Өңірімізде Балалар жылын атап өту үшін 4,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кезекті лездемеде облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлімдеді.
Кеңесте өңірдің бас педагогі Балалар жылын өткізу жөніндегі жеті бағыттан тұратын арнайы жоба дайындалғанын атап өтті. Қазынадан бөлінген қаражат бүлдіршіндердің білім алуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға, спорт пен шығармашылықты дамытуға жұмсалмақ.
-Балалар үшін жайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру – негізгі міндеттердің бірі. Ол үшін жаңа әрі қазіргі заман талаптарына сай келетін мектеп құрылыстары жүргізілуде. Биыл Бәйтерек ауданының Янайкин ауылындағы Т. Бигелдинов атындағы мектепке 130 орындық жапсарлас ғимарат пен Орал қаласында 300 орындық №18 мектеп құрылысы пайдалануға берілді. Одан бөлек, апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында Казталов ауданының Казталов, Жұлдыз, Сарықұдық, Бәйтерек ауданының Жамбыл, Щапов ауылдарында білім ордалары бой көтеруде. Жаңа мектептерде 1521 оқушы білім алады деген жоспар бар. Аталған білім мекемелерінің құрылысы аяқталған жағдайда апатты және үш ауысымды мектепте оқитын жеткіншектердің саны азаяды, – деді Айгүл Әділгерейқызы.
Жалпы облысымызда балаларға қамқорлық көрсету жақсы жолға қойылған. 2022 жылы 10 наурыз күні Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылып, ол жерде 129 бала диагностикадан өткен. 91 бала арнайы бағдарламалар бойынша емделуге жіберілген. Сондай-ақ «Ерте қолдау», «Оқыту дағдыларын дамыту», «JASPER» сөйлеу дағдыларын дамыту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту», «Қарқынды курс» бағдарламалары аясында оқыту тобы жүргізілуде.
Жазғы демалыс кезінде өңірімізде 608 лагерь жұмыс істемек. Облыстағы 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны – 102 867. Жаз мезгілінде олардың 97 236-сы түрлі бағыттағы жұмыспен және лагерьлермен қамтылмақ. Жеткіншектерді жүзуге үйрету мақсатында 31 модульді-каркасты бассейн болса, оның 29-ы пайдалануға берілген.
Биыл жазғы демалысты ұйымдастыруға 45,1 млн теңге қарастырылыпты.
– Күні бүгінге дейін облыстық, аудандық, қалалық, мектепішілік 1783 іс-шара өтті. Оған 100 320 оқушы қатысты. Балалар жылын лайықты деңгейде атап өту мақсатында 11 адамнан тұратын облыстық штаб құрылды. Жоспарға сәйкес және жоспардан тыс өткен іс-шаралар бойынша ақпарат жинақталып, мониторинг жүргізілуде, – деді Айгүл Мыңбаева.
Өңір басшысы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын жазғы сауықтырумен қамту, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерін еңбек лагерьлеріне тарту іс-шараларын қолға алуды тапсырды.
Өңірде 18 жасқа дейінгі балалар саны 200 мыңнан асып жығылады. Оларға 37 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтың айтуынша, бекітілген жоспарға сай «Жарақатқа жол жоқ», «Жарақатсыз өмір» сияқты іс-шаралар жалғасын табады екен. Осы айда Сырым, Бәйтерек, Тасқала және Теректі аудандарындағы балаларға профилактикалық тексеру ұйымдастырылмақ.
Жиында спорт және мәдениет басқармаларының да Балалар жылына әзірлеген жоспарлары тыңдалды.
– Облыстық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасы Балалар жылындағы іс-шараларды толық әрі сапалы жүзеге асыруы тиіс. Балалардың қатысуымен өтетін әр іс-шараның басты міндеті – қауіпсіздік. Сондықтан білім, денсаулық сақтау басқармалары, полиция департаменті осы мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Аудандар мен Орал қаласы әкімдері, білім басқармасы әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларын сауықтыру, демалу және жұмыспен қамту іс-шараларын кең көлемде жүзеге асыруды қамтамасыз еткені абзал. Аудандар және Орал қаласының әкімдері, дене шынықтыру және спорт басқармасы елді мекендерде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын ашуға және жазғы кезеңде толық пайдалануына үлкен мән берсін, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Бала денсаулығы – ұлт саулығы. Сол себепті өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына шалғай елді мекендердегі балалардың денсаулығын скрининг арқылы тексерумен толық қамту мақсатында жылжымалы медициналық пунктерді іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында балаларды танымдықсаяхаттарға ауқымды түрде тартуды қамтамасыз ету ісіне де үлкен мән берілу керектігін айтқан Ғали Нәжімеденұлы облыстық мәдениет басқармасына аталған іс-шараны ұйымдастыру жайын қолға алу керектігін жеткізді.
Жиын қыс маусымына мал азығын дайындау жайы да сөз болды. Қазіргі таңда шөпке орақ түсті. Қолда бар малға миллион тоннадан астам шөп дайындау керек. Былтыр шөп шапқан шаруа әр гектарынан 4 центнер өнім алған. Биылғы қолайлы ауа райы шөп шығымына да жақсы әсер еткен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, биыл шаруалар мал азығынан таршылық көрмейді.
– Биыл өткен жылдардағыдай емес, 55,7 мың гектар көлтабан мен табиғи шабындықтар көктемгі қар суынан нәр алды. Бұл шабындыққа оң әсер етті. Салыстырмалы түрде алып қарар болсақ, былтыр бар болғаны 2,2 мың гектар жер суландырылған еді. Осы ретте шаруалар берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, қыстан қорықпай шығатындай мал азығын дайындауы керек, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.
Шыны керек, соңғы жылдардағы қуаңшылық арқаны кеңге салып, мал азығын толыққанды жинап алуға мүмкіндік бермеді. Жаздың аптабы әлі алда. Сол себепті қазіргідей жайма-шуақ уақытта жыл жарымға жететін мал азығын дайындап алған жөн.
Биыл шөп шығымы жоғары екенін айтқан облыс басшысы шөп сатып отырған шаруаларға 1 бума шөп бағасын 5 мың теңгеден асырмай сатуды ұсынды. Сондай-ақ Ғали Нәжімеденұлы ауылдық округ әкімдері де елді мекендердегі мал азығын дайындаушылар, шаруашылықтар және тұрғындардың қатысуымен түсінік жиналыстарын ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.
– Өрт қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аудандар аумағында барлық ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайынғы техникалық тексеруден өткізудің арнайы кестесін жасақтап, уақтылы өткізсін. Техникалық тексеруден өтпеген бір де бір техника далалық жұмыстарға шығарылмауы тиіс. Елді мекендерде шөп шабу бригадаларын құрып, оларға қажетті жер телімдерін бөлуді аудан аумағында техникалық кәсіптік оқу орындары, АШӨК, және т.б. қажетті техникалары бар ұйымдарды мал азығын дайындауға тартуды ұйымдастыру ісі де басты назарда болғаны абзал. Шөпті жергілікті тұрғындарға арзандатылған бағамен сататын шаруашылықтарға немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекеттік және орман қорларынан мүмкіндігіне қарай шабындық бөлу жайы да қарастырылсын, – деді облыс басшысы.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz