Украинаның Еуроодаққа кіруге өтінімі таяу уақытта қаралады. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Киевке сапары барысында ресми түрде президент Владимир Зеленскийге сауалнама табыс етті. Ел ЕО-ға мүшелікке келіссөздерді бастау үшін оны толтыруы қажет. Еурокомиссия тиісті қорытындыны жазда әзірлеуді жоспарлап отыр.
Еуропалық дипломаттардың басшысы Жосеп Боррель ЕО Украинаға әскери қылмыстар туралы дәлелдер жинау және ұсынуға жеті миллион еуродан астам қаражат бөлгенін айтты. Бұл деректер Халықаралық қылмыстық сотқа жолданады.
"Құрметті Владимир, бұл конверт - ЕО-ға мүше болуға маңызды кезең. Бұл сауалнама біздің алдағы апталардағы келіссөздеріміздің негізі. Осы жерден Еуропа мен Еуропалық одаққа баратын жол басталады. Тығыз жұмыс істесек, менің ойымша, бұл әдеттегідей бірнеше жыл емес, бірнеше апта ішінде жасалады. Бұл сізге, қымбатты Владимир", - деді Урсула фон дер Ляйен Украина президентіне құжаттарды беріп.
"Урсула, біз жауапты бір апта ішінде дайындап береміз", - деді Владимир Зеленский.
Дереккөз: tengrinews.kz