18.02.2022, 21:20
Оқылды: 327

115 мың түп жеміс-жидек ағашы отырғызылмақ

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен «Менің аулам - менің бағым» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті. Кеңеске облыс әкімі аппараты, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және өзге де мекеме басшылары, аудан әкімдері қатысты.

957A2F96-848F-41D0-B6EE-B583E4A7B864

  Жиында Мемлекет басшысының 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес өңірімізде жүріп жатқан жұмыстар талқыланды.

B6E4EEC2-3C9D-474E-A2AB-C09614F926E0

 Өткен жылы облыс көлемінде жеміс-жидек шаруашылығын дамыту үшін «Менің аулам - менің бағым» жобасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Жобаның негізгі мақсаты - әр аулада, әр елді мекенде жеміс-жидек ағаштарын отырғызып, бақтар ашып, жергілікті халықты жыл бойы жеміс-жидекпен қамтамасыз ету әрі жұмыссыздарды жұмыспен қамту.  

530788CE-7EA6-456A-843C-B7E104C0DBD5

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халеловтің айтуынша, аталмыш жоба бес бағыт бойынша жүзеге асқан.  

Бірінші бағыт - Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 АЕК немесе 583,4 мың теңгеге дейін берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар есебінен жұмыссыз және аз қамтылған отбасылар мүшелеріне көшеттер, қажетті құрал-жабдықтар мен тыңайқыштар алып беру арқылы іске асырылған. 12 ауданнан және Орал қаласынан 103 адам мемлекеттік грант есебінен жобаға қатысып, барлығы 6408 түп жеміс-жидек ағаш көшеттері, оның ішінде 1183 түп алма ағашы, 4654 түп таңқурай, 571 түп өрік отырғызылыпты. Жобаның бірінші бағыты бойынша мемлекеттік грант есебінен Теректі ауданынан - 18, Бәйтерек ауданынан - 12, Қаратөбе ауданынан - 10, Тасқала ауданынан 24 адам бірнеше түп көшет отырғызған.  

6483B5CF-74C8-494C-B78C-CB5699B484BC

Екінші бағыт бойынша облыс тұрғындары арасынан ерікті түрде өз қаражаты есебінен көшеттерді сатып алу арқылы ауласында шағын бау-бақша өсіру жүзеге асырылды. Бұған облыс көлемінде 1671 адам қатысып, 11865 түп жеміс-жидек ағаштарын отырғызды. Үшінші бағытта облыстағы әлеуметтік мекемелер аумағына көшеттер отырғызу  жүзеге асырылып, 7951 түп жеміс ағаштары отырғызылған. Бұл бағыт бойынша білім, мәдениет, және әлеуметтік мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен 1055 түп ағаш егіп, Бөрлі ауданы көш бастаған. Бәйтерек ауданы 896 түп көшет, Шыңғырлау ауданы 839 түп көшет егіп, аудандар бойынша алдыңғы үштіктер қатарынан орын алған. Өкінішке орай, бұл бағыт бойынша Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандары төменгі қатарда болса, Теректі  ауданы мен Орал қаласының мекемелері мүлдем тыс қалған. Төртінші бағытта облыстың елді мекендер маңындағы бұрынғы бау-бақшаларды қайтадан қалыпқа келтіріп, әрі қарай күтіп-ұстап дамыту үшін кәсіпкерлер тауып, бау-бақша ісін жандандыру туралы тапсырма берілген.  

26D7CE82-7C9D-41C1-BC48-D47E2C18A59D

– Бұл бағытта Тасқала ауданында Атырау облысының тумасы Бейбіт Иманғалиев пайдаланылмай жатқан Шежін ауылы аумағындағы Шежін-2 өзені жанындағы 5 га жер учаскесінің екі гектарына 500 түп алма ағашын отырғызды. Ол биыл алма бағын 5 га толықтырып, қосымша 500 түп алма ағашын отырғызбақ. Амангелді ауылдық округінің тұрғыны Әлібек Давлетов ауыл аумағындағы өзен жағасында 1 га жер учаскесін қоршап, дайындап, 200 түп алма ағашын отырғызды. Қазіргі уақытта Орал қаласы маңындағы екі алма бақ қалпына келтіріліп, жергілікті нарыққа өз жемістерін шығарып сатуда. Оның бірі - Серебряков елді мекенінің жанындағы «Клад» ШҚ, екіншісі Қайрат Каримовтың алма бағын атап өтуге болады. Бесінші бағытта әр аудан орталығында тұқымбақтар жасақтап, жеміс-жидек көшеттерін көптеп  отырғызып, әр аудандағы ауылдарды жергілікті жеміспен қамтамасыз етуді қолға алу. Бүгінгі таңда облыс көлемінде Тасқала, Казталов, Ақжайық және Бәйтерек аудандарында жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, Тасқала ауданында екі тұқымбақ ашылып, онда 57 мың түп ағаш, оның ішінде 30 мыңдай шырша өсірілуде. Казталов ауданының алты округінде жалпы саны 0,57 га жерде тұқымбақтар ашылып, 6600 түп қарағаш, 105 түп үйенкі көшеттері отырғызылды. «Менің аулам – менің бағым» жобасын бірден қолдаған Ақжайық ауданы, Есенсай ауылының мектеп түлектері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 50 түп жеміс ағаштарын мектепке тарту етіп, өз мектептеріне алма бағын жасақтады. Осы жеміс ағаштарын баптау және күту жұмыстарына жазғы демалыс кезінде оқушылар жұмысқа тартылып, өз үлестерін қосты, - деп атап өтті Алдияр Сансызбайұлы.

23D3D30C-DF7B-4047-993F-E59E14D5EF54

Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтің айтуынша, ауданда тұрғындармен бірге бірнеше мекеме жеміс-жидек ағаштарын сатып алып, аулаларына еккен. Аудан әкімі аппараты 40 түп алма ағашын, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп және мектеп түлектерінің демеушілігімен бірге 50 түп алма, 20 түп шие, 20 түп алмұрт ағашын отырғызған. Сондай-ақ кәсіпкер Қайрат Кәрімовтың демеушілігімен Ақтау орта мектебінің ауласына 40 түп алма ағашы отырғызылған.

Қазіргі күнде Ақтау орта мектебінде тамшылатып суару әдісін қолдану жолдары қарастырылуда. Мектеп оқушыларынан құралған «Экожүрек»  тобы алма ағашын егіп қана қоймай, «Менің аулам – менің бағым» жобасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде екен. Олар өткен жылы «Shell Nxplorers» халықаралық бағдарламасы негізінде және «Шелл Қазақстан» жобасының қаржылық қолдауымен өткен «Жасыл ұрпақ бәйгесі» экологиялық жобасына қатысып, 700 мың теңге көлеміндегі грант иегері атанған. Мектеп оқушыларының түпкілікті мақсаты - тамшылатып суару технологиясын жүзеге асыру үшін қажетті құралдарды алып, 40  түп алма ағашымен тоқталып қоймай, мектеп ауласын жеміс бағына айналдыру. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы Тасқала ауданында 3350 түп жеміс-жидек көшеттері егілген. Биыл аудан бойынша 82 адамға мемлекеттік грант беру жоспарлануда. Соның ішінде бау-бақша өсіруге 10 адам грант алуға ниет білдірген.

Жиында белгілі болғанындай Ақжайық ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 адам 1,6 млн. теңгеге 369 түп жеміс ағаштарын отырғызған.

– Биыл аталған бағыт бойынша кәсіпкерлерді және тұрғындарды тарту арқылы 1800 түп жеміс ағаштарын отырғызу жоспарлануда. Ақжайық ауданы бойынша сегіз алма бағы бар. Ондағы  32,1 га. жерге 19640 түп алма ағашы егілген. Өткен жылы Ақсуат ауылдық округінде «Бақтар әлемі»  ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (Мұхтар Айтимов) құрылып, 15 га. жерге 8000 түп алма ағаштары отырғызылды. Биыл 10 га. жерге 6000 түп, одан басқа 1 га. жерін тұқымбаққа (питомник) айналдырып, алманың элиталық түрін егу жоспарында бар. Аудан кәсіпкерлері биыл 7000 түп алма ағашын егуді жоспарлап отыр, -деді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

    Жиында «С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақтың» негізін қалаушы, белгілі бағбан Қайрат Кәрімов ағаш көшеттерін отырғызудың қыр-сырымен бөлісіп, өз ойын ортаға салды.

      Түйгеніміз, өткен жылы «Менің аулам - менің бағым» жобасы аясында облыс көлемінде 26224 түп жеміс-жидек ағаштары отырғызылған. Ағымдағы жылы аталмыш жоба бойынша елді мекенде, әр аулада жеміс-жидек ағаштарын отырғызуды өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге көбейту көзделген. Нақты айтқанда көктем келе облыс көлемінде барлығы 115 000 түп жеміс-жидек ағаштарын отырғызу - алдағы күннің еншісінде.

    Биыл «Алтын алма» шаруа қожалығының, «С.И Исаев» атындағы, «Уланова» жеке кәсіпкерлігінің және  облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтары бағбандарды қажетті жеміс-жидектермен қамтамасыз етпек. 2022 жылы «2022 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде беру жоспарлануда. Сондай-ақ облыс бойынша 1 258 адамға 1 313,4 млн.теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілмек.

 –  «Менің аулам-менің бағым» жобасы қоғамда үлкен қолдауға ие болды. Өткен жылы еккен ағаштардың 85-90 пайызы тамырын терең жайғанын мамандардан естіп отырмыз. Бұл қуанарлық жәйт. Орал қаласын әу бастан жасыл қала деп мақтан етеміз. Сондықтан ағаштардың санын көбейтуіміз керек. Жеміс-жидек ағаштарының үлкен-кішіге пайдасы зор. Ол ағзаға дәрумен болып дарып қана қоймай, жас өскінді еңбекқорлыққа тәрбиелейді. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бекер айтылмаған. Өңіріміздің әр тұрғыны өз ауласында, ауыл-қаладағы саябақтарға ағаш отырғызса, қоршаған ортаға зор үлес қосқан болар еді,- деді келелі кеңесті түйіндеген облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.  

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале