21.02.2022, 9:10
Оқылды: 133

Ұлттық спорт алаңында - әкелер мен балалар

Балалар жылы аясында тұңғыш рет Орал қаласындағы "Орал" спорт клубының ат спорты бөлімінде ұлттық спорт түрлерінен әкелер мен балалар арасында жарыс өтті. 

IMG-20220221-WA0006

Жарыс алдында спорт клуб директоры Есқабыл Жалмурзиев сөз алып, ұлттық спортты дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында өткізіліп отырған аталмыш шараны қолдаған әкелерге алғыс айтты.

InShot_20220221_090318864

Сонымен қатар шараға қатысқан белгілі спорт ардагерлері Руслан Мырзашев пен Қуаныш Уақасов жас спортшыларға батасын берді. Олимпиада резервтерінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Қанат Жанғалиев те ат спортының адам өміріндегі және бала дамуындағы рөліне тоқталып, палуандарға сәттілік тіледі.

InShot_20220221_090532162

Сонымен әкелі-балалы он екі жұп садақ ату, серке ілу, кермеге тартылу, аударыспақ сынды нағыз жігіттер сынына түсіп, салт-дәстүр, жігіт пен жылқыға қатысты сұрақтарға жауап берді.

IMG-20220221-WA0013

Бұл күн әкелер үшін үлкен сынаққа толы күн болды. Себебі өз қолымен жетектеп әкеліп, аттың тақымына байлаған ұлдарының ат жалын тартқан азамат болғанын, ат үстінде емін-еркін ойнағанын көріп, өздері де намысқа тырысты.

IMG-20220221-WA0017

Қала өмірі, қарбалас жұмыс оларға күн сайын атта жаттығуға мүмкіндік бермейтіні сөзсіз. Десе де сол ұлтының төл спортымен балалары айналыссын деген ниеттері дұрыс болғанын көрді. Себебі балалары әкелеріне шеберлік сағатын көрсетті. Әсіресе аударыспақта, серке ілудегі ұлдарының ептілігіне тәнті болған әкелер бас шайқады. Ат спорты нағыз білекті, жүректі жігіттердің ісі екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ұлдарының дәл осы сәттегі жетістіктеріне марқайып, мақтанды.

IMG-20220221-WA0018

Шараның мақсаты да сол ата жолын қуып, ат жалын тартқан балалардың үлгілі ісін әкелерге көрсету, екі арадағы берік қарым-қатынасты нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу болатын.

Сонымен тартысқа толы білектілер бәсекесінде жүлделі бірінші орын Оралхан Бақтыгереев пен ұлы Мағзом Нұрдәулетке, екінші орын Әбілхайыр Ахметов пен Дияс Сүйінғараевқа, үшінші орын Ахмешев Нұрлан мен ұлы Мұратқали Арсенге бұйырды.

IMG-20220221-WA0014

Жүлдегерлер дипломмен, барлық қатысушылар алғысхаттар және демеушілер атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды #ұлттықспорторал #балалараударыспағы #балалараударыспағы #балаларкөкпары #жамбышыбалалар #жамбыатуорал #теңгешібалалар

Ақмоншақ Жұмаева,

"Орал" спорт клубының әкімгері,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале