Жыл сайын білікті маман боламын деген түлектер мамандығына сай жұмысқа тұрып, университет немесе колледж қабырғасында алған білімдерін іс жүзінде пайдалануға тырысады. Сондай жас мамандардың бірі – Мирас Сисенов. Мирас бүгінде Африка құрлығындағы Камерун мемлекетінде аудармашы болып қызмет атқарып жүр.
Ол 2015 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың филология факультеті шет тілдер кафедрасында екі шет тілі мамандығына оқуға түскен. Оқу жылы басталған шақта екінші шет тілін таңдауға мүмкіндік беріледі. Мирас ағылшын тілімен қатар француз тілін таңдаған. Оның мұндай таңдау жасауына себепші болған, университеттегі ұстазы Гүлжиян Меңдіғалиқызының француз тілінде оқып берген екі шумақ өлеңі екен. Сонымен қатар ұстаздары Болат Ажығалиұлы, Салтанат Болтанқызына да француз тіліне деген махаббатын оятып, сол тілдің мәдениетімен таныс қылғаны үшін алғысын білдіреді. Осылайша, таңдаған мамандығына деген ерекше сүйіспеншіліктің арқасында 2019 жылы оқу орнын жақсы аяқтайды.
– Университет қабырғасында алған білімімді әрі қарай жалғастырмақ ниетпен, магистратураға түскім келді. Әсіресе шетелге шығып, көкжиегімді кеңейтіп, үйренген тілдерімді өмірде қолдансам дедім. Бастапқыда Еуропа, Америкаға шыққым келді. Алайда мен оқу аяқтаған жылы карантин басталып, көптеген мемлекетке жол жабылып қалды. Көбі онлайн оқуды ұсынды, бірақ мен шетелге шыққым келді. Осылайша магистратураға оқуға мүмкіндік болмады. Содан уақытты босқа құртпайын деп Астана қаласындағы №18 мектепте мұғалімдік мансабымды бастап кеттім. Сол мектепте сабақ беріп жүріп, бос уақыттарда акт залында французша әндерді айтатынмын. Оқушылар мен мектеп қызметкерлері келіп, тамсанып тыңдап тұратын. Бір әріптесіміз французша білетінімді естіп, маған ұсыныс тастады. Онымен бір топта оқыған жігіт Африканың Камерун деген жерінде жұмыс істейді екен. Камерун халқы толығымен французша сөйлейді. Сол жігіт қасына француз тілінен аудармашы іздестіріп жүрген көрінеді. Африка екеніне қарамастан бірден келісе кеттім. Қазір шықпасам, ешқашан шыға алмаспын деп тәуекелге бардым. Әріптесімнің досымен хабарласып бірден іске көштім. Оқу жылының соңы да болып қалған еді. Мектеп басшылығына өзімнің ниетім туралы хабарладым, оларда ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Мерзімдік демалысымды алға жылжытып, жұмыстан ерте шықтым. Мені шақырған «Камерун-Түрік құрылыс» компаниясы болатын. Керекті құжат тек қана жеке куәлік және вакцина алғандығымды растайтын қағаз болды. Бірден маусым айының ортасына билет алып берді. Үйдегілер де еш қарсылық танытпады. Кішкентай кезімнен еркін жүргендіктен шығар, әдеттегідей менің таңдауымды сыйлап, қолдау көрсетті. Қазіргі таңда «Дантела» құрылыс компаниясында аудармашы қызметін атқарып жүрмін, – дейді Мирас Сисенов.
Осылайша, нар тәуекелге бел буып, сонау Африка құрлығында жұмыс істеп жатқанына 10 айдай болған бауырымыз, жұмыс басталғалы жергілікті халықтың менталитетімен танысып, ешқашан үйрене алмаймын-ау деген түрік тілін де үйреніпті.
Негізгі атқаратын қызметі – жергілікті клиенттерге, компания жұмысшыларына аудармашы болу. Іс-қағаздарын жүргізу.
– Камерун қаласының, халқы жайлы айтатын дүние өте көп. Ол жақтағылар түгелдей француз тілінде сөйлейді. Табиғаты жыл-он екі ай жап-жасыл боп тұрады. Білім беру жүйесі жақсы дамыған деп айта алмаймын. Себебі бұл жақта мектептер ақылы. Ал оған барлығының бірдей жағдайы жетпегендіктен, мектепке бармайды. Сондықтан қара жұмыспен айналысады. Жоғары оқу орнын бітіргендері көбіне Францияға жұмысқа кетеді. Қазіргі таңда көптеген мектептер салынып, білім беру жүйесі қолға алынып жатыр. Алғаш көргенде камерундықтар бізді қытайлықтар деп ойлап, көп жақтыра қоймайды. Оның да өз себебі бар. Өйткені мына жақтағы компаниялардың көпшілігі қытайлықтардікі. Ал Камерун халқы оларға жалданып жұмыс істейді.
Кейде жалақыларын дұрыс бермейді, кейде уақытынан көп жұмыс істетеді сондықтан қытайлықтарды ұнатпайды. Олар ақ нәсілділерді бай деп ойлайды. Біздер таксиге мінсек, дүкеннен сауда жасасақ, кез келген заттың екі есе бағасын сұрайды. Бұл жақта жүргеніме 10 айға жуық уақыт өтті. Тұрмыс-тіршілігіне үйреніп те қалдым. Шетелге шығудағы басты мақсатымның бірі – таным көкжиегімді кеңейту, ел аралау болатын. Сол себепті бұл жақтағы көрнекті орындардың бәріне баруға тырысып жүрмін. Сондай-ақ қандас бауырларымызға қызық болсын деген ниетпен инстаграм, телеграмм және Youtube каналдарында блок жүргіземін. Жуырда футболдан Африка кубогі үшін өткен ойынға көк Туымызды алып бардым. Қазақстанның Туын көрген бірқатар адамдар қызығушылық танытып, қандай мемлекеттен екенімді сұрап жатты. Тіпті кейбір камерундықтар орысша біледі екен. Туымызды танып, орыс тілінде сұрақ қойғанда, туғаныңды көргендей қуанады екенсің. Әйтпесе, бұл жақтан жанымдағы әріптесім екеумізден басқа қазақ көрмедім, – дейді жерлесіміз Мирас Сисенов.
Мирас бір-екі жыл сол жақта жұмыс істемек ниетте екен. Ендеше, қандасымыздың жұмысына сәттілік тілейміз.
Бақытжан Серіков,
М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың IV курс студенті
zhaikpress.kz