26.01.2022, 12:20
Оқылды: 318

Ойыншық таңдау білеміз бе?..

Ойыншықты пайдалану баланың ой-өрісін кеңейтуге, онда бейнеленген заттар мен өмір құбылыстарына деген ықыласын тәрбиелеуге көмектеседі. Бірлескен ойындарда балалардың өзара достық қарым-қатынастары қалыптасады.

5bd929f79c939

Ойыншықтардың шығу тарихына тоқталар болсақ, баланың ең алғаш ойыншығы – сылдырмақ. Осындай сылдырмақтармен анасы бесік жырын айтқан. Сонымен бірге сылдырмақты сылдырлату арқылы жын - шайтандарды үркітеді деп те сенген. Ойыншықтар бала үшін ермек қана емес, сонымен қатар ол оның дамуына да тиімді құрал ретінде пайдаланылады. Балаларымыз өсе келе әртүрлі түсті ойыншықтарға құмар екенін байқаймыз. Елімізге шетелден тасымалданатын ойыншықтардың саны артуда және улану да аз емес. Өз кезегінде мамандар ойыншық таңдарда абай болуды, оның құрамында мөлшерден тыс химикат заттар болатынын, бала денсаулығына қауіпті екенін  айтып өтті. Байқай тұра оның зияны қандай, сапасына, жасалған материалына мән бере қоймаймыз. Сырт келбеті жақсы, көзге тартымды, қолға жұмсақ, сәбиге де ойнауға ыңғайлы. Бастысы, ата-аналардың мән беріп, қарайтын дүниесі осымен шектеледі. Дүкен маңынан өтіп бара жатып, баламыз қай ойыншықты қаласа, сол ойыншықты ақшамыз жеткенше әперетініміз анық. Ойыншықтардың құрамында фенол-бекітілген нормадан 1,2-1,4 есе, формальдегид-1,2-4,1 есе, қорғасын-1,7 есе, кадмий-1,6-4,0 есе артық болса, баланың ағзасына қауіп төндіреді. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне, әрі кетсе асқазан-ішек ауруларына әкеп соқтырады және теріге тез сіңеді.

Балаға зияны тиетін ойыншықтар легі тоқталар емес. Осы орайда, зиянды ойыншықтар туралы айта кетейін. Мысалы, спиннер айналу кезінде оның бөліктері ажырап, зақым келтіруі мүмкін. Бұл ойыншықтың бөліктерін талай бала жұтып та қойған және бұл баланың зер салу қабілетіне кері әсерін тигізеді. Одан кейін, дәрігер ойынын ойнауға арналған жиынтық. Әрбір балаға бұл ойыншық түрі өте қызықты болып келеді. Өйткені, жиынтықтың ішіндегі заттарды не өзіне, не басқа балаларға пайдаланып көргісі келеді. «Сауықтыру» процедураларын жүргізу барысында ұсақ заттар мұрынға немесе тыныс алу жолдарына тұрып қалуы мүмкін. Ойынның бұл түрі балалардың шынайы қайшы мен шприцке құмарлығын оятады. Ішінде шприцтер, мұрын мен ауызды тексеруге арналған құралы жоқ жиынтықты алғаныңыз өзіңізге де, балаңызға да жақсы. Тағы сол сияқты, құрамында пропеллері бар ойыншықтар, батареялы ойыншықтар, әуе шарлары, ойыншық қарулар, магнитті конструкторлар балаға зиянын тигізетін ойыншықтар қатарына жатады.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Салтанат Сабырованың айтуы бойынша Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығы жариялануына байланысты шағын кəсіпкерлік нысандары тексеруден босатылған.

-Өнім қауіпсіздігінің мониторингі аясында департаментпен ай сайынғы жоспар жасақталып орындауға бізге жолданады. Сол кезде ғана заңды түрде БҚО құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу басқармасында ТСОБТ базасы арқылы тексерулерді тіркеу жұмыстары заңда көрсетілген мерзімде жүзеге асырылады. Сондықтан тексерулер тек жоғары сатыда тұрған органнан (департаменттен) тапсырмалар келіп түскенде жоспардан тыс тексерулер арқылы жүзеге асырылады. Тексеру барысында көбінесе анықталатын кемшіліктер өнімнің қауіпсіздігі туралы сертификаты болмауы немесе мемлекеттік тілде таңбалауы (маркировка) болмауы болып табылады. Ауданда өнімдердің əр түрін соның ішінде ойыншық қарайтын зертхана болмауына байланысты тексеру барысында алынған заттар облыстық ЦСЭ зертханасына зерттеу үшін жолданады. Зертханалық  қорытынды шығарылып бізге кері жолданады. Сол қорытынды бойынша бұзушылықтар анықталса əкімшілік шаралар қолданылады,-дейді ол.

Ойыншықтар сәби денсаулығына қаншалықты зиянды және қауіпті. Қандай ойыншықты балаларға қолдануға болатынын аудандық аурухана мамандарынан сұрадық.

- Біздің кабинетке бұрын 3 жасқа дейінгі балалар қабылданса, қазір өзгерістерге байланысты 3 айдан бастап 6 жасқа дейінгі сәбилер қабылданады,-деді дені сау бала бөлмесінің медбикесі Мәншүк Бейісова.

-Кабинетімізде баланың дамуын, қалай сөйлесу, ойнау керегін айтамыз. Қазір  ең маңыздысы балаға 3 айдан бастап күніне 15 минут кітап оқу керек. Сонда бала 5 жасқа келгенде 27375 минут оқиды. Бала дүниеге келісімен онымен әңгіме соғу, бетіне қарап күлімсіреу, оған есту, сезу, қозғалу сияқты мүмкіндіктерді қамтамасыз ету керек. Сондықтан 1 айдан бастап түрлі-түсті ойыншықтарды, сылдырмақтарды көз алдына көрсету қажет. 6 айдан бастап 1 жасқа дейін сәбиге қолына ілігетін ойыншықтарды ойнатып, оның сынық еместігіне, тазалығына, қауіпсіз екеніне көз жеткізген дұрыс. 1 жастан 2 жасқа дейін балаға жинауға, құрастыруға арналған пирамида, кубик секілді ойыншық түрлерін, 2 жастан жоғары балаларға есептеуге, салыстыруға, суреттер көрсетіп оның атын айтуға, әңгімелесіп, сәбидің қойған сұрақтарына жауап беріп, оларға түрлі ойындар ойнатып, ән айтқызу керек.     Ойыншықтардың да саты-сатымен берілетіндігін ұмытпаған жөн.  Бала әр нәрсені ауызына салып ойнайтындықтан, ойыншықтар алдымен,  күніне 1 рет 10 литр суға 100 грамм ас содасы мен 100 грамм кір сабынды үккіштен өткізу арқылы жуу, 2%-дық сабынды сумен жуу, таза суға шайқау, кейін кептіру  жұмыстары жүргізіледі. Ойыншықтарды балаға берер кезде олардың залалсыздандырылғанын тексеріп, одан кейін үшкір, сынық ойыншықтарды бермегеніміз абзал.  Мақпал матадан жасалатын балалар қуыршақтары мен аюдың қонжығы бейнесіндегі ойыншықтарда микробтар көптеп кездеседі. Сонымен қатар жуылмаған ойыншықтарды бала ауызына салып, әртүрлі инфекциялардың түсуінен ауруханада ем алатын жағдайлар да кездесіп тұрады.   Жас ата-аналарымыздың көбінен дерлік балаларының ойыншықпен емес, теледидар қараумен немесе ұялы телефонмен әуес екенін көп естимін.

Бізбен сөйлескен медбике Мәншүк апамыз ойыншықтан жұқпалы ауру жұқтырған балалардың сирек те болса ұшырасатынын айтқанымен, олардың санын, қай айда, қай күні ауруханаға түсіп, ем алғанын қолында мәлімет болмағандықтан тап  басып айта алмады...

Маман кеңесін ескере отырып, жас аналарды да сөзге тартқан едік.

Айдана Рахымғалиева, ата-ана, Жәнібек ауылының тұрғыны:

-Менің балаларым ер бала болғандықтан көбіне көлік ойыншықтарды алып беремін. Әрине,  ойыншықты алмас бұрын ең әуелі оның қауіпсіз екеніне көз жеткіземін, содан кейін сапасына қараймын. Бала өскенге дейін өзінің жан-жағын ойыншық арқылы танитын болғасын, ой-өрісін дамыту үшін керек. Сол себепті балаларым өзіне ұнаған көлік немесе әуенді ойыншықтарды таңдайды. Көбіне, Ресей елінде жасалатын ойыншықтарды тұтынамын, олардың бояулары қанық, қолға жұқпайды, аллергиялық әсері жоқ, сапасы жоғары. Жасыратыны жоқ кейде Қытай елінің ойыншықтарын да алып берген кезім болды. Олардың сыртындағы түрлі-түсті жарнамаланған жапсырмасы желімнен тез ажырап қалады, өткір иісті, материалдары тез сынғыш, бағасы төмен. Егер де балаларым сапасы төмен ойыншықты таңдайтын болса, сондай ойыншық түрін, бірақ сапасы жақсысын алып беремін.  Өйткені, балаларымның денсаулығы ең бірінші орында,- дейді ол.

Жәнібек ауылының тұрғыны, жас ана Мөлдір Жексенғалиева да негізінен ойыншықтарды сапасына қарап алатынын, көбінесе Ресейдің ойыншығын тұтынатындығын тілге тиек етті.

- Мен қыздарыма қуыршақ, дәрігер ойынына арналған ойыншықтарды, әріптерді үйренуге арналған кітап түрлерін алып беремін. Бұндай ойыншықтар баланың дамуына, әртүрлі мамандыққа қызығушылығын оятуға қажет деп ойлаймын. Ойыншықтың қайсысын алып берсем де, ең бірінші оның сапасы мен иісіне қараймын. Себебі, ойыншықтардың сапасызы балаларымның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Кейде қыздарым сапасы нашар ойыншықты таңдап тұрады. Мен оларға ол ойыншықтың қауіпті екенін түсіндіріп айтып, басқа ойыншық алып беремін,-дейді Мөлдір.

Осы айтылғандардың бәрі ата-аналарды ойлантқаны жөн. Ұрпағымызды бәсекеге қабілетті, зиялы ұлттың өкілі ретінде тәрбиелеуге қажетті ойыншықтар өз елімізде шығарылып, балаларға қуаныш сыйлап жатса қандай жақсы!

Мәдина Сағындық, 

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

Фотосурет интернеттен *Өзекті

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале