Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушев өткен аптада ауылдық округтерге шығып, нысандар мен шаруашылықтар жайымен танысуын жалғастырды. Өткен аптада ол Ақжайық, Приречное, Богдановка ауылдық округтерінде болды.
Ақжайық ауылында аудан басшысы бірқатар мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты. Айталық, мектеп, интернатта болып, ұжыммен жүздесті. Одан әрі аурухана, орман шаруашылығы, электр жүйесінің жұмысына қанықты. Ауылдағы іргесі қаланып жатқан тұрғын үй құрылысын қадағалады.
Мұнан кейін ауылдық мәдениет үйіндегі ел егемендігінің мерейтойына арналған концертке куә болды. Жұртшылыққа жылы лебізін арнаған аудан басшысы Тілек Александрұлы марапаттау рәсімін атқарды.
Аудан басшысы Приречное ауылдық округіндегі сапарын жергілікті әкім М.Жақсыбековпен бірге «Бисен» шаруа қожалығынан бастады. Қожалық иесі М.Бисенов жұмыс жайлы айта келіп, жаңа техникасын көрсетті. Қуатты, әмбебап техника егін салумен айналысатын шаруашылықта жұмыс сапасын арттырары сөзсіз.
Бұдан соң жұмыс тобы "ShubarSai" шаруа қожалығына бет алды. Қожалық басшысы Т.Жұмағалиев өз қаржысымен салған мал қорасын көрсетті. Жаздай мал азығын жинап алған шаруашылықта бағымдағы малы қоңды.
Тілек АлександрұлыПриречное ауылында әлеуметтік нысандар жағдайын да қарап өтті.Әсіресе, мектептегі жылыту қазандығының жайын мұқият қарап шықты. Жергілікті мектепті ұзақ жылдар басқарған еңбек ардагері С.Гальчанскиймен кездесіп, ауыл тұрғындарының қажеттіліктері жайлы білді.
Іссапар Богданов ауылдық округі аумағында жалғасты.
Придорожное ауылындағы ауыз су тазалайтын кешендік модуль басына барған аудан әкімі әлеуметтік нысандар, жылыту қазандықтарын да қарап шықты. «Ганиев» қожалығына барып, шаруашылық жағдайымен танысты. Богданов ауылындағы білім ордасында ғимарат ішін аралап, қысқыға дайындығын пысықтады.
Әр нысанның жағдайы жайлы баяндап отырған округ әкімі Асқар Нұрғалиев жол, ауыз су мәселелері жайында айтты. Аудан әкімі сапарын Богданов ауылдық округі аумағындағы шаруашылық құрылымдар жұмысымен танысумен аяқтады.
Тілек АлександрұлыПриречное, Богданов ауылдық округтеріндегі іс сапарын ауыл активімен кездесуде қорытындылады. Бұл отырыстарда ауылдың жай-күйі, қысқыға дайындығы сөз болып, жергілікті белсенділердің бірқатар ұсыныстары талқыланды.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz