17.02.2022, 11:10
Оқылды: 199

Бес ауылдағы есеп беру кездесулері

ҚР Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу» туралы №190 Жарлығына сай барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп береді. Осы орайда Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев пен дербес бөлім басшылары Борсы, Жақсыбай, Талов, Тау, Қамысты ауылдық округтерінде болып, аталмыш ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебін тыңдады.

IMG-20220217-WA0010

Техникалық су мәселесі көтерілді

Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева ауылдастарының алдында есеп беріп, жыл ішінде атқарған жұмысы туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» жобасы бойынша 10 отбасыға барлығы 3 млн 917 мың 275 теңге ақшалай көмек тағайындалған. Сонымен қатар, 3 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмыс істеп, қазіргі таңда бірі Ғ.Қараш атындағы орта мектепке, бірі Жәнібек аудандық ауруханасына тұрақты түрде жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ ауыл «Максим», «Аят», «Әмина», «Дәулет» атты жаңа шаруа қожалықтарымен толыққан. Соның ішінде «Аят» шаруа қожалығын құрған ауыл тұрғыны Елдос Әбілов ауыл техникалары базасын жаңарту бағытында лизингке «Беларус» тракторын сатып алған.

А.Бекқалиеваның есебінен кейін аудан басшысы А.Сафималиев тұрғындар алдында бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы баян етті. Соның ішінде Борсы ауылына қатысты мәселелерді атап өтіп, биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Яғни биыл модульді медициналық пункт салынып, сондай-ақ келесі жылы Ғ.Қараш атындағы және Тегісшіл мектептерінің ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Есептік кездесуден соң жарыссөзге жазылған ауыл тұрғыны Дәулет Ибатов техникалық су мәселесін көтерді. Яғни мектеп түлектері жиналып құдық қазып беруге дайын екендігін айтып, аудан әкімдігінен жер астында судың бар-жоғын анықтап беруді сұрады. Сол сияқты ауыл тұрғыны Әмірхан Досболатов жарық мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жел тұрса ауыл жарығы өшіп қалады екен. Екі мәрте теледидары жанып кеткен. Осы мәселеге қатысты М.Хаби аудандық электр торабы мемлекетке қайтарылғанын, яғни ақша бөлініп, биылдан бастап үш жылға жаңа жоба жасақталып, әр ауылға 60 шақырым сымдарды реконструкциялауға рұқсат берілгенін айтып өтті. Сондай-ақ Ә.Досболатов аудандық орталық ауруханадағы портал мәселесі, оның дұрыс ұйымдастырылмағандығын, мамандардың тұрақтамайтындығын тілге тиек етті. Оралбек Құлтанов ауылдағы сайлау комиссиясының мүшелерін өзгерту керек екендігін, яғни бұрынғы құрамға жұмыссыздарды қосуды және мешіттің құжаттарын реттеп беруді сұрады. Барлық қойылған сұрақтарға А.Сафималиұлы мен дербес бөлім басшылары тұшымды жауап берді.

«Менің аулам — менің бағым» бағдарламасы жүзеге асуда

-Биыл шекарашылар қатарына ауыл жастарынан 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп бітіргеніне 30 жыл болған түлектер жалпы құны 800 мың теңге тұратын М.Ықсановтың кеудемүсінін орнатып берді. Сонымен қатар, Тұрсын Осатов жетекшілік ететін «Байсал» шаруа қожалығы Сарыөзен бағытында орналасқан жерде 50 гектар суармалы егін егіп, әр гектардан 10 центнер өнім алды. Облыс әкімінің қолдауымен «Менің аулам — менің бағым» бағдарламасы аясында төрт аз қамтылған отбасы жалпы сомасы 2 млн 333 мың 600 теңгені құрайтын грант ұтып алып, түрлі жеміс ағаштарын сатып алды. Алмат Бақытұлы биылдың жоспарын да атап өтті. Атап айтсақ, ауыл орталығындағы Қарақұлов атындағы көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, Сарыөзеннен канал арқылы Жақсыбай сайына су айдау жұмыстары жалғасады,- деді Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев жыл ішінде атқарған жұмысы туралы.

А.Қаратаевтың баяндамасынан кейін аудан басшысы А.Сафималиев аудан бойынша көкейде жүрген мәселелерге тоқталып, ауылға қатысты жол, медициналық пункттің мәселелерін де айтып өтті. Яғни медициналық пункт келесі жылы салынатын болады.

Жарыссөзге жазылған ауыл тұрғындары Асқар Иманғалиев Beeline ұялы байланысының нашарлап кеткендігін, мәдениет үйіне күрделі жөндеу керек екендігін айтса, Қамидолла Мекетаев ауылдағы бары екі-үш трансформатордың баяулығына тоқталды. Сонымен қатар, Гүлстан Төрешова алдағы уақытта халыққа тиімді жобаларға, қайтарымсыз гранттар мен аз пайызды несиелерге қатысты сауалдарын қойды. Барлық қойылған сұрақтарға аудан басшысы мен дербес бөлім басшылары тұшымды әрі нақты жауаптарын берді. Мәселен, аудандық электр торабының басшысы М.Хаби келесі жылы әр ауылда екі трансформатордан ауыстырылатындығын атап өтсе, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы М.Ибатов биылдан бастап жастар тәжірибесінің мерзімі 6 айдан 12 айға ұзартылғанын, ең төменгі еңбекақы мөлшері 42500 теңгеден 60000 теңгеге өскендігін айтты.

Екі көшеге жарық шамдар орнатылды

Талов ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев өткен жылы атқарған жұмысы жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Оның айтуынша, ауыл саябағы жөнделіп, яғни қоршау, өрнектас төсеу, жарық шамдар, орындықтар мен арқалар орнату, балалар ойын алаңын салу үшін 15 млн 890 мың теңге қаржы жұмсалған. Сонымен қатар, ұзындығы 1600 метрді құрайтын С.Сейфуллин мен М.Мәметова көшелеріне жарық шамдар орнатылған.

IMG-20220217-WA0012

Аудан басшысы аудан, ауылға қарасты қазіргі таңдағы басты мәселелерді атады. Яғни Талов ауылдық округіндегі Сарыөзеннен ауылдың су қоймасына дейінгі тозығы жеткен құбырларды жаңасына ауыстыруға аудандық бюджеттен 30 млн теңге қаржы бөлінген. Осы орайда биыл құбырлар ауыстырылады. Одан бөлек, барлық ауылдық округтердегі бұралқы иттердің мәселесін де атап өтті. Бұл проблема да алдағы уақытта өз шешімін таппақ.

Жарыссөзге жазылған таловтық Жасұлан Пайдиннің сөзінше, карантиндік шектеулерге байланысты жаңартылған мәдениет үйінде көптеген шаралар өтпей жүр. Сол себепті ол ауыл тұрғындарының бұған түсіністікпен қарауларын сұрады. Ауыл тұрғыны Нұрзия Лұқпанованың Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектеп тоғызжылдық оқыту жүйесіне ауысады ма деген сауалына аталмыш мектептің директоры Серік Сидағалиев мектептегі бала саны азаймаса, ауыспайтындығын жеткізді.

«Қайрат» балабақшасына күрделі жөндеу қажет

Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов бір жылда атқарған жұмыстары туралы баян етті. Әкімнің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында 3 қожалық «Беларус» тракторын, 1 қожалық шөпшапқыш, 2 қожалық суға арналған насос қондырғыларын сатып алса, 7 шаруа қожалық құдық қаздырған. Сонымен қатар, ауылдық округте орналасқан саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, ҰОС қатысқан адамдардың тізімі жазылған тақтайлар жаңартылып, тақтайшалар сырланып, қақпа орнатылды. Саябақтың негізін қалаушы Ару Ысмайылқызының есімі жазылған тақтайша орнатылып, өрнектас төселіп, субұрқақ пен орындықтар жаңартылып, жарық шамдар қойылды. Сондай-ақ, мектепті 2001 жылы бітірген түлектер мектеп ауласына «Altyn uya mektebim» атты жазуы бар тақта орнатса, 2011 жылғы түлектер ауыл тұрғыны Ербол Өтешевтің үйіне газ өткізіп, газ плитасын сыйға тартты.

Әкім баяндамасынан кейін аудан басшысы былтыр ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып, басты жол мәселесін шешіп алу керектігін атап өтті. Тау ауылындағы ауыз су мәселесіне де тоқталды. Сонымен қатар, «Қайрат» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Арман Метанов мал бағымы, оған қатысты құқықбұзушылықтар туралы қысқаша айтып берді.

Жарыссөзге жазылған ауыл тұрғыны Таңат Сәриев «Қайрат» балабақшасы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын қынжыла айтты. Бұл мәселеге қатысты Б.Сарбалина: «Облыстық білім басқармасы облыс бойынша бізден барлық мәселені қайта-қайта сұрап отыр. Биыл аталған балабақша «10 күрделі іске» қосылды. Келесі жылы балабақшаны күрделі жөндеуден өткізуді өз қадағалауыма аламын. Бұл мәселеге қатысты тағы бір шешім бар. Ол – балабақшаны мектептің жанындағы интернаттың ғимаратына көшіру. Қандай шешім болса да, аталған мәселе күн тәртібінен түспейді»,- деді.

Сонымен қатар, Т.Сәриев: «ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктті де жөндеу керек»,- деді. Ауыл тұрғыны Әлібек Сүйінішев техникалық судың аздығын айтып, ауыл орталығындағы бір-екі көшені асфальттап беруді сұраса, Балболсын Бексейітова шабындық жерінің жоқтығын айтты.

ФАП мәселесі шешілуде

Қамысты ауылдық округінің әкімі Нұрлан Аюпов бір жыл ішінде атқарған жұмысы хақында баяндады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Амир» шаруа қожалығының жетекшісі Ләззат Ықсанова 2 млн 400 мың теңге, «Айзере» ЖК жетекшісі Жұмағали Балтамұратов 1 млн теңге несие алып, барлығы 11 бас ірі қара сатып алған.

Баяндамадан кейін аудан әкімі А.Сафималиев аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сөзіне сүйенсек, басты жолдан Қамысты ауылдық округіне дейінгі 14 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, алдағы уақытта асфальт төселіп пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Сондай-ақ, жабайы иттің мәселесін, бұған қатысты шешілу жолдарын да атап кетті. Сол сияқты келесі жылы ауылға фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.

«Қайрат» шекара бөлімшесінің бастығы Арман Метанов шекара мәселесіне қатысты баяндама жасап, анықталған деректерге тоқталды.

Жарыссөзде ауыл тұрғыны Тоқтағаным Үмітаева мәдениет үйінің жөндеуден өткенін атап өтіп, оның айналасын абаттандыру қажеттігін айтты. Ауылдық «Қазпошта» бөлімшесінің базасы, терминалдың жұмыс істемейтіндігін де қосты. Байланыс торабының мәселелері бойынша А.Ысқақова тұшымды жауап берді. Бұрхан Өтеғалиев ауылды жарықтандыру, ауыз судың фильтрін ауыстыру, төрт көшені асфальттандыру мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғыны Бисен Қалжиқов былтыр және бұрнағы жылдары көтерілген мәселелердің көбі шешілгендігіне алғысын жеткізді.

IMG-20220217-WA0011

Барлық қойылған сұрақтарға аудан әкімі мен дербес бөлім басшылары жауап берді.

Кездесу соңында тұрғындар аудан, ауыл әкімдерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын оң бағалады.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале