– Кеше ел Президенті Қ.К. Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында «қасіретті қантар» деп атап, бірнеше күн бойы қабырғаны қайыстырған дүрбелеңге қатысты мемлекет басшысы ретінде қатаң ұстанымын білдірді. Әрине, барлығымыз да осынау саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты қатаң шешімдер қабылданғанын, түбегейлі өзгерістер болғанын күтетініміз рас. Алайда өзгерістердің бір күнде болмайтынын, барлық жағдайларға саяси, құқықтық сараптау негізінде баға беріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын да мойындау керек.
Президент бірнеше басты бағыттар туралы өз ұстанымдарын айқын әрі батыл жеткізді. Сонымен бірге ұстанымдарының әрқайсысы бойынша нақты талдау жасап, Үкімет басшысы мен тиісті органдарға тиісті ұсынымдар беру және бағдарламалар жасауды тапсырды.
Менің тоқталғым келетін мәселе – білім саласы. Президент білім саласы мен жастар мәселесіне де айырықша тоқталып, ондағы басты бағыттарды да атап өтті. Әсіресе оның білім саласына көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі, педагогтердің ролі туралы ойы өте орынды. Мұғалім жетіспейтін елді мекендерге мықты мамандар баруға жағдай жасау білім сапасының ғана емес, сол мектептердің де деңгейін көтеріп, оқушылардың өзіне сенімін артуына да, өмірлік жолды дұрыс таңдауына да ықпал етері сөзсіз.
Сонымен қатар бүгінгі мұғалімнің кәсібилігі ғана емес, өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, оқушыға тек жаттанды білім беруі емес, тәрбие негіздерін, адами қасиеттер мен мейірімділікті, имандылық пен адалдықты қалыптастыра алатын деңгейде болуы аса маңызды. Интернетке тәуелділік, барлық жақсысы мен жаманы, өтірігі мен шыны аралас мынау ақпараттық заманда жас ұрпақтың санасына ар, ұят, ынсап деген ұғымдарды мықтап сіңіретін – әуелі отбасындағы тәрбие, ата-ананың үлгісі. Ал бұлар – мектептен алатын білімі мен тәрбиесіне мықты іргетас болып қаланары сөзсіз. Бүгінгі жастардың көбінің идеалы – бай болу, биік дәрежеге ие болу. Әрине, табысты болуға ұмтылған дұрыс, бірақ табыстың еңбекпен, белгілі бір өнерді, техниканы немесе кәсіпті игеруден, оны шеберлік дәрежесіне жеткізу арқылы өзінің өресін биіктету, өзіне деген сұранысты арттыру, сол арқылы табыс та, атақ-дәреже де, байлық та келетінін ұғындыру, үйрету – кейінге қалып бара жатқандай.
Сондықтан Президенттің жергілікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға жасаған қадамын да өте тың шешім деп бағалаймын. Математикалық, жаратылыс тану, техникалық мамандықтардан гөрі гуманитарлық мамандықтарды таңдау басым екенін өзімнің көп жылдар бойы білім саласында қызмет істеу барысында байқап келемін. Бұған мектептерде мықты математик, физик сияқты кәсіби мамандардың жетіспеуі бір себеп болса, өңіріміздегі жоғары оқу орындарының мүмкіндігі де әсер етуі мүмкін. Шын мәнінде, өңірімізде шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарын ашудың қажеттігі бар. Бұл жағдайда техникалық мамандарды даярлау ғана емес, бәсекелестік жағдайында өзіміздегі жоғары оқу орындарының сапасын арттыру мүмкіндігі де пайда болатыны сөзсіз.
Мен тек алдан жақсылық күтемін, оның нышандарын бүгін анық көрдік те, ағайын. Енді еліміздің өркендеуіне үлес қосуды қолға алу үшін біріккен абзал.
Светлана Бахишева,
Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Орал қалалық мәслихатының депутаты