«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полиция қызметін цифрландыру шеңберінде биыл сәуірден бастап «Halyk Homebank» мобильді қосымшасы арқылы азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жаңашылдық қазақстандықтарға 5 минуттың ішінде тұрғылықты жері және уақытша тұратын жері бойынша тіркелуге мүмкіндік береді», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ІІМ өкілі аталған жаңашылдықты қолданудың жолын айтып берді.
«Смартфоныңызға «Halyk Homebank» мобильді қосымшасын жүктеп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде – «Халықты тұрғылықты жері бойынша тіркеу» тармағын таңдап, тіркеу түріне, тіркеу мерзіміне, қызмет алушының мәртебесіне байланысты жолдарды толтыру жеткілікті. Жалпы, біздің министрлік ұсынатын мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру жұмысы жалғасын табуда», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде ішкі істер министрлігі ұсынатын 40 мемлекеттік қызметтің 38-і автоматтандырылған.