Балғаным мен әжесі бүгін де түн ортасы ауғанға дейін күбір-күбір әңгімелесіп, кірпік ілмеді. Әсіресе тәлім-тәрбие, ұлттық құндылық хақында қарт ана әңгімені әріден қозғайды. Күн сайын қаузайтын тақырыптары да түгесілмейді. Әжесі жыр қылып айтудан, Балғаным ұйып тыңдаудан жалыққан емес, әсте.
— Бәкөн-әй, қызым, ояумысың, — деген Сымбат әже, оның «ояумын» деген үнін құлағы шалса болғаны, ақыл-кеңесін айта жөнеледі.
— Әмәнда қыз баланы «құтты қонақ» деп төрін ұсынып қастерлеген дана қазағым, расында да дара қазағым! Қаракөздерінің бойына инабат, иба, иман, сұлулық, адамгершілік сықылды құнды қасиеттерді аса бір дарындылықпен дарыта білген ғой, шіркін?! Міне, осындай асыл қасиетке ие болған сен де атыңа кір келтірмей, қазақ деген тегіңе сөз ілдірмей жүргейсің, ботам. Бұл өмірдің жолы сан тарау, бұрыс жолдың жетегіне жармаспай, дұрыс жолға түсіп, өз орныңды адаспай табарсың, қызым, — деп одан әрі қыз баланың білімді болғанын құп көретіндігін тілге тиек етті. Әжесі небәрі төрт-ақ сыныпты тәмәмдаған. Алайда құдды бір ғалымдар секілді көсіле сөйлейтініне Балғаным аң-таң.
Ақылгөй әжесінің һәм ұлағатты ұстаздар — ата-анасының мейіріміне бөленіп, тәрбиесін көріп өскен Балғанымның да ішкі жан дүниесі рухани азыққа толы.
Әжесі о дүниелік болғалы ол күрт өзгерді. Үнемі қызықты әңгіме айтып, айналасын ду күлкіге қарқ қылатын бұл Балғаным бұрынғы Балағанымнан өзгерек. Құрбыларымен ашық-жарқын тілдеспейді. Томаға тұйық. Сол қалпымен мектепті бітіріп, шаһардағы білім ордасына оқуға түсті. «Әжем жас кезінде мұғалім болуды армандап еді, сол кісінің арманың орындайыншы» деп ұстаздық жолды таңдады.
Алып шаһар — Алматы. Нөпір халық. Студент Балғаным осындай көптің ортасында жүрсе де, өзін ылғи жалғыз сезінеді. Бар алданышы — кітап. Кітап демекші, көк базарға кіреберісте діни кітаптар сататын ағайдан жұма сайын кітап ала-тұғын. Күндіз-түні соны оқиды.
Бір күні сатушы ағай:
— Сенің университетте білім алып жүргенің мүлдем қате. Біздің дінімізге қайшы. Мәселен, білімнің «көкесі» біздегі кітаптарда. Байқаймын, кітаптарды алып жүрсін, бірақ нәтиже жоқ. Себебі, басына әлі орамал тақпаған екенсің, киімін де қысқа, — деп Балғанымға дүрсе қоя берді.
— Ертең сабақтан сұранып кел, мен сені бір сестрамен таныстырамын, ол кісі саған бәрін үйретеді, — деп телефон нөмірін берді.
Бірінші курс студенті өзіне қамқор болған ағасына ризашылығын білдіріп, келіскендей болды. Келесі күні сабаққа бармай, ағайдың жөн сілтеуімен «сестраға» келді. Сөйтсе-дағы бұл «сестрасы» ашық-жарқын, бауырмал екен. Балғанымды бұрыннан білетіндей өзімсініп оған көп нәрсені түсіндірді. Қош айтысарда қара түсті етегі ұзы-ы-ын көйлек пен әдеттегідей емес ерекшелеу орамалды қолына ұстата салды...
«Папа, Мама, маған ренжіміңіздер. Алматыдағы оқуым осы екінші курспен тәмәм. Мен басқа мамандық алу үшін шет елге достарыммен кетіп барамын. Ауылға бара алмадым, асығыспын» деген мазмұнда Балғанымнан әке-шешесіне хат келді.
— Бұл қызым ақылды ма десем, алдын-ала еш хабарын айтпайды, қоңырауға бірде жауап беріп, бірде мүлдем тұтқаны алмайды,— деп әкесі бұрқылдап жүр.
— Өткенде айттым саған, осы қыздың сөйлесуінде бір гәп бар, үнемі қашқақтайды да жүреді. Сылтауы көп. Біз барайық дегенде, оқу барысымен ана қаладамын, мына қаладамын деп келтірмей қойды өзі. Оның сөзін тыңдамай баруымыз керек еді. Енді мұнысы несі, бас-аяғы жоқ, басқа қалаға кеткені қалай? Ең болмаса ақылдасу деген жоқ, — деген анасы біресе ашуға мініп, біресе қызы қандай күйде екен деп аяп жылап алды. Сан мәрте телефон соқты, сөндірулі.
Бұрын-соңды аяқ баспаған шет елге келгелі Балғанымнан маза кетті. Білім алмақ түгілі, үйден шықпады, анығын айтқанда бұларды ешкім сыртқа шығармады. «Ол жақта бәрі жақсы болады, білімді аты әлемге белгілі профессорлардан оқисыздар, сендерді керемет жағдай күтіп тұр» деп көшті бастап келген Джамиль (қазақстандық, азан шақырып қойған есімі Абай) мұнда келгеннен кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетті.
Арада бірнеше жыл өтті. Балғанымның мұңға толы әр күні жылаумен өтіп жатыр. Шет елде жүріп төрт баланы дүниеге әкелді. Төртеуі де төрт күйеуден. Бірақ балдарын өзі қарап отыр, өйткені төрт күйеуі де бұған «талақ» айтып тастап кеткен.
Жат ағымның жетегінде кеткенін білгенде-ақ Балғаным бұл фәниден баз кешті. Қазақстанда жүргенде осы ісім дұрыс деп ойлап жүрді. Айналасындағы адамдар бұған кәпірдей көрінуші еді. Санасы да, жүрегі де уланып, әбден дуаланған ол «шет елде мүлдем өзгерем, қайтадан жаңа өмір бастаймын» деп үміттеніп еді. Қайдам, бәрі де керісінше болды. Қапаланды. Алайда өте тым кеш...
«Жусан» операциясы арқылы Қазақстанға баруға болатын естігенде, Балғаным да елге оралғысы келген. Алайда «қалай барамын, мені құшақ жая қарсы алатын кім бар?» деп өз ойынан қайтты. Тек төрт баласын іліктірді. Үлкен қызының көйлегінің етегін бүріп, ол жерге төрт бүктеулі қағазды салды. Сосын қызына қарап тұрып:
— Күнде қайталап жүрген сөзімді ұмытпадың ба, қане, қайталашы, — деді.
Он бес жасар Рашида: — Қазақстан, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Бақтияровтар әулеті, — деп анасын құшақтап алды.
— Осы сөзді тек қазақтарға айт. Ұмытпа. Етегіңдегі қағазды Бақтияровтарды тапқанда ғана соларға бер, інілеріне мұқият бол. Мен сендермен бірге бара алмаймын, келесіде барамын, — деп Рашидаға шегелеп тұрып тапсырды.
Аты жаман ауруға шалдыққан Балғанымның әкесі мәңгілік сапарға кетті. Анасы ұшты-күйлі жоғалған қызын іздеп Алматыға барған еді. Сұрастыра келе Балғанымның жат ағымға кіріп кеткенін естіп есеңгіреп оралды. «Қалай, қайдан табамыз?» деп отырғанда «Жусан» операциясын естіп, үміт қылды. Сөйтіп жүріп 4 жиенімен қауышты. Алайда ана жүрек туған қызын іздеді. Рашида берген қағазды ашып оқыды.
"Апа-ау, ауылға барғым келіп жүр".
Оралға оралғандардың ішінен Елырыс есімді келіншек Балғанымды танушы еді. Анасын іздеп барды:
— Апай, сабырлы болыңыз, Балғаным бақилық болды, өздерімен бірге тұратын Шахизадың күйеуі Рахманның тапаншасымен өзін атып тастапты. Бізді кешіріңізші, біз қатты қателестік, — деп егілді Елырыс.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz