Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастырумен Орал қаласы бойынша екінші деңгейлі банк филиалдарындағы көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс орналасуына байланысты рейд жүргізілді.
Оған басқарма мамандары мен жергілікті мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. Басқарма басшысы Ерлан Ғалиев банк филиалдарының өкілдеріне ғимарат ішіндегі көрнекі ақпараттар мәтініндегі қателіктерді түзету жолын айтып, мекеме сұранысына байланысты тілші мамандар әдістемелік көмек көрсететінін жеткізді.
– Тілдерді дамыту басқармасы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп, тұрғындарға қызмет көрсететін мекемелердің «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарын сақтауын қадағалау мақсатында мониторинг жүргізуде. Ең басты мақсат – көп адам шоғырланатын мекемелерде тіл заңнамасының орындалуына ықпал ету, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Осыған байланысты банк саласының мамандарына мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге басымдық беру керектігін түсіндірдік. Мониторинг жұмысы кезінде филиалдар ғимаратының ішіндегі бірқатар көрнекі ақпараттың қазақша мәтіні қате жазылғаны, банк бөлімшесінде электронды кезекте тұрғандарға арналған дыбыстық хабарландырудың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ екені анықталды, – деді Ерлан Ғалиев.
Банк бөлімшелеріне аталған басқарма мемлекеттік тілдегі ақпараттың берілуіне байланысты олқылықтарды жою жөнінде жазбаша ескерту бермек. Тіл заңнамасының сақталуына байланысты мекеме басшылары бір ай ішінде сын-ескертпелер бойынша нақты шара қабылдауы тиіс. Мониторинг топтары бұған дейін білім, денсаулық сақтау және спорт саласындағы мекемелерде, дәріханаларда, сауда орындарында және коммуналдық төлем қабылдайтын орталық ғимараттарында болып, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының деректемелер мен көрнекі ақпараттарға қатысты 21-бабының орындалуына байланысты түсіндіру жұмысын жүргізді. 2022 жылдың І тоқсанында 450 мекемеге әдістемелік көмек көрсетілді.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz