14.04.2022, 14:46
Оқылды: 101

Алақандай ауылдың мәселесі аз емес

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 30 жылдан асып отыр. Сол уақыттан бері келе жатқан ауыл ғимараттарының хәлі мүшкіл, адам жағдайы аярлықтай десек артық айтпаған болармыз. Ауыл тұрғындарының да алаңдар ахуалдары жетерлік екен. Солардың қатарында Жаңақала ауданының Бірлік ауылдық округінде орналасқан М.Мирманов атындағы жалпы білім беретін мектебінің спорт залы, «Жеткіншек бөбекжай» балабақшасы, Бірлік дәрігерлік амбулаториясы бар. Алақандай ауылда қанша мәселе бар десеңізші...

1

Кезекті іссапармен аудан әкімінің орынбасары А.Еслямғалиева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Р.Ғұмар, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станция басшысы Р.Садықов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры М.Бақтыгереев және аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен Бірлік ауылдық округіне барып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Алдымен М.Мирманов  жалпы орта білім беретін мектебіне жол тарттық. Іші түгілі сыртынан жөндеуді қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Мектептің жағдайы өте нашар. Мұны мектеп спорт залы, акт залы, мұғалімдер бөлмелерінен байқауға болады. Мектеп ғимаратын аралауды спорт залдан бастадық. Ішін көріп төбе шашың тік тұрады. Спорт залдың төбесі тесіліп, іргетасы мүжіліп, жаңбырда су кетіп, берекесі кеткен. Еденнің тақтайлары шіріп, терезелерінен сыртқы саңылау көрінеді. Ұлдар мен қыздар киінетін бөлмелерін көріп басымызды шайқадық. Мұндай жерде балалар спортқа қалай бейімделеді деген ойға қаласың. Мұғалімдер бөлмесін көріп, құдды бір соғыс жылдарында өмір кешіп жатқандай күй кештік. Жиһаздарының өзі мектептің сиқын одан әрі бұзып тұр. Отырғыштарының арқалықтары жоқ, кейбірі скотчпен әр жерінен жамалған күйінде. Мектеп спорт залына кірген сәттен бастап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Есенгелді Серікқалиұлы барлық жағдайды сипаттап берді.

Ескі мектеп, енжар көзқарас

- Мектеп 1990 жылы салынған. Аталған мектепте 1999 жылдан бастап қызмет етіп келемін. 2008 жылдардан бастап спортзал  төбесінен тамшы ағады, соның салдарынан еден түсіп, шіріп жатыр. Қабырғалар арасы екіге ашылып, терезелердің жан-жағынан жел гуілдеп тұрады. Төбеден тамшы аққандықтан сыланған сылақтар түсуде, бұрыш-бұрышты көк басуда. 2018 жылы болу керек, сабақ аяқталып, балалар спорт залдан шығып бара жатқанда төбеден тас құлады, абырой болғанда оқушыларға зиян келмеді.

4

Терезені ішінен сүрте алмаймыз. Берілетін спорт құралдарына келсек, сапасыз деп айта аламын. 2020-2021 жылдарға берілген 3 баскетбол, 3 волейбол, 3 футбол доптарын берді. Доптар бір айға да жетпей қалды. Ер балдар мен қыз балалар киім ауыстыратын бөлмелер мүлдем талапқа сай емес. Осы талап-тілегіміз жоғарыда қаралып, оң шешімін тапса екен, – дейді мектеп мұғалімі.

Мектептен шығып, «Жеткіншек бөбекжайы» балабақшасына және  дәрігерлік амбулаториясына ат басын бұрдық. Мұнда да біраз мәселерді өз көзімізбен көріп қайттық. Екі мекеме бір ғимаратта орналасқан. Бұл мекемелер де  жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. Балабақшада өзекті мәселе су болса, ал дәрігерлік амбулаторияның ішіне жөндеу керектігін табалдырығын аттағаннан-ақ түсінесің. Электр желілерінің тозығы әбден жеткен. Мұнда да тамшы ағып, қабырғаларындағы сыланған жабындары түсіп қалған.

6

Одан кейін қоғамдық кеңес мүшелері мәдениет үйінде жеке қабылдау өткізді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, біраз мәселелер талқыланды. Ауылда жиі жарық өшетіні, ауылшаруашылық мәселелері, көше бойындағы  электр столбасының балаларға қауіпті жағдайда тұрғандығы, адам өміріне қатысты медициналық әлеуметтік сақтандыру  болмағандықтан жұмыссыз отырған ауыл тұрғыны дәрігерге қарала алмай жүргенін айтты. Жедел жәрдем көлігініңде екі күннің бірінде сынып жататыны, ескі, есіктері дұрыс жабылмайтындығы жөнінде көлік жүргізушісі айтты. Ауылдағы  мәселелерге қатысты аудандық кеңес мүшелері атынан Рухолла Аманғалиұлы өз пікірін білдірді.

5

- Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Бірлік ауылдық округінде болып, ауылдың тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік жағдайларымен таныстық. Бірінші танысқанымыз сол ауылға қарасты М.Мирманов атындағы жалпы білім беретін мектебі. Мектеп көп жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Әбден тозығы жеткен мектептің ішіндегі оқушылар отыратын парта -отырғыштары, жиҺаздары адам көргісіз. Мектептің спорт залы апаттық жағдайда аудандық білім бөлімінің басшысы Р. Ғұмар, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станция басшысы Р.Садықов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры М.Бақтыгереев, қоғамдық кеңес мүшелері өз көздерімен көріп оқушыларға сабақ өткізуге болмайтындығығы жөнінде ортақ келісімге келді. Балабақша бойынша ең өзекті мәселе - су мәселесі. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы жақын арада қосып беретінін айтты. Ал ауылдық дәрігерлік амбулаториясы балабақшамен бір ғимаратта орналасқан. Материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді тозығы жеткен жиҺаздар, компьютерлері істен шыққан. Мекемеге жөндеу жүргізілмеген, электр желісі дұрыс жұмыс жасамайды. Бұл кемшіліктерді аудандық басқарма басшылары неге ескермейді. Әлде оларға ауылдың жағдайы бәрібір ме түсінбедім. Ауыл тұрғындарының айтқаны ауылда жарық жиі сөнеді. Аудандық электр желісі қызметкерлері уақытында көмек көрсетпейтіндігін сөз етті, – дейді Р.Саматов.

8

Түйін:

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері басқарма басшыларына барып, осы мәселелердің шешімін табуға жұмыстанатындықтарын алға тартты. Осындай біраз мәселелері анық көрінген алақандай ауылда барлығы оңынан шешілсе екен дейміз...

Арайлым Айденова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале