8.11.2021, 10:46
Оқылды: 37

«Жұлдыз» би ұжымы бағындырған сахналар

Теректі аудандық Мәдениет үйінің төрі қонаққа, сахнасы «Жұлдызға» толған теңдессіз кеш өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткен кеште саз бен сәннің небір кереметін көрген көрермен қошемет пен тілегін толассыз төкті. Теректінің жарық жұлдызы - «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің 20 жылдық шығармашылық шарасы өнерге, тынымсыз еңбек пен табандылыққа, талант пен төзімділікке құрмет көрсеткен кеш болды.

23

Осыдан 20 жыл бұрын аудан орталығында биге деген ынтасы бар оншақты қыздың басын қосып, «Жұлдыз» би тобын ашқан күні Жанар Тайшыбаева өнер көгінде жарқырар жұлдыз ашқанын білмеген де шығар.

Бүгінгі «Жұлдыздың» бағындырған сахналары мен жүлде-жеңістерін тізбелеуге кіріссек, талай қала, ел аталары анық.

25

Екі-үш жыл ішінде тәй-тәй басқан сәбиден теректіліктерің көзайымына айналып үлгерген «Жұлдыз» ең алғашқы жүлдесін 2005 жылы «Балдәурен» фестивалінің облыстық кезеңінде алған екен. 2006 жылы «Үлгілі ансамбль» атағын алды. 2007 жылы Түркияда, халықаралық фестивальде өнер көрсетті. Сол жылы облыстық «Достық-Дружба» байқауында ІІ орын иемденді. Келесі жылы облыстық «Балдәуренде» тағы да тұғырдың ІІ сатысына көтерілді. Әрі қарай нағыз жұлдызды шақ басталды! 2010 жылы халықаралық «Ғұмырдария» байқауында – І орын. 2011 жылы республикалық «Асыл Мұра» байқауында І орын. 2012 жылы халықаралық «Ғұмырдария» байқауында жаңа саты бағындырып, гран-при иеленді.Сол жылы облыстық үлгілі ансамбльдер арасындағы сайыста Құрамыс Ғаббасов атындағы арнайы диплом табыс етілді оларға. 2013 жылы республикалық телевизиялық «Айгөлек» конкурсында дипломант атанды. Екі жыл қатарынан, 2014 жылы Қырғыз елінде «На волне Иссык куля», 2015 жылы Ресейден, «Бегущая по волнам» халықаралық байқауларынан бас жүлде байлап қайтты. Одан беріде жыл сайын байқаулардан жүлдесіз қайтпаған ансамбль 2017 жылы облыстық мәслихат шешімімен Құрмет грамотасымен марапатталды.

26

2018 жыл да «Жұлдыз» үшін жетістіктері жылы болды. Аймақтық «Батыс жұлдыздары», республикалық «Би әлемінде» биігін бағындырып, жүлде алған ұжым халықаралық «На творческом Олимпе» фестиваль-байқауында да І орынды байлап оралды. 2019 жылы І «Батыс жұлдыздары» байқауында І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдар қоржынға салынды. Тап сол жылы республикалық «Би дауысы» байқауында қазылар алқасы оларға бірден екі жүлде – үлкен топқа бас жүлде, кіші топқа І орын берді. 2020 жылы әлемдік пандемияға байланысты байқау-фестивальдерге шыға алмаған «Жұлдыз» өз шығармашылық қызметін бір сәтке де тоқтатқан емес. Бишілер үйде отырып-ақ, бейнебайланыс, әлеуметтік желі арқылы билерін жүктеп, өз көрермендеріне дем беріп отырды. Ал, биыл олар облыстық «Балдәуренде» жеңімпаз атанып, І орын иеленді. Міне, «Жұлдыздың» жеңісті жолын қысқаша айтқанның өзінде бір төбе болды емес пе?!

Бұл жеңіс-жүлделерді тізбектеп айтқанда ғана оңай. Әр жүлденің артында «Жұлдыздың» анасы Жанар Жеңісқызының, үйіндегі еркелікті ысырып тастап, қара тер болып билеген қыздардың еңбегі тұр.

Мерейлі кеште сөз алған жандардың барлығы да «Жұлдыз» ұжымының еңбекқорлығын, таланты мен табандылығын баса айтты.

28

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов атақты «Жұлдызды» құттықтап, жетекшісі Жанар Тайшыбаеваға алғысхат табыс етті.

Артынша даярлық тобының бүлдіршіндері бір ай ішінде дайындаған «07 аймақ» биін сахнаға шығарды. Үлкендер тобы «Қосбасар» биімен жалғастырып әкетті.

Бұдан әрі мерейлі кешке арнайы келген өнерлі қонақтардан құттықтау-тілектер легін облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Өтемісов бастады. «Жұлдыз» құрылуының басында болғандар: сол кездегі ауданның мәдениет бөлімін басқарған, қазір аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, мәдени-демалыс орталығын басқарған Нұргүл Темірәлиева өткенге шолу жасап, болашаққа жақсы тілектерін жолдады. «Жұлдыздың» әр жеңісті қадамын халыққа жариялап жүрген аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің бұрынғы редакторы Татьяна Хмарская мен қазіргі директор-редакторы Әділет Орынбасаров: «Мақтанышпен жеткізер жақсылықтарың көп болсын» деді.

20 жыл ішінде ондаған балғынды өнерге баулыған «Жұлдыздың» бишілері негізінен аудан орталығындағы қос мектептің оқушылары. Осы орайда, білім бөлімі қызметкерлері, мектеп басшылары, ұстаздары оларға қолдау көрсетіп, оқудан кенже қалмауына қамқор болып жүр. Сахнаға көтеріліп, Федоров №1 мектебі директоры Елена Бердникова мен Федоров қазақ мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Жанабаев шәкірттерін құттықтады.

Талай елден жиналған биші-хореографтарды мойындатқан «Жұлдызға» Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, педагог-хореограф Сылан Имашева, «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы», «Үздік ұстаз» төсбелгілері, «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қоры төсбелісінің иегері, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы, педагог-хореограф Анаргүл Құсайынова өздерінің жылы лебіздерін айтып, би өнеріндегі орнына жоғары баға берді. Жоғары санатты педагог, Орал қаласындағы Мектептен тыс жұмыс орталығының көркемдік директоры Аягүл Салықова да жылы құттықтап, жетістіктер мен жүлделер саны өсе беруін тіледі.

«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» демей ме... «Жұлдыз» байқау-фестивальге жол тартқанда ілесе жүретін, үйде қалғандары тілеуін тілеп отыратын ата-аналар бидің «әліппесін» үйретіп, әр баланың талантының ашылуына жол тапқан Жанар Жеңісқызына ыстық ықыластарын білдірді.

Мерекенің шарықтау шегі – әр жылдардағы «Жұлдыз» мүшелерінің сахнаға шығуы болды. Өздерін тәрбиелеген Жанар Жеңісқызына, «Жұлдызға» алғысын айтқан түлектер әлі де ырғақ пен саздың үндестігіне баулыған ұстаздың сабақтарын ұмытпағанын көрсетіп, сахнада би биледі.

24

Әнмен өріліп, би салтанат құрған осы кеште «Жұлдыз» қазақтың «Ерке сылқым», «Желдірмесін», ұйғыр биі, үндінің «Дивали», орыс ұлтына тән «Березка», «Раздолье» билерін орындады. Әр биді ыстық қабылдаған көрермендер «Жұлдыздың» 20 жылдығына орай өнерге жақын жас ақын Әділет Орынбасаров сөзін, өңірге танымал Айбек Дәулетқалиев пен Елжас Мағзом сазын жазған «Жарқыра, «Жұлдыз» әнінің тұсаукесеріне куә болды.

20 жыл бойы «Жұлдызды» жұлдызды жолмен жетелеп келе жатқан жетекшісі Жанар Тайшыбаева мен хореограф-жаттықтырушысы Дана Темірғалиева сахнаға шақырылған кезде халық ерекше қошемет көрсетті.

Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімі басшысы Лунара Сердәлиева, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин өнер ұжымына алғыс айтып, құттықтау сөзбен қорытындылады.

27

Мақсат қойып, соған жеткенше тыным таппайтын, өнер мен ұйымдастырушылық қабілетті қатар алып келе жатқан Жанар Жеңісқызына, би өнеріне белін буып келіп, халыққа қуаныш сыйлаған «Жұлдыз» би ансамблі мүшелеріне бұл кеште айтылған тілек аз болған жоқ. Ортақ тілек – жарқырай бер, «Жұлдыз»!

Камелия Өтеу,

Фото:Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале