Қазақтың аса айтулы, айбынды биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек бабамыз айтқандай: «Іштен шыққан жау жаман, таусылмайтын дау жаман, шанышқылаған сөз жаман, дəл осындай жағдайда, пана болмас өз үйің...».
Біздің бір Отанымыз бар. Ол – ата-бабаға арман болған көп ұлтты қара шаңырағымыз Тәуелсіз Қазақстан. Егемендік – бұл ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан аманаттар мен өсиеттердің, асқақ арманның, сансыз сынақтардан өткен мұқалмаған рухтың нәтижесі.
2022 жылдың қаңтар айы бар әлемді бейбітшілікке шақырған, халықтың абыройын төгіп, ар-ұяттан, қасиеттен, адамгершіліктен жұрдай, елді тонап, соққыға жығып, өз бауырларын өлтірген содырлардың жантүршігерлік оқиғаларымен басталды. Бұдан асқан сорақылық бар ма? «Барлық қылмыстардың ең ауыры – адамға жаны ашымастық» деген болатын көне қытайдың пәлсапашысы Конфу Цзы. Өкінішті... Бейбіт шеру арандатушылықтың нәтижесінде қан төгіске ұласты.
Өркениетті елдерде әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселерді шешудің сан-алуан әдістері қолданылады. Әрі бұл сұрақтар бейбіт жолдармен шешіліп, өмір жалғасуда. Біздегі жағдай кешенді зерттеуді, талдауды талап етеді. Осындай сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дұрыс, тарихи да батыл шешім қабылдап, мемлекет тізігін өз қолына алуы – баршамыздың болашағымызды сақтап қалды.
Президентіміздің 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуіндегі «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады. Экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын» деген сөзі баршамызға қуат береді.
Болашақтың стратегиялық бағдарламасының негізгі бағыттары бүгінгі Парламент Мәжілісі депуттарттарымен кездесуде жалғасын тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет басшысына қордаланған экономикалық мәселелерді тиімді шеше отырып, макроэкономиканы тұрақтандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырмалар берді. Сондай-ақ халықтың әл-қуатын және тұрмыс сапасын жақсартуды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, армия, құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік қызметке қатысты реформаларды жалғастыруды тапсырды. Үкіметтің халық үніне құлақ асатын жобаларын жетілдіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру мен өңірлерді дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Жекешелендіру процесінің ашықтығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында да нақты тапсырмалар берді.
Қазақстанның даму банкі, Самұрық Қазына қоры және басқа да мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар мекемелердің жұмыстары сынға алынды. Болашақта жанар-жағармай, азық-түлік бағасы басты назарда болмақ.
Президенттің алға қойған міндеттері мен бастамалары бүгінгі таңдағы қоғамның сұранысы мен талаптарынан туындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес, мемлекет билігінің қайнар көзі – тәуелсіз Қазақстанның халқы. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Осыған орай, Мемлекет басшысы және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын тұрақтандыруға, халықтың әл-қуатын арттырып, бірлігі мен ынтымағын сақтауға бағытталған саясатын Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университетінің оқытушы-профессор құрамы, студенттер мен магистранттар толығымен қолдайды. Осы бағыттағы іс-шараларды тиімді жүзеге асыруда адал еңбекпен үлестерін қосады деп сендіремін.
Біздің күшіміз бірлікте! Еліміз аман, халқымыз тыныш болғай!
Әліби Баяхов,
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университетінің ректоры, профессор