Мемлекет басшысы Татарстанның республикалық маңызы бар қаласы Набережные Челны шаһарына барып, Ресейдің ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ» компаниялар тобының өндірісімен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«КАМАЗ» әлемдегі ауыр жүк көліктерін шығаратын жетекші компаниялардың жиырмалығына кіреді. Оның өндірістік қуаты жылына 71 мың машина шығаруға мүмкіндік береді. Алыс-жақын шетелдерге көлік экспорттайтын бұл компанияның басшылығының айтуынша, Қазақстанның автомобиль нарығы өте маңызды бағыт. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жаңа жүк көліктері нарығындағы «Камаздың» үлесі 42 пайыз болған.
Аталған компания Қазақстанда бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы шойын құю өндірісін іске асыратын «KamLitKZ» зауытының құрылысы. Өндірісті 2024 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр. Дәл осы индустриялық аймақта көліктің құрал-саймандарын шығаратын зауыт салынып жатыр. Компания басшылығының айтуынша, Қазақстанда алдағы уақытта «КАМАЗ» көлігіне қажетті қосалқы бөлшектер шығарылмақ.
Мемлекет басшысы «КАМАЗ» компаниясының зауыттарында тәжірибе алмасып жүрген қазақстандық мамандармен әңгімелесті. Осындай мүмкіндік туғызғаны үшін жұмысшы жастар Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Тәжірибе жинау мақсатымен екі айға келген жұмысшылар Қостанайда ашылатын зауытта жұмыс істейтін болады. – Бұл – экономикамызға тың серпін беретін маңызды жоба. Сіздердің қажетті білім алып, тәжірибе жинағандарыңыз өте құптарлық жайт, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың негізгі драйвері саналатын мұнай өңдеу, машина жасау салаларына арналған және Татарстаннан шығатын өзге де өнімдер қойылған көрмені аралап көрді.