29.03.2022, 10:40
Оқылды: 86

Күзге айналған көктем немесе жиырмаға толмаған қариялар

(Эрих Мария Ремарктің «Батыс майдан шебі өзгеріссіз» романы жайында)

 «Бізді майдан шебіне алып келгенде, жаз мезгілі болатын. Дүние құлпырып, әлем жап-жасыл күйде еді. Ал қазір күз. Ағаш жапырақтары сарғайып жатыр. Ғалам сәнінен айырылғандай. Жер сыз, түндер суық». Неміс жазушысы Эрих Мария Ремарк «Батыс майдан шебі өзгеріссіз» («Im Westen nichts Neues») романында осылай жазады. Жоғарыдағы үзіндіде аутор табиғаттағы өзгерістық! Жастық шағымыз әлдеқашан өтіп кеткен. Біз жиырмаға жетпей жатып, шалға айналдық» дейді. Сонда қысқа ғана уақытта әлі өмірде ештеңені көріп те үлгермеген өрімдей жігіттердің жазын күзге, жастығын қарттыққа айналдырған не нәрсе? Бұл, әрине, соғыс, соғыс сұмдықтары еді.

9021C82D-4B94-4DEA-9EEA-8C70C2AF12D2

«Батыс майдан шебі өзгеріссіз» романын Эрих Мария Ремарк Пауль Боймер есімді сарбаздың атынан жазғанымен, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан неміс жазушысы өзінің бастан өткергендерін бейнелегені анық. Себебі жоғарыда жазғанымыздай, туындыда бас кейіпкер Пауль Боймер болса, ал аутордың туғанда қойылған аты – Эрих Пауль Ремарк. Жалпы, 68 000 000-нан астам адам қатысып, 18 500 000-ға жуық кісі қаза тапқан Бірінші дүниежүзілік соғыста Германия империясы Британия, Ресей империяларына, Франция Республикасына және АҚШ-қа қарсы соғысқаны тарихтан белгілі. Жоғарыда аталған романда негізінен Германия және Франция әскерлерінің арасындағы қанды шайқастар, яғни майданның батыс шебі суреттеледі.

Қарсылас екі тарап бірін-бірі жойқын қарулармен атқылағанда, жарылған снарядтардан талай жауынгер өлсе, талайы ауыр жарақат алады. Оларға қарасаң, жаның түршігеді. Мысалы, бомбалаудан соң бас сүйегінің жоғары бөлігін немесе жағын, аузын, бетін т. б. дене мүшелерін жарықшақ жұлып түскен, әлі де тірі, жаны кеудесінен шықпай, қатты қиналған жауынгерлерді көрер едіңіз. Бір офицердің екі аяғын да тізесінен төмен снаряд жұлып әкетіп, ол екі аяғын тасып, екі шақырымдай қолмен еңбектеп барыпты. Бір сарбаз ішін ұстап, ыңырсып келеді. Снаряд ішіне тиіп, қан саулаған кіндік тұсынан ішектері салбырап тұр. Тағы бір жаралы бейбақ қансырап өлмеу үшін қолындағы артерия тамырын тістеп, қанын тоқтатуға тырысып бағуда.

A07E11C0-6D26-400D-A20E-FC9889E9B960

Француздар неміс әскерін атқылаған соң, жаралы бір жауынгер шайқас алаңында етпетінен жатып қалған екен. Оқ омыртқасына тиген болуы керек, шалқасына аударылып түсе алмай, жерден басын да көтеруге шамасы жетпей, аузына шаң-топырақ кіріп, түсініксіз сөздерді айтып, айқайлап жатыр. Көмекке шақырып жатқаны шүбәсіз. Бірінші күні айғайласа, екінші күні қырылдап, ал үшінші күні ыңырсыды. Оның қиналған даусына жүйкесі мен жүрегі шыдамай, қарулас серіктері жәрдемдесуге қанша тырысса да, іздеп таба алмады. Аузы жерге тиіп жатқандықтан, жатқан жерін анықтау қиынға соқты. Дауыс біресе ана жақтан, біресе мына жақтан шығып жатқандай естіледі. Емін-еркін іздеуге мұрша жоқ, немістер бораған оқ пен оттың астымен еңбектеп қанша іздесе де таппады. Сөйтіп, жаралы жауынгер бірнеше күн азап шегіп жатып, жан тәсілім етті.

