңірімізде 2019-2021 жылдары 59 жоба іске асырылған.  Облыстағы 16 ауылдың  әлеуметтік инфрақұрылымы жаңартылды. Екі ауылда сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін жаңарту бойынша 7,1 км су құбыры және 14 ауылда ауылішілік  жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді (107,3 км). Екі ауылда ұзындығы 6,1 км  көшелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған  жол салынып,  нәтижесінде ауылдың көркі жақсарып тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайлары жасалған.

2019 жылы «Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,2 млрд. теңгеге үш тіректі ауылда 11 жоба іске асырылған. 135 жұмыс орын құрылып, 150,6 млн. теңге салық түскен. 2020 жылы 7 перспективті ауылда, соның ішінде 6 тіректі елді мекенде 4,3 млрд. тенгеге 15 жоба жүзеге асып, 538 жұмыс орыны құрылған. 690,5 млн. теңге салық түскен. 2021 жылы 16 перспективті ауылды дамыту үшін 5,4 млрд. теңге қаражаттың 65,4 пайызы жолдарды дамытуға, 30,9 пайызы - әлеуметтік инфрақұрылымға және 3,7 пайызы ТШҚ нысанына бағытталған.

913728EC-7327-462F-AD97-8950453BFDD0

– Бүгінгі күні жалпы құны 747,1 млн.теңге болатын 6 жоба аяқталды. Алдағы жоспарлаған жобаларды іске асыру барысында 631 жұмыс орыны құрылады деп күтілуде. Қазіргі таңда  333 уақытша жұмыс орыны ашылды.  Сонымен қатар 50,0 шақырымнан астам жолдар салынып, қайта жаңартылып, жөнделетін болады. Мәдениет саласының 1 ғимараты  жаңартылып, 7 көше жарықтандырылады, 4,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынады деп жоспарлануда. 3 мектеп, 3 ауылдық клуб, 1 демалыс орталығы, 2 кітапхана, 1 спорт ғимараты және 1 субұру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жобалар бойынша 980,3 млн. теңге сомасындағы салық түседі деп күтілуде.

Жалпы алғанда «Ауыл - Ел бесігі» жобасымен үш жылда 23 перспективті, соның ішінде 19 тіректі, 1 серіктік, 3 стратегиялық маңызы бар шекара маңындағы ауылдар қамтылды. Ауылдық елді мекендерге қолайлы өмір сүруге жағдай қалыптастыру, әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету үшін арнайы жоба шеңберінде үш жыл ішінде барлығы 11,8 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 8,3 млрд. теңге, жолдарды дамытуға 7,9 млрд. теңге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 3,5 млрд. теңге, білім беру саласына 2,6 млрд. теңге, мәдениет саласына 0,8 млрд. теңге,  спортқа 0,1 млрд. теңге жұмсалды, - деп атап өтті Тілепберген Каюпов өз баяндамасында.

FBB52941-82B4-4FB4-90DC-DA89D3BD7377

Еліміздің даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендерде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша іс-шаралар тиімді іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту. Оларды өңірлік стандарттарға жеткізу үшін ауылдарды кешенді дамытуға бағытталған шаралар қабылдануда. Осы жоба аясында көптеген әлеуметтік, білім, мәдениет инфрақұрылымдық нысандар жөнделіп, ауылдық жерлерде орын алған мәселелер оң шешімін табуда. Кеңесте облыс әкімі шекара маңындағы ауылдардың бос қалып жатқанын министр назарына ұсынды,

– Біздің облыс Ресей Федерациясының бес облысымен шектесіп жатыр: Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов, сыртқы  шекара ұзындығы 1532 шақырым. Өңіріміздегі 12 ауданның 7-уі шекаралас аумақта орналасқан (Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Зеленов, Қазталов, Тасқала және Шыңғырлау). 75 мыңға жуық халқы бар 98 ауыл шекара маңынан орын тепкен.

Өкінішке орай, шекара маңындағы ауылдардан орта есеппен жылына 600-ден астам адам  көшіп кетеді. Осыған байланысты шекара маңындағы аумақтарды дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймыз, – деді облыс әкімі.

5AEDA7F8-6939-408D-BEBB-142D75F6741F

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша кеңесте министр Серікқали Брекешов өңірдегі жобаның қарқыны туралы ойын ортаға салды. «Әрине, жоба аясында өңірде көп жұмыс атқарылып жатыр. Бағдарламада 23 перспективалы ауыл қамтылып, бірқатар әлеуметтік сала нысандары жөнделіп, ондаған шақырым жол, электр беру желілері қайта жаңартылды. Сонымен қатар, барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылғанына назар аудару қажет. Бұл ретте сапа мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс.

Сондай-ақ шекаралас ауылдардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, бағдарламаға қосу мәселесі де өзекті» екендігіне тоқталған Серікқали Брекешов Жайық өзенін сақтау және қалпына келтіру министрліктің ерекше бақылауында екендігін айтты.

Бүгінгі күні «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайы саты-сатысымен өңірлік стандарт көрсеткіштеріне  сәйкестендірілуде. Алайда арнайы жобада тұрғын үйлер салу, инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жеткізу, су/газдандыру қарастырылмағандығын алға тартқан Ғали Нәжімеденұлы осыған байланысты, ауылдарда тұрғын үйлер салуды, инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жеткізуді және сумен қамтуды қаржыландыруды қосу қажеттілігі туралы ұсынысын ортаға салды.

9A1A5DA9-EE74-4A09-A549-6A31A82E5D1B

Сондай-ақ су тапшылығының көп шаруаға қолбайлау болып отырғанын қадап айтқан облыс басшысы алдағы уақытта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге  өңірді сумен қамту бойынша нақты жоспар құрып, жұмыстану жөніндегі ұсынысын білдірді.  Облыс әкімінің ұсынысын құп алған министр Серікқали Аманғалиұлы бұл бағытта бірлесіп, жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.                                                                                                                 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале