Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылының балалары ғана емес, қыз-келіншектері де асық атады. Әсіресе қол ептілігі мен мергендікті талап ететін бес асық ойынына келгенде, оларға тең келер ешкім жоқ. Жуырда өткен кезекті жарыста көнеккеткендік арулар өзара мықтыларын анықтап, жанкүйерлерін қуантты.
Алдымен осы ойынның ережесін айта кетейік. Ойын кезегі сақаларды иіру арқылы анықталады. Сақасы алшысынан түскен ойыншы ойнау кезегіне ие болады. Бірінші ойыншы ойынның ережесін бұзғанша ойнайды. Кейін ойынға екінші, үшінші ойыншы кіріседі. Ойын тек бір қолмен ойналады. Ойыншы жерден асықтарды алғанда, қолы басқасына тимеуі керек. Егер ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі. Бес асық бірлік, екілік, үштік, төрттік, жалақ, алақан, төртбұрыш, үндемес, сарт-сұрт, алмастыру, қаршу, нәби, ұпайларды жинау деп аталатын 13 кезеңнен тұрады. Мысалы, жалауда төрт асықты жерге тастап, қолдағы қақпа асықты алып, оң қолыңызбен жерге 2, не 3 рет жалатуыңыз керек. Осылайша бес асық ойынының кезеңдері, тәртіптері, түрлері жалғаса береді.
Тартысты өткен жарыста бас жүлдені Гүлжүзім Лұқпанова ұтып алды. І орынды Фатима Кенжеғалиева, ІІ орынды Айнагүл Халелова, ал ІІІ орынды Динара Төлепқали иеленді.
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан диплом және сый-сияпат табыс етілді.
Нұргүл Серікқызы,
жастар ісі жөніндегі кеңесші маман