Әскер қатарына жаңадан қосылып, майданға енді әкелінген жігіттер тәжірибесіз-діктің кесірінен шыбындай қырылып жатты. Снаряд құласа, жан-жаққа бытырай қашып, жата қалудың орнына бәрі үріккен қойдай бір жерге үймелеп, бірге жарылып кетті. Дұшпанның еріккен ұшқыштары кейбірін қоян аулағандай ұшақтан-ақ атып, мерт қылды.

Газды шабуыл жасалғанда, окоптар өліктерге толып қалатын. Әдетте, газ бірте-бірте шөгіп, шұңқырдың түбіне жиналып, төменде ұзақ уақыт сақталады. Майданға енді әкелінген тәжірибесіз сарбаз окоптың түбінде отырып, жоғарыға қараса, жоғарыдағылар газтұмылдырықты (противогаз) шешіпті. Газ төменге жиналатынын білмейтін ол жоғарыдағыларды көріп, өзінің газтұмылдырығын шеше салады да, улы газды жұтып, өкпесін күйдіреді. Өстіп тәжірибесіздіктен немесе газтұмылдырықты киіп үлгермегендіктен, улы газға тұншығып, өз қанына шашалып өлгендердің мүрдесі окоптарда үйіліп жататын.

Әдетте екі тарап бірін-бірі бұлай алыстан атқылап қырғанда, адам өлтіріп жатқаны аса сезілмейтін. Ал қоян-қолтық ұрыстарда жауынгердің ішкі күйі басқаша еді. Бірде бас кейіпкер Пауль түнде еңбектеп барлауға шығып, бағытынан жаңылып, адасып кетеді. Сондықтан терең шұңқырға түсіп, бой тасалай тұруды жөн көреді. Кенет француздар шабуылға шығады. Бірақ оларды немістер тойтарып тастайды. Кері қашып келе жатқан бір француз шұңқырға құлағанда, мұндайға әзір жатқан Пауль оны әлденеше рет пышақтайды. Жаралы жау Паульдің көз алдында бірте-бірте әлсіреп, жан тапсырады. Бұл шұңқырдан шығып кетейін десе, екі жақтан екі тарап тынымсыз атып жатқан оқ бас көтертпейді. Сөйтіп, мүрденің қасында бірнеше күн отырған Пауль адам өлтіргені үшін өзін жазғырып, мүрдемен сөйлесіп, одан жалынып кешірім сұрайды. Марқұмның төс қалтасын ашып қараса, жауынгер кітапшасында аты Жерар Дюваль, мамандығы баспагер екені жазылыпты және одан бөлек әйелі мен қызының суреті, оларға жазған хаттары да бар екен. Отағасынан айырғаны үшін олардың алдында да өзін сұмдық кінәлі сезініп, ар азабын тартады Пауль. Марқұмның қарындашымен мекенжайын жазып алып, соғыстан аман қайтса, өзі өлтірген француздың бала-шағасына ақша жіберіп тұруға бекінеді. Арының алдында сәл де болса тазаруға, өзін ақтауға тырысқаны ғой. Пауль өз жағына бірнеше күннен кейін ғана қайта алды.

Майданда екі жақтан да қырылып жатқан қарапайым халық еді, яғни кәдімгі малшылар, егіншілер, қолөнершілер, шеберлер, пошташылар дегендей. Романдағы Леер, Качинский, Тьяден, Кропп, Детеринг, Бертинг т. б. кейіпкерлер, яки неміс жауынгерлері өзара сөйлескенде, неге олар мүлде танымайтын, бірінші рет көріп тұрған, өздері сияқты қарапайым кісілерді өлтіру керек екенін түсінбей дал болады. Мектепте сабақ берген мұғалімдер патриотизм деген осы екен деп неге өз еркіңмен соғысқа баруға соншама үгіттегенін ұға алмайды. Қантөгістің мән-мағынасына көз жеткізе алмай, ызаға булығады. Одан да соғысып жатқан мемлекеттердің билеушілері, министрлері, қолбасылары өзара тоқпақпен, таяқпен төбелесіп, мәселені шешуін, қай жақ жеңсе, соныкі дұрыс болуын жөн көреді. Ондай жағдайда миллиондаған адам өлмес еді, миллиондаған тағдырға балта шабылмас еді.

Бастапқыда майдан алаңындағы азық-түлікті, жа-уынгерлердің нанын егеуқұйрықтар жеп қойып, маза бермейді. Бір сарбаз нанын кеміргіштің тісі өтпейтін қатты затпен мықтап орап, оны басына жастанып ұйықтап жатқанда, түнде жүзінің жыбырлағанынан оянып кетеді. Сөйтсе, бір егеуқұйрық нанның иісін сезіп, бірақ қалай аларын білмей, мұның бетінде жүр екен. Жиіркеніп, тітіркеніп, ашуланып атып тұрып, басқаша қулыққа көшеді. Жерге екі таяқ қадап, жіп кереді де, қатты материалмен оралған нанын жіптің ортасына іліп қояды. Біраздан соң, шиқылдаған дауыстан тағы оянып кетсе, бір семіз кеміргіш жіптің үстінде, ілінген нанның тұсында отыр екен. Бұлардан әбден мезі болған сарбаздар бір күні түнде шетін егеуқұйрық жеген нанның бәрін үзіп алып, үгітіп, бір жерге жинайды да, өздері қолдарына таяқ пен күректерін алып дайын тұрады. Кеміргіштердің жиналғанын дыбысынан сезгенде, екі жігіт қалта шамын жағып қалып, қалғандары оларды ұрып өлтіре бастайды. Өстіп егеуқұйрықтардан құтылуға тырысады. Алайда кейінірек азық-түлік дұрыс әкелінбей, ашыққан жауынгерлер сол кезде шеті кемірілген нанды егеуқұйрықтарға тастағанына өкінеді. Ішегі бұратылып, қарны ашқан жігіттер еш жиіркенбей, сол нандарды да жеп қоюға әзір еді. Кейінірек қанды шайқастарда талай адам өліп, майдан алаңында мүрделер көмусіз жатқанда, егеуқұйрықтар өлік жеуге көшіп, қатты семіреді. Енді сарбаздар кеміргіштерді атып өлтіре бастайды.

Соғыста қантөгісті, қиналып, ыңырсып жатқан жаралылардың өлім сағатын, өмірді қимай жылағанын, дәрігерлер қол-аяғын кескен ауыр жаралылардың күйзелісін және т. б. небір жан түршігерлік сұмдықтарды көрген Пауль өзінің қатарластарын; бүкіл арманы мен жастығын соғыс жалмаған тұтас буынды жоғалған ұрпаққа теңейді. «Біз майданнан аман қайтқан күннің өзінде енді бейбіт өмірге қандай күйде ораламыз? Жанымызға бірнеше жыл бойы соғыс салған жарақаттардан қалай жазыламыз? Қаншама уақыт адам өлтіріп үйреніп қалған біз бейбіт өмірде қару қолданбай, ешкімнің қанын төкпей, тыныш ғұмыр кешуді қалай үйренеміз? Бұл сұрапыл күндер, зұлмат шақтар жадымыздан өшер ме! Қаза тапқан майдандас серіктерімізді, қарулас достарымызды ұмыта аламыз ба?!» деп толғанады ол.

Шығарманың аяғында Паульдің өзі де, майдандас серіктері де қаза тапқаны жазылады.

«Батыс майдан шебі өзге-ріссіз» романы соғыстың сұмдықтарын, шындығын ашық жазу арқылы мұндай зұлматтың зардабын көз алдыңызға әкеледі. Ешқандай соғыс болмаса екен, күллі адамзат бейбіт өмір сүрсе екен деп тілейсіз. Сірә, содан болса керек, бұл туынды оқырмандарға ұнап, 1929 жылы алғаш рет басылып шыққаннан кейін небәрі 18 айдың ішінде 22 тілге аударылып, 2,5 миллион данамен сатылыпты. Әлі күнге дейін мән-маңызын жоймаған бұл роман – қазір де әлемнің әр түкпіріндегі оқырмандардың сүйікті шығармасы. Алайда соғыстың сұмдығы мен шындығын әшкерелейтін туындыны оқуға, шығаруға және таратуға кезінде Германия, Италия, Чехословакия,  Австрия т. б. Еуропа елдері тыйым салып, өртеген. Себебі билікке келген әсіре ұлтшылдар тағы бір сұрапыл майданды, яғни Екінші дүниежүзілік соғысты бастауға әзірленіп жатқан еді. Соғысқұмар саясаткерлер халықтың қантөгіске, жаппай қырып-жоюға деген ынта-ықыласын сөндіретін шығарманың насихатталуын, таралуын қалаған жоқ. Әйтсе де, жақсы кітаптың бүкіл дүниеге тарап, онда жазылған идеялар кең жайылуына ештеңе де кедергі емес екен. Бұған «Батыс майдан шебі өзгеріссіз» романы дәлел.

Ойланып қарасақ, қай-қай майданда да халықтың қасірет шегіп, азап тартуына, қиындық көруіне себеп болатын нәрсе – басқыншылық, яғни  бір елдің бөтен жұрттың аумағына басып кіріп, соғыс ашуы. Ал басқыншылық «біз басқалардан артықпыз, өзгелер бізге бағынып, қызмет етуі тиіс» деген көрсоқыр тәкаппарлықтан бастау алатыны анық. Құдай менмен, кеудемсоқ адамды және сондай қоғамды қаламайтыны шүбәсіз.

Қасиетті Құрандағы Хужурат сүресінің 13-ші аятында: «Уа, адамдар! Негізінде, біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық әрі сендерді бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін халықтар мен руларды қалыптастырдық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың» делінген. Яғни  Алла Тағала күллі адамзаттың бір ер, бір әйелден тарағанын айту арқылы барлық ұлттың бауыр екенін еске салғандай. Қазақтың ойшылы Абай да «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» демеп пе еді? Сондай-ақ  байқайсыз ба, Жаратушы «Бір-бірлеріңді басып алуларың, басқаруларың, қырып-жоюларың үшін» демейді, «бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін халықтар мен руларды қалыптастырдық» дейді. Демек, өзге халықтармен қарым-қатынас жасағанда, бүкіл мемлекет, әсіресе, державалар осыны ескергені жөн. Әйтсе де, Жердегі тіршілік жаратылғалы бері бәрі де керісінше болып келе жатыр. Кез келген ел күшейсе болды, төңірегіне қырғидай тие бастайды. Бұған себеп алдымен, жоғарыда жазғанымыздай, «біз әлемді билеуіміз керек» деген тәкаппарлық болса, тағы да себептер – дүниеқоңыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, яғни,  өзге жұрттардың жерін, дүние-мүлкін, байлығын тартып алып, иеленсем деген тойымсыздық. Бұл ретте Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мына хадисі еске түседі: «Адам баласы бір сай толы алтыны болса да, оны азырқанып, тағы да дәл сондай бір сай толы алтыны болғанын қалайды. Оның көзі (көрге кіргенде) бір уыс топыраққа ғана тояды. Алла Тағала (ашкөздік, сараңдық сияқты жағымсыз қылықтардан арылып) тәубеге келген құлын жарылқап, кешіреді». Иә, адам баласы жаратылысынан тойымсыз. Тек нәпсісін тыйып, қанағат еткен, әділдіктен айнымаған адам және қоғам ғана екі дүние бақытына кенеледі. Ал өзгелердің дүние-мүлкіне, жеріне, бостандығына қол сұғып, қиянат жасаған қауымдар жасаған күнәларының кесірінен түбінде құрдымға кетіп, күйрейтініне тарих сан мың мәрте куә болған. «Ислам» сөзінің түп-тамыры «сәлима», «юслиму», «ислам», яғни,  бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден шық-қан,   Алла Тағаланың «Салам»  деген көркем есімімен сабақтас. Асыл дініміз бейбітшілік пен әділдікті ту ететінін осыдан-ақ аңғаруға болады.  

Егер ғаламдағы бүкіл ел, күллі адамзат Исламның осындай құндылықтарына жете мән беріп, ұстанса, онда Ремарктің романындағы Пауль секілді жастардың өмірі зая кетпес еді, тұтас бір буын «жоғалған ұрпаққа» айналмас еді. Адамзат өткеннен сабақ алып, ой түйетін, бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешуге тырысатын кез келді...

Алпамыс Файзолла,

Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале