– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің және тұтастай алғанда өңірлердің көптеген даму бағыттары белгіленді. Мен ел экономикасына, өңірлердің дамуына әсер ететін іс-шараларға тоқталғым келеді.
Президент қоғамда көптен бері толастамай айтылып келе жатқан түйткілдерді естіді. Үкіметке халықтың тұрмысын жақсарту және елдің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіретін, жылдар бойы қордаланып келе жатқан сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөліктерін жою бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды.
Әсіресе көптен бері халықтың наразылығын тудырып келе жатқан мәселенің бірі утилизациялық алым мәселесіне тоқталды. Елімізде бұл қызметті жеке компаниялар атқарып келеді және утитлизациялық алым мөлшері өте жоғары. Ал басқа елдерде бұл сома Қазақстандағыдан бірнеше есе аз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындауға тапсырма берді. Болашақта қалдықтарды жинау тарифтерінің төмендеуі агроөнеркәсіптік кешен мен шаруа қожалықтары үшін аса қажет көліктердің, арнайы және ауыл шаруашылығы техникалары құнының төмендеуіне әкелетінін айту керек.
Қазақстанның оңтүстігінде Қытаймен шекарада заңсыз іс-әрекеттерімен ел бюджетіне ондаған миллиард доллар көлемінде зиян келтірген қылмыстық құрылымдарға тосқауыл қойылады. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлықты жеңу ішкі нарықта адал бәсекелестіктің өсуіне жол ашады және ел бюджетіне қомақты қаржының түсуіне мүмкіндік береді.
Барлық өңірлерді қуантқан маңызды жұмыс бағыттарының бірі – донор өңірлер жалпы трансферттерді көбірек алып, облыс экономикасын нығайтады. Яғни облысымыздың бюджетіне республикалық бюджеттен көбірек қаржы түсіп, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндіктер көбейеді деген сөз. Облысымыз үшін тағы бір жақсы жаңалықты атап өткім келеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін еліміздің батыс өңірінде халықаралық жоғары білім стандарттарына сай келетін, инженерлердің, өнеркәсіппен айналысушылардың жаңа буынын қалыптастыратын техникалық бағыттағы екі университет ашу жөнінде тапсырма берді.
Азамат Бисенов,
«Оралагрореммаш» АҚ бас директорының орынбасары