31.03.2022, 9:40
Оқылды: 253

Күншілдік синдромы (тарихи-публицистикалық көзқарас)

(Жалғасы. Басы газеттің №7, 12, 19, 25, 33-34 сандарында)

1734 жылы 1 мамырда Орынбор экспедициясының бастығы И.Кирилловтың императрица Аннаның атына қазақтардың үш жүзі туралы және қарақалпақстан туралы таныстыруында былай делінген: «...барлық қырғыз-қайсақ ордалары жоңғар қалмақтарымен үздіксіз соғыс жүргізіп келеді және ауызбіршілік көрсетсе, ол қалмақтарды жеңер де еді, ал оларда бір хан хан соғысқа кіріссе, екіншісі тастап кетеді, сөйтіп өз иеліктерін қалмақтарға бере береді» (КРО-1. 107-108- бб.; Материалы по истории политического строя казахов, Т.1, Алма-Ата, 1960, 21-30-бб).

44AE9C49-AE64-4331-88F7-014E419A4726

Өз халқының біртұтастығымен хандық билігін нығайтуға бар күш-жігерін жұмсаған Әбілқайыр бірде құпия кеңесшіге ноғай мақалын сәлемдеме қылып жіберген: «Егер жыланның бір басы мен бірнеше құйрығы болса, ол інге тез кіреді, ал егер бірнеше басы, тіпті бір құйрығы болса да, ол інге ешқашан кіре алмайды» (РФ ООМА, 3-қор, 1-тізім, 12-іс, 69-парақ).

Сол сияқты Қытай елшісінің 1757 жылғы күзде жазған мына мәліметінен біраз жайды ұғынуға болады: «Қазақтардың малы көп, бай тұрады, – делінген деректе. – Дегенмен, олар өзара тым берекелі емес. Ал Абылай болса, ол әрқашан әлгі қазақтардың мінез-құлықтарына бойұсынып, солардың ыңғайларына қарай іс басқарады екен. Ол маған бірнеше мәрте: «Мен сендердің басқару жүйелеріңе өте қызығамын. Бірақ қазағым өз мінез-құлқынан айрыла алмас, оған амал қанша – маңқа ақты деп мұрныңды кесіп тастамайсың ғой» (Әбжанов Х. Рухани жаңғыру және ұлттық тарих. – Алматы: ИП «Уатханов А.Ф.», 2020. – 63-б.)  дегенді  айтты.

Сүйінбай Аронұлының әйгілі Қатағанмен айтысындағы қырғыз манабының өз ақынына: «Қазақтың батырларына тиіскенше, олардың күншілдігін айтпайсың ба, сонда оның аузына құм құйылар еді?!» деген сөзінен қате  табу  мүмкін  бе?!

Неге бұлай? Қазақ арасында бір дамыл таппайтын дүрдараздық пен текетірестің төркіні қайдан туындап жатыр? Билік үшін күрес, сол жолда өліспей-беріспей тоқтамайтын қасарыспа мінез жалпы алғанда тек қазаққа емес, дүние жүзі халықтарының қай-қайсысына да тән екенін әлемдік тәжірибеден жақсы білеміз. Сонда қалай? Жалпы қазақ қоғамына тән осы бір жаман әдеттің түпкі сырын немен байланыстыруға болады?

Біздіңше, негізгі гәп тереңде жатқан сықылды. Талдауға алынып отырған мәселенің басты бір ұшығы қазақ халқының мыңдаған жылдарға созылған тамырлы тарихында жатқан сияқты болады да тұрады.

Ұлы далада небір ұлы империялар құрған ұлы бабаларымыздың ноқтаға басы сыймаған асаулығын Әбіш Кекілбаев былай түсіндіреді: «Оларды ешкім жеңе алмаған, өздерін тек өздері ғана жеңе алған. Көшпенді шаруашылық пен көшпенді психология ұрындырмай қоймайтын өз сеператизмдері (бөліне-жарылушылықтары) жеңетін. Не бірімен-бірі алысып, бет-бетіне ыдырап кететін» (Кекілбайұлы Ә. Тіл және тәуелсіздік. //Егемен Қазақстан, 8 тамыз. 2006 жыл).

Әлемге танылған классиктің еңбегінен келтірілген үзіндіге түсініктеме беріп, оны талдап-тарқатып жатудың өзі артық. Мыңдаған жылдар бойы Еуразияның апайтөс даласының апшысын қуырған, жал-құйрығы тастай, тұяғынан от шашқан көшпенділерге тән өзіндік бітім-болмыстың ерекшелігі шындығына келгенде назар аударарлық.

Тарқатып айтсақ, қаны бойында ойнаған өте жауынгер, тарихта талай ұлы державалар құрған өршіл халықтың өзді-өзді алысып-жұлысып, бас-басына би болып бытырап тынғаны осы үзіндіден  көрініп-ақ тұр.

Міне, бұдан көшпенділердің, яки, біздің ата-бабаларымыздың тарихының ерекшілігін ұғуға болады. Қысқа айтқанда, генетиканың ұлы заңынан ешкімнің асып кете алмасы һәм алма сабағынан алысқа  түспесі  анық.

3.3. Дала ділмарлары не дейді?

Иә, даланың ауызша тарихын, би-шешендерден, жыршы-термешілерден бізге жеткен асыл сөздерді саралай отырып, қай кезде де күншілдік тақырыбының қазақтың аузынан түспегенін аңғармау мүмкін емес. Мәселен, Бөлтірік шешен:

«Күншілдік деген бар, содан сақтан,

Кекшілдік деген бар, содан сақтан...» (Жолдасбеков М.,Бимырзаева А., Асанова Р. Қазақ өнерінің антологиясы.

25 томдық. – Нұр-Сұлтан: «Күлтегін» баспасы, 246-б.) десе, Майлықожа ақын: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, Болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген» (Құнанбайұлы А. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп... Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Ратитет, 2008. 52,47-бб.) деп жырлапты.

Қалың елі қазағының мінін тізбелеп, оның күншілдігін сын садағына ілуде өз заманынан озып туған ұлы тұлға Абайдан өткен дананы табу әсте қиын. Мақаламыздың өн бойында ұлы ойшылға жиі-жиі сілтеме беріп отыруымыздың өзі жайдан-жай емес. Ұлының аты – ұлы. Данышпанның  аты  – данышпан.

Дала ділмарынының 1887 жылы шығарған:

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан алауыз.

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған міндейді,

Ол – арсыздық белгісі» (Қанапиянов Б., Хабдина Б. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2019, 51-б.) немесе «Жаны аяулы жақсыға  қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», десе, енді бірде:

«Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек» (Құнанбайұлы А. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп... Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Ратитет, 2008. 52,47-бб)  деген-ді.

Мұқым қазағының арғы-бергі бай тарихы мен шежіресін, рухани қазынасын терең қопарып, шұқшия зерттеген, текті әулеттен шыққан ірі ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мақсұд» деген  өлеңіндегі:

«Бұрынғы бір кісідей тату жандар,

Билеген талай елді есті хандар.

Көре алмай бірін-бірі күндеймін деп,

Не болды соның арты ойласаңдар?» деген ойлы да шерлі сұрағы қазір де көкейтесті екеніне дау айту қиын.

Өз заманының қалыбына сыймай кеткен алыптардың бірі Ғұмар Қараш өлеңдерінде замандастарының надандығына ашынғандығын былайша тарқатады:

«Ойдағымды етуге,

Жол бермейді  күншілдер.

Ақ сәлделі төрдегі,

Ана отырған діншілдер.

Не бар істі дінменен,

Өлшейтұғын міншілдер» немесе «Сынадым адамдарды» деген өлеңінің екінші шумағында табашыл жандардың  іштарлығын:

«Таппадым жаман жанды табашылдан,

Бақ тайса, құтылу жоқ  табасынан.

Күндейді жарық күнді көрсе көзің,

Кісіні көре алмайды бағы ашылған» (Набиоллаұлы Ж., Құттымұратұлы Қ. «Ғұмар Қараш шығармалары», ІІІ том, Ғұмар Қараш туралы еңбектер /Орал, 2018. 63-б.) деп сипаттайды.

Ұлт марғасқаларының күншілдік туралы жоғарыда айтқандарынан қандай қорытынды шығаруға болады? Құдды, олардың бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бір сарында сөйлеуі, олардың да өз заманында қандастарынан көрмеген азабының жоқ екені, олардың да көзінің тірісінде өз ағайындарымен алысып, арпалысып, әбден соры қайнағаны.

Әрқайсысы әр заманда, еліміздің әр қиырында өмір сүрсе де ел ардақтыларының жан-дүниесінің жарасы, көкейлерінен сыртқа атқылаған ащы өксіктерінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Демек, олар қазақ арасын әбден жайлап кеткен осындай «ішмерездікті» тек өздерінің қара бастарынан өткізгесін ғана осылай айтуға мәжбүр болған-ды.

3.4.«Жын жайлаған ХХ ғасыр»

Ал ХХ ғасырдың басын­дағы қазақ оқығандарының аталмыш мәселедегі ойлары біз үшін өте маңызды. Өйткені олар еуропаша білім алған, оқыған-тоқығаны мол, дәстүрлі мәдениет пен батыстық құндылықтардың тізгінін тең ұстаған әлеуеті зор ерекше шоғыр еді.

Көрнекті заңгер, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев 1910 жылы 30 қыркүйекте ұлт-азаттық күрестің көсемі Әлихан Бөкейхановқа Оралдан  жазған  хатында:

«Сүйікті Әлихан! ... Қазақта ауызбіршілік жоқ, бетбетімен кеткен, оқығандары болса өз жұмысын қадір тұтқанымен, бас қосып пайдалы іс бітіруге құлықсыз, бір-бірінің қызметіне қызғанышпен қарайды, яғни олар да алауыз» (Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: Алаш, 2004. 1-т. 552-б. 86-91-бб.; Қойгелді М. Реформаторлар буыны. //Егемен Қазақстан. 30 қыркүйек, 2016 жыл) деп, сол заманның шынайы көрінісін көз алдыңа әкеледі.

Сөз жоқ, Бақытжан Қаратаев сол заманның ірі тұлғасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Оның сол тұстағы саяси өмірдің қайнаған қазанында жүргенін айтып жатудың өзі артық. Аталмыш хатында ол Әлихан Бөкейхановты ұлт көшбасшысы ретінде мойындайды. Бұған біз осыған дейінгі мақаламызда арнайы тоқталғасын, бұл жолы оны қайталап жатуды артық санадық (Жақсығалиев Ж. Ініге ізет.//Ақиқат. №1. 2015 жыл).

Әйгілі ағылшын саясаткері У.Черчилльдің «Саясатта мәңгілік достар да, мәңгілік дұшпандар да жоқ, тек мәңгілік мүдделер бар» деген атақты сөзін есте ұстағанның өзінде, зерттеуші Тұрсынбек Кәкішұлының еңбегіндегі мына бір: «Қазақ жазушыларының (қайраткерлерінің деп те түсінуге болады – Ж.Ж.) бойына біткен ежелден келе жатқан қатерлі сырқат... осы жын жайлаған ХХ ғасырдан басынан бастап күшейе түсті» деген үзіндісімен келіспеске шараң жоқ (Кәкішұлы Т.Мағжан мен Сәкен: Ғылыми эссе. – Алматы: Қазақ университеті, 31-б.).

Өкінішке қарай, сол кездегі қазақ қоғамындағы елұстарларының алауыздығын айқындайтын дәйек-дәлелдер жетіп артылады. Ойымызды ғылыми тұрғыда негіздеу үшін тағы бір маңызды дерекке кезек берейік.

Ұлы Түркістан идеясы үшін басын берген, со жолда асыл сүйегі жат топырақта қалған Мұстафа Шоқайдың: «Әбдіғапар мен Амангелдінің рушылдық дерті әбден асқынғаны сонша, 1917 жылы Орынборда болған жалпы қазақ құрылтайынан соң және 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде маған да жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді есіме салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қарсы күресте «Бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініш жасады. Мен, әрине, олардың ұсынысынан бас тарттым. Өйткені мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім» (Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007, 208-б.) деп жазғаны назар аударарлық.

(Жалғасы бар)

Жаңабек Жақсығалиев,

М.Өтемісов атындағы Батыс  Қазақстан

университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале