3.08.2022, 10:45
Оқылды: 184

Бүгін – Халықаралық қарбыз күні!

Дәмі тіл үйіретін, жесең шөліңді басатын бұл жеміс туралы не білеміз?

Жаз шығысымен біз бәріміз түрлі жеміс-жидектер пісетін маусым деп қуанатынымыз да рас. Сол жемістердің ішінде қарбыздың орны бөлек.

12

Фото дереккөзі: 24.kz

Қарбыз 92 пайыз судан тұрады екен. Қарбыз парсы тілінен алынған түріктің χarbuz/karpuz сөзінен шыққан. Парсы тіліндегі «харбуза» сөзі «қауын» деп аударылады және бұл сөздің дәлме-дәл мағынасы «қияр» немесе «есектің көлеміндей қияр» дегенді білдіреді екен.

Қарбыздың отаны Оңтүстік Африкадағы Калахари шөлі. Онда осы күнге дейін салмағы шамамен 200 грамм болатын кішкентай жабайы қарбыздарды кездестіруге болатын көрінеді. Осыдан 4000 жыл бұрын қарбызды Ежелгі Египетте өсіре бастаған. Кейінірек Парсы (Иран), Арабия, Үндістан және климаты құрғақ және ыстық басқа да Азия елдерінде қарбыз өсіріле бастады.

Біздің Қазақстанда Оңтүстік өңірлерде қарбыз көп өсіріледі. Және климаттық жағдайына байланысты ол жақтың қарбызы ерте піседі.

Ал, өзіміздің БҚО бойынша қарбыздың отаны – Тайпақ саналады. Ол жақта бұрыннан қарбыз өсіретін ірі қожалықтар бар. Тайпақтың қарбызы шілденің аяғы мен тамыздың басында піседі.

Біздің өңір қарбызды көптеп өсіргенімен Қытайлықтарға жете алмай келеміз.

Әлем бойынша қарбыз өсіруден Қытай бірінші орында тұр. Ол жақта бұл кәсіп өте қатты дамып кеткен. Олар өнімді көп елдерге экспорттайды.

Ал, екінші орында Түркия тұр.

Қазір қарбыздың нағыз піскен шағы. Орал қаласы бойынша ала жемістің бағасы 130-150 теңгенің айналасын құрайды.

Қарбызға қатысты дәстүр де, қызықты дерек те баршылық. Соның ішінде  Вьетнамдықтар үшін қарбыз сәттілік белгісі.  Олар вьетнамдық Жаңа жылды тойлау барысында дастарханға міндетті түрде қарбыз қояды. Қарбыздың қызыл түсі сәттілік әкеледі деп есептеледі. Ал қарбыз тұқымын тіскебасар ретінде қолданады.

Украинаның Херсон облысында қарбызға арналған ескерткіш бар. Херсон қарбыздары бүкіл Украинада және одан тыс жерлерде бұрыннан танымал болған.

IMG-20220803-WA0028

Қарбызды қысқыға арнап тұздайтын әжелер бар екен. Ол үшін орташа үлкендіктегі қарбызды үш бұрышты етіп турап, кейін жақсы тазаланған банкіге салып, ыстық су құяды. Үстіне қалауыңыз бойынша қант пен тұз себесіз де жауып тастайсыз. Бұл рецептіні бізге Оралдық Рада есімді тұрғынның әжесі айтып берді. Ол бір маусымда оншақты банкі қарбыз тұздайды екен.

Қарбыздың 1200 ден астам түрі болатын көрінеді. Сары қарбыз, қара қарбыз да өсірілетін елдер бар екен.

Жапонияда қара қарбыздар сән-салтанат ретінде саналады және әдетте сыйлық ретінде беріледі. Нарықта және дүкенде олардың орташа бағасы шамамен 250 долларды құрайды. Ал,  2008 жылдың маусымында салмағы 8 келі тартқан қарбыздың алғашқы өсірілген жемісінің бірі аукционда 650 000 жапон иенына сатылыпты. Бұл қарбызды сірә, Жапонияда және бүкіл әлемде сатылған ең қымбат қарбыз деп атауға болатын шығар.

Жапондықтардың тағы бір өнертабысы – төртбұрышты қарбыздар. Алғашқы төртбұрыш қарбыздар 30 жыл бұрын Жапонияның Сикоку аралындағы Кагава  префектурасында өсіріліпті. Содан кейін олар БАӘ, Бразилия, Ұлыбритания және басқа да Еуропа елдерінде пайда болды екен. Қарапайым дөңгелек қарбыздар жиі домалап кетеді және оларды тоңазытқышта сақтау немесе тасымалдау ыңғайсыз. Сондықтан, жапондық фермерлер текше тәріздес арнайы шыны ыдыстарға қарбыз түйінін салып, өсіре бастаған.

Қарбыздың орташа салмағы 5-тен 10 келіге дейін тартады. Бірақ, кейде бұдан аз немесе көп болады.Әлемдегі ең үлкен қарбыз АҚШ-та өсірілді. Арканзас штатынан шыққан америкалық фермер Ллойд Брайт 2005 жылы салмағы 122 кг болатын Каролина-Кросс сұрыбының қарбызын өсірді екен. 2006 жылдың көктемінде бұл қарбыз Гиннестің рекордтар кітабына енген көрінеді.

Қарбыз аз калориялы өнім. 100 грамм қарбызда небары 30-38 калория болады екен. Оның үстіне, қарбыз – пайдалы диеталық өнім. Тіпті, ағзадағы токсиндер мен уытты заттарды шығарып, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартатын және салмақ тастауға көмектесетін «қарбыз диетасы» да бар.

Дәрігерлер, қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда, ересек адам тәулігіне 2-2,5 келі балғын қарбыз жей алады деп есептейді.

Ал, Сіз қарбызды сүйіп жейсіз бе? Қарбыз туралы тағы не білесіз? Ойыңызбен бөлісіңіз....

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале