Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) апта сайынғы эпидемиологиялық бюллетеніне сәйкес, соңғы екі аптада әлемде коронавирус жұқтырғандар саны артқан, алайда КВИ-ден қайтыс болғандар саны едәуір азайып отыр. Мәселен, 7-13 наурыз аралығында әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 8%-ға өссе, ал өткен аптада тағы 7%-ға артқан. Дегенмен аталған ұйымның мәліметінше, әлемде COVID-19-дан қайтыс болғандар көрсеткіші төмендеген. Мәселен, соңғы аптада қайтыс болғандар саны 23%-ға азайған. Әлем және Қазақстандағы эпидахуал туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
Джон Хопкинс универистетінің мәліметінше , пандемия басталғаннан бері әлемде 477 миллионнан астам адам коронавирс жұқтырған. 6,1 миллионнан астам адам қайтыс болды.
20 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған елдер қатарында АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция және Ұлыбритания бар.
Әлемдегі маңызды оқиғалардың статистикасын жасайтын Worldometer порталының мәліметі бойынша, бейсенбі күні таңертең 1 миллион адамға шаққандағы өлім көрсеткіші 786,2-ны құраған. АҚШ-та 1 миллион тұрғынға шаққанда 2994 адам, Үндістанда – 368, Бразилияда – 3059, Францияда – 2157, Ұлыбританияда – 2396 адам қайтыс болды.
Бұған дейін наурыз айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис әлем қазір «пандемияның ортасына жеткенін» айтқан еді. Ал ұйымның Ресейдегі өкілі Мелита Вуйнович пандемия биыл аяқталуы мүмкін екенін атап өтті. «Алайда бұл вирус толығымен жойылады деген сөз емес. Тек коронавирусты жұқтырғандар саны азайып, жағдай бұған дейінгідей ушықпайды дегенді білдіреді», - деді ол.
Польшада бетперде тағу режимі алынады
Польша билігі 28 наурыздан бастап республикадағы бетперде режимін алып тастау және шетелден келетіндерге карантин енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бейсенбі күні баспасөз мәслихатында республиканың денсаулық сақтау министрі Адам Недзельский мәлім етті.
«Мен 28 наурыздан бастап бетперде кию міндеттемесін алып тастау керек деп шештім. Бірақ бұның медициналық мекемелердегі қызметкерлер мен науқастарға қатысы жоқ. Басқа жерлерде 28 наурыздан бастап мұндай міндеттеме болмайды», - деді ол.
Дегенмен адам көп жиналатын жерлерде маскадан бас тағып жүруге кеңес берді. Сонымен өоса ол үй карантині де алынып тасталатынын атап өтті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда адекватты шешімдер қабылданатын болады.
Еске салайық, 2020 жылдың 4 наурызынан бастап республикада коронавирус инфекцияның алғашқы жағдайы анықталғаннан бері 5,9 миллион адам жұқтырған, 114 мыңнан астам адам қайтыс болған. 38 миллион халқы бар Польшада елдің 22,3 миллион тұрғыны вакциналаудың толық курсынан өткен. Польшада эпидемиялық режим 2020 жылдың наурыз айынан бастап енгізілген еді, бірақ қазіргі уақытта бұрын енгізілген шектеулердің көбі алынып тасталды.
Италияда бір апта ішінде жарты млн адам КВИ жұқтырды
Соңғы жеті күнде, яғни 17-23 наурыз аралығынлда Италияда жарты миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 32%-ға көп.
Сонымен қоса ауруханаға жатқызылғандар саны - 5,9%-ға, реанимация бөлімшелеріне жаңадан түскен науқастардың саны аздап 9,4%-ға артқан.
Жаңа Зеландия кейбір мамандықтар үшін міндетті вакциналауды алып тастамақ
Жаңа Зеландия 2022 жылдың 4 сәуірінен бастап белгілі бір мамандықтар үшін үшін міндетті коронавирусқа қарсы вакциналауды алып тастамақ. Бұл туралы сәрсенбіде елдің премьер-министрі Джакинда Ардерн мәлімдеді.
«Коронавирустың омикрон нұсқасының тарауын бақылауға алу және Жаңа Зеландия тұрғындарының вакцина алу көрсеткіштерінің жоғары екені санитарлық шектеулерді жеңілдетуге мүмкіндік береді», - дейді ол.
Сонымен қоса премьер-министр ел індеттің шарықтау шегінен өткенін және жұқтырғандар санының күн сайын көбеюі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын, сондықтан 4 сәуірден бастап ешбір қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарға бару үшін вакциналау құжаты талап етілмейтінін атап өтті.
Бұрақ мұның денсаулық сақтау саласы мамандарына, мүгедектер мен қарттарды күтумен айналысатындарға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне қатысы жоқ. Шекара және кеден қызметкерлері үшін де вакцина алу міндетті болып қалады.
Сонымен қатар Ардерн 26 наурыздан бастап қоғамдық іс-шараларға қатысушылар мен мейрамханалар мен барларға келушілер саны 100-ден 200 адамға дейін ұлғайтылатынын, сонымен қатар спортпен айналысуға тыйым салынатын шектеулер де алынып тасталатынын тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Жаңа Зеландияда коронавирус инфекциясын 573 мыңнан астам жұқтырып, 201 адам қайтыс болды.
Францияда бір тәулікте 150 мыңға жуық адам КВИ жұқтырды.
Францияда коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді, соңғы тәулікте 150 мыңға жуық адамның жұқтырғаны тіркелді. Бұл туралы бейсенбіде республиканың Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі хабарлады. Елдегі инфекция деңгейі 100 000 тұрғынға шаққанда 1025 жағдайға дейін өскен. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда жоғары. 15 наурызда Францияда күніне шамамен 116 000 адамға ковид диагнозы қойылды, бұл көрсеткіш 100 000 тұрғынға 679 жағдайды құраған еді.
24 наурыздағы жағдай бойынша елде 141 мыңнан астам француз Ковид салдарынан қайтыс болды. Бір аптада қайтыс болғандар саны 612-ні құраған.
Жалпыкоронавирус пандемия салдарынан Францияда өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай өсті. Бүгінде француз ауруханаларында орта есеппен 100 адам КВИ-ді жұқтыру салдарынан қайтыс болуда. Осылайша, пандемия елдегі өлім-жітім көрсеткішіні айтарлықтай әсер етіп отыр.
Ұлттық демографиялық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, 2021 жылы Францияда 657 000 адам қайтыс болды.
Аустралияда қарт адамдар мен мүгедектерге вакцинаның екінші бустерлік дозасын салу ұсынылды
Аустралияда 65 жастан асқан тұрғындарға (50 жастан асқан байырғы жергілікті тұрғындарға) және иммунитеті төмен науқастарға COVID-19-ға қарсы вакцинаның бустерлік дозасының екіншісін алуға кеңес берілді. 25 наурызда Аустралия үкіметі жанындағы иммундау бойынша мемлекеттік техникалық консультативтік топтың мұндай ұсынысы Аустралия Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланған.
Консультативтік топ сарапшыларының айтуынша, бұл санаттағы азаматтар үшін вакцинаның екінші бустерлік дозасы оңтүстік континентке қыс келгенге дейін коронавирустан қорғану мүмкіндігін арттырып, асқыну қаупін азайтады. Қыс мезгіліне арналған екінші бустерлік дозасын COVID-19 анықталғаннан кейінгі төрт айдан соң немесе бірінші бустерлік дозаны қабылдағаннан кейін төрт ай өткен соң ғана салдыруға болады.
Қырғызстанда төтенше жағдай режимі алынады
24 наурызда Қырғызстанның вице-премьер-министрі Еділ Байсалов Төтенше жағдайлар министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылдың наурыз айында енгізілген төтенше жағдай режимін алып тастау мәселесін пысықтауды тапсырды.
Сонымен қоса ол Сыртқы істер министрлігіне қырғыз-өзбек шекарасын кесіп өту кезінде қырғыз азаматтарының коронавирус инфекциясына қарсы міндетті экспресс-тестілеуді алып тастау мәселесін де қарастыруға тапсырма берді.
Дегенмен елдегі ТЖ режимі мен шекарадағы экспрес-тестілеу қашан алынатыны жөнінде әлі толық ақпарат жоқ.
Айта кетейік, Қырғызстанда пандемия басталғалы бері 201 мыңнан астам коронавирус жұқтырып, 2 982 адам қайтыс болған.
Қазақстанда жабық мекемеде маска тағып жүру талабы алынды
24 наурызда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ВАК отырысы өтті. Онда елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғаны ескеріліп, ВАК бірқатар шектеуді алып тастады. Олар:
- үй-жайларда міндетті маска тағу талабын алып тастау;
- медициналық мекемелерде (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) медициналық маскаларды тағу міндетін өз күшінде қалдыру;
- адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда маска тағуды ұсынымдық сипатта қалдыру;
- білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат беру.
Сондай-ақ комиссия шешімімен «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын тұлғалар контингенті кеңейтіледі, ол мынадай санаттармен толықтырылады:
- бастапқы вакциналаудан өтетін, профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар;
- түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар;
- шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар;
- COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар.
Сонымен қоса Е.Тоғжанов қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі азаматтарды уақытылы иммундау және ревакциналау екенін атап өтіп, оны қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, елде пандемия басталғалы бері 1 млн 304 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал 13 мыңнан астам адам қайтыс болды.