28.04.2022, 10:30
Оқылды: 145

«Декретке миллионмен»

Әлеуметтік желілерде «Декретке миллион теңгемен шығу» туралы айтатындар көп. Олардың  «Декретке  миллионмен» атты онлайн марафондарынан көз сүрінеді. Бірінің парақшасына тіркеліп едім, кеңесші өзін жеке кәсіпкер Балнұр Өтеғалиевамын деп таныстырды. Мені жеке кәсіпкерлікке жұмысшы ретінде тіркейді екен. Ай сайын зейнетақы мен әлеуметтік сақтандыру  қорына деп оған 30-40 мың теңге аударып отырсам, босанғанда есепшотыма миллион теңге түсетінін айтып, уәдені үйіп-төкті. Тіпті мұндай көмегі үшін ақы да алмайтынын айтты. Ақкөңіл  ме, әлде алаяқ  па? Миллион теңге сөз болғанда тегін дүние жоқ, бұл не деген батпан құйрық дедім іштей. Алайда кей келіншектер декретте де мол ақша алу үшін алдын ала дайындалады екен.

photo_2389

tengrinews.kz

Жүкті келіншектерге қандай әлеуметтік төлемдер тиесілі?

 Елімізде барлық жүкті əйелге  бірдей төленетін жəрдемақылардан бөлек, әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. Пысық келіншектер соны пайдаланатын көрінеді. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» БҚО филиалының директоры Арман Елдесовпен тілдескен едік. Оның айтуынша, келіншектер жүктілік пен босануға байланысты мемлекеттік біржолғы жәрдемақыны, бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны (бір жасқа толғанға дейін) және жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін біржолғы әлеуметтік төлемді (декреттік төлемдер) ала алады. Елімізде ана мен баланы әлеуметтік қорғау кешенді түрде мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының есебінен көрсетіледі. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде берілетін демалыс басталған күннен бастап есептеледі. Еңбекке жарамсыздық күндерінің саны ҚР Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес белгіленген. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің жұмыс істеген жылы үшін қорға аударған әлеуметтік аударымдарға және жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты болады. Бала дүниеге келгенде мемлекеттік бюджет есебінен бір реттік жәрдемақы төленеді. Биыл бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша 116 394 теңге, ал төр­тінші және одан көп балаға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге (2022 ж.: АЕК = 3 063 теңге) көлемінде төленеді.

Декреттік демалыс қашан басталады?

Елімізде декреттік демалысқа болашақ аналар жүктіліктің 30-аптасынан шығады. Ядролық сынақ әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдер – 27 аптадан бастап. Егер болашақ ана ресми түрде жұмыс істесе, онда оған жүктілік және босану бойынша демалыс беріледі. Бұл демалыстың ұзақтығы – 126 күн (босануға дейін 70 күнтізбелік күн және босанғаннан кейін  56 күнтізбелік күн). Қиын босанған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда 140 күн (босануға дейін күнтізбелік 70 күн және босанғаннан кейін күнтізбелік 70 күн) беріледі. Бұл демалыс еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бала туылғаннан кейін үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс қарастырылған. Сондай-ақ ол еңбек өтіліне есептеледі, бірақ жалақы сақталмайды. Осындай демалыс бала асырап алған ата-анаға да беріледі.

Ең көп төлемді қалай алуға болады?

Арман Тілепұлының айтуынша, ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңына сәйкес максималды төлем алу үшін қандайда бір әрекет ету деген түсінік және декреттік демалысқа дайындықты бастау деген негіз қарастырылмаған. Заңның 19-бабының 7-тармағына сәйкес жүктiлiкке және босануға байланысты табысынан айырылған кезде әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік  бар. Бұл әлеуметтік төлемді алудың алғышарттарының бірі жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек шарты аясында Қорға әлеуметтік аударымдардың түсуі маңызды. Егер жүкті әйел жалдамалы қызметкер болса, онда жұмыс берушіден мынадай жарналардың аударылғанына көз жеткізуі қажет.

– Міндетті зейнетақы жарналары;

– Міндетті медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар;

– Әлеуметтік аударымдар.

Әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты Egov.kz (ЭЦҚ немесе мобильді базада тіркелген ұялы нөмір болған жағдайда) мобильді қосымшасынан анықтауға болады. Әлеуметтік төлем нақты ай сайын жалақы алып және декреттік демалысқа шыққан, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің  қатысушысына тағайындалады.  Бір төлеушіден түсетін әлеуметтік аударымдар (бұдан әрі – ӘА)   ең төмен жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерден аспауы тиіс.  Мысалы, айлық жалақысы 500 мың теңге жұмыскер үшін ӘА= 7 * ЕТЖ * 3,5% = 7 * 60 000 теңге * 3,5%= 14 700 теңге­ден (2022 ж.: ЕТЖ  = 60 000 теңге) аспауы тиіс. Егер айлық жалақы ЕТЖ мөлшерден кем болған жағдайда, онда әлеуметтік аударымдар ЕТЖ мөлшері негізінде төленеді (ӘА = ЕТЖ * 3,5% = 60 000 теңге * 3,5%= 2 100 теңге).

Осылайша, заңда әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғарғы мөлшері анықталған. Декреттік төлем мөлшері нақты Қорға түскен әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі.

Қосымша табыс көзін тапқан абзал

Осы орайда жоғарыда айтқан Балнұр есімді кеңесшінің сөзіне құлақ түрсек. Оның айтуынша, әйел адам бала күтіміне байланысты берілетін бір реттік жәрдемақыға бір миллион теңге алу үшін ресми түрде екі жерде немесе ұйымда жұмыс істегені абзал. Немесе жұмыспен қатар бизнесті жүргізгені  жөн. Мысалы, негізгі жұмыстан бөлек  бос уақытыңызда үйде торт пісіріп, табыс табыңыз. 2023 жылға дейін жеке кәсіпкерлер салық төлеуден босатылғанын ескерсек, декреттік төлемдерді алу үшін ЖК ретінде тіркеліп, жыл бойы ай сайын мынадай төлемдерді аудару қажет:

  1. Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
  2. Әлеуметтік аударымдар;
  3. Міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру (МӘСМ) қорына жарналар.

Егер ЖК ретінде айына 297 500 теңге табысыңыз болса, онда сіз ай сайын:

  1. МЗЖ – 29 750 теңге;
  2. Әлеуметтік аударымдар – 10 413 теңге;
  3. МӘМС бойынша жарна

2 975 теңге аударуыңыз керек.

Барлығы: ай сайын 43 138 теңге аударылады. Бұл қосымша жұмыс негізінде қарастырылады.

МӘМС қорынан декреттік төлемдерді кімдер алады?

ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңның 7-бабына сәйкес, бала күтіміне байланысты төлемдерді:

1) жалдамалы жұмысшылар, сондай-ақ ақы төленетін өзге жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) келіншектер;

2) жеке кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтарының  басшылары;

3) жеке практикамен айналысатындар;

4) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар;

5) ел аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ қандастар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады. Оларға қатысты соңғы 12 айда қорға әлеуметтік аударымдар түскен болса және ол декреттік демалысқа шықса, әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.

Жүкті әйелге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

ҚР Еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес, жүктi келіншектер, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) өзі тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналарды жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына немесе штат санын қысқартуға байланысты жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді. Жүкті әйелдердің еңбек құқығы ҚР Еңбек кодексінде қарастырылған. Онда жұмыс беруші жүкті әйелді түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тарта алмайды, сондай-ақ жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақырта алмайтындығы жазылған. Егер медициналық қорытындысы болса, жұмыс беруші жүкті әйелді орташа жалақысын сақтай отырып, зиян және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыруы тиіс. Өтініші бойынша жұмыс беруші жүкті әйелге толық емес жұмыс режімін белгілей алады.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

[email protected]

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале