25.08.2022, 19:50
Оқылды: 46

Жаяу жүріп Жайыққа жетті

Бүгін Оралға наурыз айының аяғында Ұлытаудан бастау алған «Ұлытауға бардың ба ...» сапарымен Сәрсенбай Қотырашов келді. Сапар жоспары бойынша Қазақстанның 17 өңірін қамтуы қажет болса, Батыс Қазақстан облысы сапардың 15-ші нүктесі. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ізгі мақсатты көздеп, ұзақ сапарды жаяу бағындыруға тәуекел еткен Сәрсенбай атаны қарсы алып, арнайы кездесу ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2022-08-25 at 20.40.19 (1)

Жаңаарқаның тумасы Сәрсенбай Қотырашов –72 жаста, зейнеткер, әке, ата, екі шөбересі бар, белгілі ұста, реставратор. Саяхатшының көптен ойға алып, жоспарлап, биыл ғана жүзеге асырған жобасы еш жерден қаржыландырылмайды. «Ұлытауға бардың ба ...» саяхатына ресми түрде демеушілік көрсететін бір ғана ұйым – «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры. Қоғамдық қор мүшелері сапар барысында кез келген жерде қосылып, күнделік жүргізу, фото, бейне түсірілімдер жасауға көмектеседі, осыдан бөлек сапарды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Бүгін Сәрсенбай Қотырашовты қолдау үшін Орал қаласына қордың жетекшісі Бахтияр Қожахметов пен қор фотографы Дмитрий Ругис қосылған.

Музей төріне жайғасқан Сәрсенбай Қотырашов өз сапарының мақсаты туралы айтып берді. Ал, сапар мақсаты ауқымды, бірінші – еліміздің тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттау, екінші – Қазақстандық қолөнершілерді тіркеу және Қымыз мерекесін насихаттау. Мақсаттарының әрбіреуіне тоқталып, мәні мен маңызын түсіндіруді де ұмытпады.

WhatsApp Image 2022-08-25 at 20.40.18

- Екінші мақсатым - қолөнер шеберлерінің тізімін жасап, ЮНЕСКО-ға өткізу. Біздің қолөнеріміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда артта қалған. Мысалы, Өзбекстанды алсақ, 17 мың қолөнер шебері үкіметтің қарауында, қолдауында, Ал бізде бірде-бір шебер тізімде жоқ, қолдауда жоқ. Бар болғаны республикалық дәрежеден әрі қарай көтеріле алмайды. Шеберлер шетелдік көрмелерге, халықаралық дәрежеде өтетін шараларға жете алмайды. Сол себептен мен ЮНЕСКО-мен шартқа отырып, 1000-нан астам тізім берем деп келісім бергенмін. Сондықтан, мен қолөнер шеберлерінің тізімін түгендеймін. Егер тізімді 1000-нан асырып берсем ЮНЕСКО қолөнер шеберлеріне сайт ашып береді. Бұл оларға шетелмен емін-еркін байланыс орнатуға, дүниежүзілік, әлемдік дәрежедегі көрмелерге қатысып, шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік. Өз шығармасы, туындысы, қолөнерімен көзге түсіп жүлделі орындар алса, қазақтың туы көтеріледі. Бұл – үлкен мақтаныш, - дейді биік мақсатты көздеген Сәрсенбай ата.

Сәрсенбай ата мемлекет деңгейінде шешілетін мәселені өз міндетіне алып, Қазақстан қолөнершілерінің тізімін жасап, олардың дамуы мен өсуіне ЮНЕСКО арқылы ықпал еткісі келеді. Қазіргі күні қолөнершілер тізімі 700-ден асқан, алайда біз бұл тізімді толықтыруға көмектесіп, Сәрсенбай атаның мақсатын бір табан жақындата аламыз. Ол үшін Қазақстанның әр тұрғыны өзіміз білетін қолөнер шеберінің байланыс нөмірін «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының мүшелеріне жібере аламыз.

Егер сіз Сәрсенбай Қотырашовтың сапары жайында білгіңіз келсе, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазыла аласыз: Instagram: @Ulytaumen, Facebook: Баян Шайгозова

Ал, егер қаржылай қолдау көрсетемін десеңіз +7 777 484 93 32 нөміріне Kaspi шотына қаржы аудара аласыз.

WhatsApp Image 2022-08-25 at 20.40.19 (3)

Біз Сәрсенбай атаның сапарына қызығушылық танытқан, қолдау көрсеткісі келгендер үшін жоғарыдағы мәліметтерді жариялауды жөн көрдік.

Ал, Сәрсенбай ата болса мақсатына берік, өзіне сенімді, көңіл күйі жақсы, Қазақстан халқына разы. Себебі қай өңірде, қай қалада болмасын есімі елге танылып үлгерген саяхатшы қарияны құшақ жая қарсы алып, ас-суын әзірлеп, кір-қоңын жуып беруді, жатын орынды ұсынып, құрақ ұшқан дархан көңілді, кең пейілді азаматтар жетерлік.

WhatsApp Image 2022-08-25 at 20.40.19

- Гиннестің рекордтар кітабына енетін ойым жоқ, ең бастысы алға қойған үш мақсатымды орындасам азаматтық парызымды орындадым деп білемін, - деп аяқтады өз сөзін Сәрсенбай Қотырашов.

Альфия Шамаева, 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале