Облыс бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны соңғы аптада (17-21 қаңтар) 84%-ға жиіледі. Науқастар санының күрт артуына байланысты облыстық көпбейінді аурухана жанындағы инфекциялық стационар, сондай-ақ облыстық фтизиопульмонология орталығының «Кумыска» провизорлық стационары және Казталов аудандық ауруханасындағы жұқпалы ауруларға арналған 75 орындық бөлімше қайтадан жұмыс істей бастады.
Өңірде КВИ-ге шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 10 стационар жұмыс істеуде. Биыл 1 қаңтардан бері 2725 тұрғын коронавирус жұқтырса, оның бесеуі көз жұмды. Алты науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Ревакцинациядан өтуі тиіс тұрғындардың 12%-ы ғана қайта иммундаудан өткен. Облыстық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі Бибігүл Айтбаеваның мәліметінше, аталмыш аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 58 науқас амбулаторлық ем қабылдауда. Олардың 28-і екпе алса, 30-ы әлі вакцина қабылдамаған.