Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі туризмді дамыту және жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсарту бойынша мәселелер талқыланды. Кезекпен сөз алған жиын қатысушылары туризмді дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар маңызды мәселені қаузады.
– Туристер санын арттыру үшін туризм нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі уақытта Бөкей ордасы ауданында орналасқан «Хан ордасы» музей-қорығына апаратын жол жөнделуде. Чапаев – Жаңақала - Сайқын, Өнеге – Бисен – Сайқын – РФ шекарасы аутожолдарын жөндеу жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Содан кейін Бөкей ордасы ауданына баратын туристер санын 50 мыңға жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Биылғы жартыжылдықта туризм, мәдениет және спорт салаларына 1,3 млрд теңге бөлінді. Аудан әкімдіктері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалымен бірлесіп, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын, оның ішінде санитарлық-гигиеналық тораптарды тексеруі тиіс. Және инвесторларды тарта отырып, туристік нысандарға абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алу керек, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов туризмді дамытудағы музейлердің рөлі жайлы ой қозғап, өңіріміздегі тарихи нысандар жөнінде мәлімет берді. Теректі ауданының әкімі Тілекқабыл Ғабдушев пен Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов өздері басқарып отырған аудан аумағында орналасқан тарихи орындар туралы айта келе, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізді.
– Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі орындарының қатарына енген «Хан ордасы» музей-қорығына жылына 21 мыңнан астам адам келеді. Карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін келушілер саны одан сайын артуда. Кешенді даму жоспарын жасақтадық. Ондағы мақсат – Бөкей ордасының тарихын және табиғатын көпшілікке көрсету, инвесторлар тарту арқылы дамыған туристік инфрақұрылым жасақтау, қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің санын көбейту. Бұл жоба-жоспар алдағы уақытта логистиканы дамыту, ауылды абаттандыру, тарихи ғимараттарды қайта қалпына келтіру, келушілерге түрлі қызметтерді көрсету бағыттары бойынша жүзеге асырылмақ. 2025 жылға дейін музей-қорық аумағындағы 13 тарихи ғимарат қайта қалпына келтіріледі, – деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.
Өздеріңізге белгілі, өңірімізде тарихи-мәдени орын өте көп. Сол нысандарды туристерге таныстыру үшін қызметтің түр-түрін пайдалану шарт.
– Облыс бойынша қай жерде, қандай іс-шара болатыны алдын ала дайындалып, оқиғалар күнтізбесі жасақталуы керек. Наурыз мейрамы мен бүркітшілер сайысы туристерді қатты қызықтырады. Осы екі іс-шараны ұйымдастырып, өтетін уақытынан алты ай бұрын Ресейдегі туристік ақпарат беру орталықтарына мәліметін жолдасақ, олар азаматтарды бізге жіберуге мүмкіндік туғызуға дайын. Облыстық мәдениет және спорт басқармасына осындай ұсынысымыз бар. Есім хан, Айшуақ хан, Жантөре хан, Жұмыр-Сасық, Үкі би кесенелері секілді 30 шақты кесене мемлекеттік қорғауға алынбаған. Жолсілтемелері жоқ және нысандарда көбіне ешқандай ақпарат болмайды. Оның қандай орын екенін көрсететін билбордтар, ақпараттық тақталар орнатылса, жақсы болар еді. «Хан ордасы» музей-қорығында археологиялық бөлім ашылса екен. Облысымызда бірнеше қорықша бар. Соған аудандық мәслихат кіру жарнасын бекітеді. Оны төлеу өте қиын. Сондықтан кіру жарнасын мобильді қосымша арқылы төлеуге мүмкіндік жасағанымыз дұрыс. Қорықшалардағы билбордтар ескірген. Туристерді Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылының маңында орналасқан Шолохов саяжайына да алып бардым. Ол жерде Шолохов жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Тіпті суреті де ілінбеген. Ақжайық ауданында В. И. Чапаев атындағы Ақжайық тарихи-өлкетану музейі бар. Бірақ Орал – Атырау аутожолы бойында аталмыш ауылда мұражай бар екенін көрсететін ешқандай белгі жоқ. Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылындағы Құныскерей үңгірі құлаған. Оған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу керек, – деген «Атамекен» қалалық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Айболат Құрымбаев туризм мамандарын дайындайтын оқу орындарындағы оқытушылармен бірге жұмыс жасау керек екенін тілге тиек етті. Себебі олар тәрбиелеп жатқан студенттер аталған нысандар жайлы біліп жүруі тиіс. Сонымен қатар Айболат Шамұратұлы облысымызда өтіп жатқан неше түрлі іс-шараның бағдарламаларына міндетті түрді экскурсияны қосуды ұсынды.
Жиын барысында электронды билеттеу және саябақ аумағындағы кәсіпкерлердің бақылау-кассалық машиналармен толық қамтамасыз етілуі жөнінде де сөз қозғалды.
– Қазіргі уақытта облыста билет сатудың 2 қызметі бар – Ticketon және ticket07.kz. Ticketon жүйесі – елдегі ең ірі сервистік өнім. Ticket07.kz – жергілікті өнім (TORUS.KZ). Билет сату қызметінің болуына қарамастан, қазіргі таңда барлық ұйым билеттерді жүйе арқылы толық сатпайды. Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын ұйымдар онлайн сипатта билеттердің тек бір бөлігін ғана сататыны, ал негізгі үлесі бұрынғыдай электронды есеп (биллинг) жүргізілмейтін дәстүрлі кассалар арқылы сатылатыны анықталды. Бұл ұйымдардың көпшілігінде электронды есеп жүйесі (биллинг) жоқ. Кейбірінде банктік аударым арқылы төлем жасау қарастырылмаған. Бұл тұрғындарымызға қолайсыздық туғызуда. Өйткені билетті онлайн сатып алу мүмкіндігі жоқ, – деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Амандықов.
Сонымен қатар Ерлан Мұратұлы қалалық мәдениет демалыс саябағының жұмысына тоқталды. Жаз басталғалы саябақтың жұмысына қатысты өңір тұрғындарынан бірнеше өтініш-шағым түскен. Соған байланысты саябақта қызмет көрсететін кәсіпкерлерге тексеріс жүргізілген. Саябақта төлемдер қолма-қол ақшалай немесе «Каспи аударымы» арқылы жүргізіледі және түбіртек берілмейді. Сондай-ақ тексеріс барысында катамаран мен батутта кәмелетке толмағандардың қызмет көрсететіні анықталған.
Өз кезегінде Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Шиниязов жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсарту мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Тарихи орындар жайлы ақпарат ескі немесе қызық емес. Бізде бәрі бар, тек жүйелі жұмыс жоқ. Менің ойымша, өңірдегі музейлердің туризмді дамытудағы рөлі ерекше. Облысымызға басқа өңірлерден, тіпті, өзге елдерден туристер келіп жатады. Олар ең бірінші музейлерге барады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесіп, инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыруы керек. Қаражаттың ашықтығы мен есебін қамтамасыз ету үшін билеттерді электронды сатуға көшу керек. Тиісті тапсырманы орындамаған басқарма басшысына қатаң ескерту жасауды тапсырамын. Қала әкімдігі облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, кәсіпкерлердің ақшалай есептесу кезінде бақылау-кассалық машиналарын қолданбау немесе есепте жоқ бақылау-кассалық машиналарын пайдалану деректері бойынша қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін аттракциондардың қызметі тексерілуі керек. Аудан орталықтарында және халқы 4000 адамнан асатын ауылдарда жолаушыларға модульдік қызмет көрсету пунктін орнату қажет, – деп Ғали Нәжімеденұлы жиынды қорытындылады.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz