30.06.2022, 10:45
Оқылды: 103

Тілсіз әлем һәм тәрбие құралы

Ұрпақ – ұлттың болашағы. Қазіргі балалар – ертеңгі мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын, белгілі бір саланың тізгінін ұстайтын мамандар. Бала тәрбиесіне тікелей ата-ана жауапты. Ал толыққанды білім алып шығуына мемлекет мүмкіндік жасайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды деп жариялап, жас жеткіншектердің қауіпсіз ортада өсіп-өнуі, бала құқығының сақталуы, денсаулығы, білім алуы және әлеуметтік көмек аясында нақты жобалар жасауды Үкімет басшысына тапсырған болатын. Сонымен қатар мемлекет басшысы аталмыш жоба құр уәде, мерекелік іс-шаралармен шектелмеу керектігін жеткізді. Орал қаласында осы бастама бойынша бірқатар жұмыс жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз. Жуырда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыгүл Сағыновамен алдағы уақыттарда атқарылатын іс-шаралар жөнінде әңгімелестік.

IMG_4234

Нұрлыгүл Аяпқызы кітапханашы болуға бала күнінен құмартқан. Оқушы кезінде кітапханаға жиі барған. Кітапханашы Бәтима апай оны қарапайымдылығымен баурап, оқыған кітабы жайлы ой-пікірін сұрап отырыпты. 1989 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық университетінде кітапханашы мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылында бастаған ол бүгінгі таңда облыстық кітапханада талмай  еңбек  етуде.

– Әрбір мамандықтың өзіне тән ерекшелігі бар. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар кездеседі. Адам өз мамандығын жақсы көрсе ғана бәрін қабылдап, жеңіп шығады. Мақсатымыз – адамды рухани тұрғыда байыту. Кітапханашы жұмысының қаншалықты жауапты екенін көпшілік түсіне бермейді. Кітап – сөредегі тілсіз әлем. Ал оны сөйлету – кітапханашының негізгі міндеті. Кітапханамызда кітап өте көп. 2021 жылғы есеп бойынша жалпы саны – 365 240. Биыл жылдағыдай жаңа кітаптар келіп жатыр. Қазіргі таңда қазақ әдебиетіне сұраныс жоғары. Оқырманның қызығушылығы – басты назарда. Біз – олардың сұранысын қанағаттандыруға міндеттіміз. Ақпаратты іздеуге арналған дәстүрлі және электронды каталог бар. Анықтама бөліміндегі мамандар оқырманның қалаған кітабын тауып беруден жалыққан емес, – деп әңгімесін бастады ол.

Оның мәлімдеуінше, кітапханаға жастар жиі келеді. Оқырмандардың кітапханаға келудегі мақсаты да түрлі. Бірі кітап оқыса, бірі өзіне берілген тапсырмамен шұғылдануға, белгілі бір жоба бойынша жұмыс жасауға келеді. Мотивациялық және психологиялық кітаптар көп оқылады. Себебі – жастар тұлға ретінде қалыптасу жолында көп ізденеді. Көркем әдебиет те жақсы оқылады. Ата-ана кітапханаға тіркелгенде балаларын бірге тіркей алады. Балаға керек кітапты ата-ана өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Бұл балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырады. Ата-аналардың кітапханаға келетін уақыты бола бермейді. Осы орайда кітапхана ұжымы мектептен тыс мекемелерді аралайды. Ондағы мамандардың қандай кітап оқитынын сұрап, апарып береді.

– Бала жүрегі аппақ парақ секілді. Олар не айтсаңыз, соны санасына жазып алады. Сондықтан дұрыс тәрбие, пайдалы ақпаратты жиі айтқан жөн. Ата-аналардың балалардың ғаламторда ұзақ уақыт бойы отыруына рұқсат бермегені дұрыс. Әрине, әлеуметтік желінің де пайдалы тұстары бар. Бірақ онда не болса, соны жазып отыратындар, өтірік мағлұмат тарататындар жетерлік. Оқушылар үй тапсырмасын интернеттен көшіріп ала салады. Екі күннен соң сол тақырыпты қайта сұрасаң, ештеңе айта алмайды. Өйткені ол еңбектеніп, ізденген жоқ. Сәл де болса, тақырыпты өз бетінше меңгеруге тырысса, әңгіме басқа. Ата-аналар мен мұғалімдер баланы кітаппен жұмыс жасауға үйрету керек. Өзім бала тәрбиелеп отырған анамын. Баламен көп сырласып, әңгімелескен дұрыс. Ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас жеке тұлғаның қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Бала жылуды ең бірінші үйден көру керек. Сонда ғана саналы ұрпақ өседі. Кішкентайынан бастап оқуға құмар болған ұл-қыздан білікті мамандар шығады. Анасы оқыған ертегі баласының жүрегін жібітпей, санасына сіңбей қоймайды. Оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы жарқын болашаққа жол саламыз, – дейді Нұрлыгүл Сағынова.

Кітапхананың жоба-жоспары өте көп. Көбінесе ғылым, көркем әдебиет, өлкетану, өнер бағыттарындағы кітаптарды насихаттайды. «Ғалымдар кітапханада» деген ерекше жаңа жоба бар. Мақсаты – жас ғалымдарға қолдау көрсету. Жоба арқылы оқушылар ғалымдармен кездесіп, пікір алмасады. Ғылым саласында еңбек етіп жүрген мамандар жас жеткіншектерге ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуден шаршаған емес. Жалпы, кітапхана жас оқырмандармен тығыз қарым-қатынаста. Түрлі іс-шаралар оқушыларды кітап оқуға шақыруда. Олар арасында ақын-жазушылармен де кездесіп, кітап және оның жазылуы, әсерлі шығармалар жөнінде ақпарат алады. Осылайша кітапхана мамандары ақын-жазушы болғысы келетіндерді аға буынмен таныстырады. Кітапханашылар Назарбаев зияткерлік мектебінде физика-математика бағытында оқитын оқушыларға көптеген әдеби кітаптар жіберіп тұрады.

– Кейбір адамдарда кітапханаға оқырман бармайды деген біржақты түсінік қалыптасқан. Өйткені кез келген ақпаратты әлемді бір оқ атпай жаулап алған ғаламтордан таба аламыз деп ойлайды. Бұл, әрине, жаңсақ пікір. Кітапхананы халық жақсы көреді. Оның бір дәлелі – коронавирус індеті өршіген кезде үйде отырған халық кітаппен достасты. Оқырмандарымыз көбейіп, жұмыс қызды. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан» дегеннің мәні осында. Бала кезден кітапты серік еткен адам ақымақтыққа жол бермейді. Кітап – адамды ұрып-соқпай тәрбиелейтін құрал. Бала кітаптағы кейіпкерлерді тану арқылы өмірде жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің ара­жігін ажырата алады. Түрлі романдар, өлеңдер, ертегілер – баланы адал жолмен еңбек етуге үйретеді. Сондықтан балалар жылында құр уәделерді құртып, нақты нәтижеге жұмыс істеп, бала тәрбиесіне баса назар аударайық! – деді Нұрлыгүл Аяпқызы.

Перизат Сариева,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале